
iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
Қазақстан Республикасының нарықтық қатынастарға көшуі
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін нарықтық экономикаға көшу жолына түсті. Бұл жолда бірінші маңызды мәселелерді шешу қажет болды. Атап айтқанда олар мыналар:
- Экономикалық қарым-қатынастарды ырықтандыруды жүзеге асыру;
- Мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру негізінде жекеменшікті трансформациялауды жүзеге асыру;
- Кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасау;
- Республикада инфрақұрылымды өрістетуге мүмкіндік туғызу;
- Қаржылық-несиелік саланы реформалау;
- Шетел капиталын кеңінен тарту арқылы ашық экономикалық жүйені орнықтыру.
Қазақстанда нарықтық экономикаға көшудің алғашқы кезде үш кезеңі белгіленді. Бірінші кезең – 1991-1992 жылдар, екінші кезең – 1993-1995 жылдар аралығы болып, осы мерзімде жүргізілетін іс бағдарламасы Жоғарғы кеңестің сессиясында мақұлданып, президенттің жарлығымен бекітілді. Ал үшінші кезең 1996-1998 жылдарды қамтуы тиіс болды.
Осыған байланысты көптеген жаңа заң, реформаны жүзеге асыруға қажет басқа да құжаттар қабылданды. Нарықтық экономикаға көшу мәселелерімен айналысатын жаңа мемлекеттік басқару органдары құрылды. Олар: Мүлік жөніндегі, Монополияға қарсы саясат жөніндегі комитеттер, Салық инспекциясы, Кеден және т.б.
Сондай-ақ нарықтық экономикаға тән инфрақұрылымның кейбір түрлері: биржалар, коммерциялық банктер, сауда үйлері, жекеменшік кәсіпорындар мен шаруашылықтар, жеке меншік пен мемлекет меншігі аралас ірі корпорациялар, акционерлік қоғамдар, холдингтік компаниялар өмірге келді. Осылайша нарықтық экономикаға қарай меншіктің түрін өзгертуде және аралас экономика құруда біршама жұмыстар атқарылды.
Елді дағдарыстан тез арада шығару саясаты жүргізілді, бірақ ол ешқандай нәтиже бермеді. Сондықтан мемлекет дағдарыстан шығудың басқа жолдарын қарастыра бастады.
1992 жылы қаңтарда бағаны ырықтандыру, мемлекеттік меншікті оның иелігінен алып жекешелендіру басталды. Ең басты жұмыс – бағаны ырықтандыруды белгілі бір жүйеге келтіру еді. Қазақстанда ырықтандыру 1992 жылы мұнайдың, мұнайдан шығатын өнімдердің, басқа да энергия көздерінің бағасы әлемдік бағаға дейін көтерілуі керек деген ұранмен жүргізілді. Осының нәтижесінде әр кәсіпкер, әр кәсіпорын ең жоғары таза пайда алғысы келді. Баға шарықтап өсті, елдің экономикасы бағаның шарықтап өсуінен төмен түсіп кетті.
Бағаны ырықтандырудан кейінгі екінші атқарылған іс – жекешелендіру. Мемлекеттік меншікті жекешелендірусіз нарыққа нақты көшу мүмкін емес еді. Бұл қадам нарық субъектілерін құру тұрғысынан ғана емес, сонымен бірге халықтың бойында меншік иесі психологиясын қалыптастыру тұрғысынан да маңызды еді.
Мемлекет меншігінен алу процесі 1992 жылы басталды. Ол алғашында сауда объектілерін, қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсету және басқа қызмет көрсету салаларын сату түрінде өтті. Алғашқы жылы шамамен 6200 ұсақ мекеме жекешелендірілді. Ірі кәсіпорындар, әсіресе, өнеркәсіп орындары сол кездегі қолданыстағы заңға орай еңбек ұжымдарына берілді. Бұлар негізінен жеңіл өнеркәсіп мекемелері еді. Жекешелендірудің басты үш кезеңі белгіленді:
1. Жалпылай жекешелендіру азаматтардың 97%-на тегін купондарды беріп қана қоймай, купондарды өз қалауынша инвестициялық-жекешелендіру қорларында сақтауға мүмкіндік берді. Инвестициялық-жекешелендіру қорларында емін-еркін ақша айналымы болмағандықтан, олар купондарды дер кезінде ақшалай азаматтарға қайтара алмады.
2. Шағын жекешелендіру шағын және орта бизнесті дамытуға ықпал жасады. Оның объектілері көтерме және бөлшек сауда нүктелері, қоғамдық тамақтандыру орындары, өндірістік мекемелер және басқа да қызмет түрлері болды.
3. Жеке жобаларға байланысты жекешелендіру аса ірі (5000-нан аса жұмысшысы бар) мекемелерді қамтыды. 1994 жылдан бастап мұндай мекемелер шетелдік басқаруға беріле бастады. Олардың қатарында Павлодар алюминий зауыты «Уайтсвен ЛТД», Соколов-Сарыбай тау-кен өндірісі «Айведон», Ақтөбе ферроқорытпа зауыты «Джапан Хром Корпорейшн» және т.б. болды.
1993 жылдың 15 қарашасында республиканың өз ұлттық валютасы – теңге айналымға түсті. Бұл елдің өзіндік қаржы жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік жасады. Қазақстан осы күннен бастап экономикалық дербестік жолына түсті.
Алайда нарықтық экономикаға көшуде бірсыпыра қателікке жол берілді. Біріншіден, реформаны бастауда мемлекеттің мақсаты, мүдделері де, оларға жетер жолы да, әдіс-тәсілдері де толық анықталмады. Екіншіден, барлық елдерге бірдей сай келетін экономикалық реформаның моделі болмайды. Әр елдің өзіне тән, оның ұлттық бітіміне, тарихына, дәстүріне, нақтылы саяси, әлеуметтік, экономикалық қалыптасқан жағдайына сәйкес өз моделі, өз жолы болу керек. Оны әлемдік тәжірибе де көрсеткен. «Жапондық», «Немістік» тағы басқадай әр елдің өз даму жолы болғаны белгілі. Қазақстан көп елде жақсы нәтиже бермеген, Халықаралық валюта қоры ұсынған «есеңгіретіп емдеу» деп аталатын жолды таңдады, Ресейдің соңынан ерді. Үшіншіден, экономикалық реформа бірінен кейін бірі және өзіндік ретімен жасалуы арқылы жүзеге асуы тиіс. Ал Қазақстанда қажетті заң жүйесі жасалып бітпей, жекеменшікке негізделген кәсіпорындардың үлесі өсіп, бәсеке ортасы қалыптаспай тұрып, ең әуелі бағаны ырықтандырудан бастау қате болды, өйткені бағаны ырықтандыру үкімет тарапынан мезгіл-мезгіл оны өсіріп отыру болып шықты. Төртіншіден, қабылданған заңдар көп жағдайда жүзеге аспай қалды, себебі ол заңдардың жүзеге асатын механизмдері жасалмаған еді. Бесіншіден, инфляция ауыздықталмай, мемлекеттегі қаржы, несие, ақша жүйесі ретке келмеді. Ұлттық банк ақша жүйесін, ақша айналымын, оның ішкі және сыртқы қозғалысын қатаң бақылауға алудың орнына, ақша-несие ресурстарын бей-берекет жұмсап, аса жоғары процентпен сатып, пайда табуға әуестенді. Алтыншыдан, қылмыс, жемқорлық, заңбұзушылық көбейді. Оған жаппай тәртіпсіздік, жауапсыздық қосылды.
Осылардың бәрі реформаны жүргізуде, экономиканы дамытуда зиянын тигізді. Жетіншіден, мемлекет басшылары экономикалық дағдарыс кезінде өмір сүріп, жұмыс істеп көрмегендіктен, оның ой-қырын, бүге-шігесін, одан шығу жолдарын білмеді. Экономикалық дағдарысты дұрыстап бағалай алмады.
Тезистер
- Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін нарықтық экономикаға көшу жолына түсті.
- Қазақстанда нарықтық экономикаға көшудің алғашқы кезде үш кезеңі белгіленді. Бірінші кезең – 1991-1992 жылдар, екінші кезең – 1993-1995 жылдар аралығы, осы мерзімде жүргізілетін іс бағдарламасы Жоғарғы кеңестің сессиясында мақұлданып, президенттің жарлығымен бекітілді. Ал үшінші кезең 1996-1998 жылдарды қамтуы тиіс болды.
- Нарықтық экономикаға көшу мәселелерімен айналысатын жаңа мемлекеттік басқару органдары құрылды. Олар: Мүлік жөніндегі, Монополияға қарсы саясат жөніндегі комитеттер, Салық инспекциясы, Кеден және т.б.
- Сондай-ақ нарықтық экономикаға тән инфрақұрылымның кейбір түрлері: биржалар, коммерциялық банктер, сауда үйлері, жекеменшік кәсіпорындар мен шаруашылықтар, жекеменшік пен мемлекет меншігі аралас ірі корпорациялар, акционерлік қоғамдар, холдингтік компаниялар өмірге келді.
- 1992 жылы қаңтарда бағаны ырықтандыру, мемлекеттік меншікті оның иелігінен алып жекешелендіру басталды.
- Ең басты жұмыс – бағаны ырықтандыруды белгілі бір жүйеге келтіру еді.
- Бағаны ырықтандырудан кейінгі, екінші атқарылған іс – жекешелендіру.
- Мемлекет меншігінен алу процесі 1992 жылы басталды.
- Ол алғашында сауда объектілерін, қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсету және басқа қызмет көрсету салаларын сату түрінде өтті.
- Алғашқы жылы 6200-дей ұсақ мекеме жекешелендірілді.
- Ірі кәсіпорындар, әсіресе, өнеркәсіп орындары сол кездегі қолданыстағы заңға орай еңбек ұжымдарына берілді. Бұлар негізінен жеңіл өнеркәсіп мекемелері еді.
- Жекешелендірудің басты үш кезеңі белгіленді.
- Жалпылай жекешелендіру азаматтардың 97%-на тегін купондарды беріп қана қоймай, купондарды өз қалауынша инвестициялық-жекешелендіру қорларында сақтауға мүмкіндік берді. Инвестициялық-жекешелендіру қорларында емін-еркін ақша айналымы болмағандықтан, олар купондарды дер кезінде ақшалай түрде азаматтарға қайтара алмады.
- Шағын жекешелендіру шағын және орта бизнесті дамытуға ықпал жасады. Оның объектілеріне көтерме және бөлшек сауда нүктелері, қоғамдық тамақтандыру орындары, өндірістік мекемелер және басқа да қызмет түрлері жатты.
- Жеке жобаларға байланысты жекешелендіру аса ірі (5000-нан аса жұмысшысы бар) мекемелерді қамтыды. 1994 жылдан бастап мұндай мекемелер шетелдік басқаруға беріле бастады. Олардың қатарында Павлодар алюминий зауыты «Уайтсвен ЛТД», Соколов-Сарыбай тау-кен өндірісі «Айведон», Ақтөбе ферроқорытпа зауыты «Джапан Хром Корпорейшн» және т.б. болды.
- 1993 жылдың 15 қарашасында республиканың өз ұлттық валютасы – теңге айналымға түсті. Бұл елдің өзіндік қаржы жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік жасады. Қазақстан осы күннен бастап экономикалық дербестік жолына түсті.
- Алайда нарықтық экономикаға көшуде бірсыпыра қателіктерге жол берілді.
- Қазақстан көп елде жақсы нәтиже бермеген, Халықаралық валюта қоры ұсынған «есеңгіретіп емдеу» деп аталатын жолға түсті.
- Қабылданған заңдар көп жағдайда жүзеге аспай қалды, себебі ол заңдардың жүзеге асатын механизмдері жасалмаған еді.
- Мемлекет басшылары экономикалық дағдарыс кезінде өмір сүріп, жұмыс істеп көрмегендіктен, оның ой-қырын, бүге-шігесін, одан шығу жолдарын білмеді. Экономикалық дағдарысты дұрыстап бағалай алмады.