
iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
1989 жылғы Қарағанды мен Жаңаөзен және 1991 жылғы Оралдағы оқиғалар
1989 жылы Ресейдегі Кузбасс, Украинадағы Донбасс кеншілерінің ереуілін қолдай отырып, Қарағанды көмір бассейнінде істейтін жұмысшылар 20 шілдеде жұмысты тоқтатып, еңбекті ұйымдастыру мен ақы төлеуді жетілдіру, тұрмыс пен демалыс жағдайын жақсарту жөнінде бірқатар талап қойды. Қарағанды, Абай, Саран және Шахтинск қалаларының көшелерінде көп адам қатысқан митингілер болып өтті.
Ереуілдің негізгі себептері КСРО Көмір өнеркәсібі министрлігі мен «Қарағандыкөмір» өндірістік бірлестігінің қалалар мен жұмысшы поселкелері еңбекшілерінің әлеуметтік мұқтаждықтарын елемеуі, Қарағанды бассейнін дамыту жөніндегі партия мен үкімет шешімдерінің үнемі орындалмауы, шаруашылық реформасының баяу жүзеге асырылуы болды. Ереуіл кезінде қалалық, облыстық ереуіл комитеттері (кейін жұмысшы комитеттері) құрылып, олар кеншілердің негізгі талаптарын ұсынды. Оларды талқылауға Қазақстан КП ОК-нің бірінші хатшысы Н.Ә. Назарбаев, КСРО Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары В.X. Догужиев, одақтық министрліктің өкілдері, республиканың, облыстың басшылары қатысты.
47 пункттен тұратын талаптар Облыстық ереуіл комитеті мен Қазақстан КП ОК-нің, КСРО Министрлер кеңесінің, КСРО Көмір өнеркәсібі министрлігінің және Бүкілодақтық кәсіподақтар кеңесінің комиссиясы арасындағы келісілген шаралардың хаттамасында көрініс тапты.
КСРО Министрлер кеңесінің 1989 жылғы 3 тамыздағы №608 қаулысымен, т.б. шешімдермен 1989 жылы қазан айына дейін талаптардың жұмыс ерекшелігіне байланысты қосымша ақы төлеу, басқару аппаратын қысқарту, жоспардан тыс табыстың 70%-ын кәсіпорын қарамағына калдыру, медициналық қызметті жақсарту т.б. туралы шахтерлердің 25 талабы орындалды. Көптеген талап КСРО-ның «Зейнетақымен қамтамасыз ету» және «Демалыс туралы» зандарының жобасына енгізілді.
1989 жылы маусым айының 16-19 күндері Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында жергілікті халықтың бас көтеруі болды. Жетібай, Құрық, Шетпе, Бейнеу кенттерінде, Қаламқас, Қаражанбас кен орындарында, Форт-Шевченко, Ақтау қалаларында жаңаөзендіктерді қолдаған халық толқуы болып өтті. Бұл толқуға облыс көлемінде 80 мыңға жуық адам қатысты.
Бұл әлеуметтік қақтығыстың шығуына басқа республикалардан келіп жұмыс істейтіндердің жергілікті халықтың мүддесімен санаспауы себеп болды.
Кавказдықтар мен қазақ жастарының арасында жиі-жиі төбелестер болып тұрды. Адам өлімі болған кездер де көп болды. Бірақ, жергілікті билік бұл оқиғаларды жоғарғы жақтан үнемі жасырумен келді. Жергілікті халықтың ашу-ызасы күннен күнге күшейе түсті.
Дүмпу жергілікті тұрғындар мен Кавказдан қоныс аударғандар арасындағы кикілжіңнен басталып, арты қақтығысқа ұласты. Қақтығыс негізінен әскер мен жергілікті халық арасында өтті. Солдаттардың қару қолданып, халыққа оқ жаудыруы жергілікті халықты ашындыра түсті. Арнайы жасақпен қақтығыс кезінде 21 қазаққа оқ тиіп, олардың үшеуі қаза тапты. Тікұшақ, танкілер пайдаланылды. Қақтығыс құқық қорғау органдарының араласуымен басылды. Сырттан келгендердің көпшілігі қаладан кетуге мәжбүр болды.
Бұл оқиғаның астарында жылдар бойы қордаланып, дұрыс шешімін таппаған тұрғын үй, мектепке дейінгі балалар мекемелеріндегі кезек, жастар арасындағы жұмыссыздық сияқты әлеуметтік мәселелер, сондай-ақ мұнай мен газ өндірісін Мәскеудегі орталықтан басқаратын одақтық министрліктердің, әміршіл-әкімшіл жүйенің жергілікті тұрғындар арасынан кадрлар даярламай, жұмыс күштерін республикадан тыс жерлерден әкеліп, жергілікті халықтың мүддесін ескермей жүргізген сыңаржақ саясаты жатты.
1990 жылы құрылған Орал казактарының ұйымы алғашында мәдени шаралармен шектелгенмен, бірте-бірте бұл қозғалыс саяси мәселелерге араласа бастады. Олар Орал казактарының Ресей патша үкіметіне қызмет етуінің 400 жылдығын кең ауқымда атап өтуге дайындала бастады. Орал облысынан территория бөліп, автономия жарияламақшы болған казактардың бұл арандату әрекеті жергілікті халықтың ашу-ызасын тудырды.
Орал қалалық және облыстық кеңестері оларға ресми қолдау көрсетіп, казактардың жетегінде кетті. Мерекелік шара қыргүйек айының 15-не белгіленді.
Казактар одағы өздерінің мақсаты автономия құру, Орал облысын саяси-құқықтық жолмен бөліп әкету екенін, тіптен ойлары орындалмаса қарулы күреске де әзір екендерін талай жерде ашық айтты. Оралда қантөгіс болуы мүмкін екенін оралдық атаман А. Качалиннің өзі ресми кездесулерде әлденеше рет қайталаған болатын.
Кейбір деректер бойынша сол жылдары Кеңес Одағының әр аймағында шақырғанда жедел жететін казак әскери құрамалары мен топтары құрылған. Сол бір қыргүйек күндері мұндай жедел топтардың Оралға да келіп жетуі әбден мүмкін еді.
Шіркеу басшылары ұлтаралық ахуалды ушықтыруда ерекше рөл атқарды. Олар іс жүзінде казачествоның саяси шарасын ұйымдастыру орталығына айналды. Казактардың тарихын, ерлігін, ерекшелігін уағыздады. Шара кезінде шіркеу архиепископы сөз сөйлеп, ол орыс-казактары православиелік халық ретінде Ресей империясын құтқарушы, құдай таңдаған ерекше тарихи және мәдени миссияға ие ұлт деген тұжырым жасауға дейін барды.
15 қыргүйекте казактар тұрғылықты халықтың наразылығын ескермей қаладағы шіркеуде құдайға құлшылық етумен қатар, казак мерекесінің тұсауын кескен ресми шараларын өткізді. Шіркеу төбесінде Ресей империясының үш түсті жалауы желбіреді. Мұның соңы казактар тарапынан жасалған антиконституциялық қимылдарға ұласты. Шіркеуден соң әскери жасақ қала көшелерінде әскери шеру жасап, «Зенит» мәдениет үйіне қарай жүрді. Еш кедергісіз мәдениет үйіне өткен олар мерекелік шара деген желеумен «Орал казак әскери одағының құрылтайын» (съезін) бастады. Казак автономиясы туралы мәселені шешуді осы құрылтайда түпкілікті ресмилендіріп, бекітіп алмақшы болды.
Жергілікті биліктің «әрекетсіздігіне» ашуланып, наразылық акциясына жиналған халық мәдениет үйін күшпен босатпақшы болып лап қойды. Наразылық акциясына қатысушы 113 адам мәдениет үйіне жіберілмей милиция күшімен тоқтатылды. Ашулы халық мәдениет үйіне тас лақтырып, бірнеше қайтара милиция мен ЕММЖ (ерекше мақсаттағы милиция жасағы) жасақтарын бұзатындай әрекетке барды. Жағдайдың ушығып кетуінен қорыққан құқық қорғау органдары казак жасақтарын мәдениет үйінен шығаруға мәжбүр болды. Казактар құрылтайы тоқтатылып, олар клубты тастап шықты. Ел сыйлайтын ардагерлердің көмегімен бұл оқиға ешқандай жанжалсыз шешілді. Бұл республика басшылығы мен жергілікті билік үшін үлкен сабақ болды.
Тезистер
- 1989 жылы Ресейдегі Кузбасс, Украинадағы Донбасс кеншілерінің ереуілін қолдай отырып, Қарағанды көмір бассейнінде істейтін жұмысшылар 20 шілдеде жұмысты тоқтатып, еңбекті ұйымдастыру мен ақы төлеуді жетілдіру, тұрмыс пен демалыс жағдайын жақсарту жөнінде бірқатар талап қойды
- Ереуілдің негізгі себептері КСРО Көмір өнеркәсібі министрлігі, «Қарағандыкөмір» өндірістік бірлестігі тарапынан қалалар мен жұмысшы поселкелері еңбекшілерінің әлеуметтік мұқтаждықтарын елемеуі, Қарағанды бассейнін дамыту жөніндегі партия мен үкімет шешімдерінің үнемі орындалмауы, шаруашылық реформасының баяу жүзеге асырылуы болды.
- Ереуіл кезінде қалалық, облыстық ереуіл комитеттері (кейін жұмысшы комитеттері) құрылып, олар кеншілердің негізгі талаптарын ұсынды.
- КСРО Министрлер кеңесінің 1989 жылғы 3 тамыздағы №608 қаулысымен, т.б. шешімдермен 1989 жылы қазан айына дейін талаптардың жұмыс ерекшелігіне байланысты қосымша ақы төлеу, басқару аппаратын қысқарту, жоспардан тыс пайданың 70%-ын кәсіпорын қарамағына калдыру, медициналық қызметті жақсарту т.б. туралы шахтерлердің 25 талабы орындалды. Көптеген талап КСРО-ның «Зейнетақымен қамтамасыз ету» және «Демалыс туралы» зандарының жобасына енгізілді.
- 1989 жылы маусым айының 16-19 күндері Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында жергілікті халықтың бас көтеруі болды.
- Жетібай, Құрық, Шетпе, Бейнеу кенттерінде, Қаламқас, Қаражанбас кен орындарында, Форт-Шевченко, Ақтау қалаларында жаңаөзендіктерді қолдаған халық толқуы болып өтті.
- Бұл толқуға облыс көлемінде 80 мыңға жуық адам қатысты.
- Бұл әлеуметтік қақтығыстың шығуына басқа республикалардан келіп жұмыс істейтіндердің жергілікті халықтың мүддесімен санаспауы себеп болды.
- Дүмпу жергілікті тұрғындар мен Кавказдан қоныс аударғандар арасындағы кикілжіңнен басталып, арты қақтығысқа ұласты.
- Қақтығыс құқық қорғау органдарының араласуымен басылды. Сырттан келгендердің көпшілігі қаладан кетуге мәжбүр болды.
- Бұл оқиғаның астарында жылдар бойы қордаланып, дұрыс шешімін таппаған тұрғын үй, мектепке дейінгі балалар мекемелеріндегі кезек, жастар арасындағы жұмыссыздық сияқты әлеуметтік мәселелер, сондай-ақ мұнай мен газ өндірісін Мәскеудегі орталықтан басқаратын одақтық министрліктердің, әміршіл-әкімшіл жүйенің жергілікті тұрғындар арасынан кадрлар даярламай, жұмыс күштерін республикадан тыс жерлерден әкеліп, жергілікті халықтың мүддесін ескермей жүргізген сыңаржақ саясаты жатты.
- 1990 жылы құрылған Орал казактарының ұйымы алғашында мәдени шаралармен шектелгенмен, бірте-бірте бұл қозғалыс саяси мәселелерге араласа бастады.
- Олар Орал казактарының Ресей патша үкіметіне қызмет етуінің 400 жылдығын кең ауқымда атап өтуге дайындала бастады. Орал облысынан территория бөліп, автономия жарияламақшы болған казактардың бұл арандату әрекеті жергілікті халықтың ашу-ызасын тудырды.
- Шіркеу басшылары ұлтаралық ахуалды ушықтыруда ерекше рөл атқарды. 15 қыргүйекте казактар тұрғылықты халықтың наразылығын ескермей қаладағы шіркеуде құдайға құлшылық етумен қатар, казак мерекесіннің тұсауын кескен ресми шараларын өткізді.
- Шіркеуден соң әскери жасақ қала көшелерінде әскери шеру жасап, «Зенит» мәдениет үйіне қарай жүрді. Еш кедергісіз мәдениет үйіне өткен олар мерекелік шара деген желеумен «Орал казак әскери одағының құрылтайын» (съезін) бастады.
- Жергілікті биліктің «әрекетсіздігіне» ашуланып, наразылық акциясына жиналған халық мәдениет үйін күшпен босатпақшы болып лап қойды. Ашулы халық мәдениет үйіне тас лақтырып, бірнеше қайтара милиция мен ЕММЖ (ерекше мақсаттағы милиция жасағы) жасақтарын бұзатындай әрекетке барды.
- Жағдайдың ушығып кетуінен қорыққан құқық қорғау органдары казак жасақтарын мәдениет үйінен шығаруға мәжбүр болды. Казактар құрылтайы тоқтатылып, олар клубты тастап шықты.
- Оқиға ешқандай жанжалсыз шешілді. Дегенмен бұл республика басшылығы мен жергілікті билік үшін үлкен сабақ болды.