iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
Ежелгі адамдардың қоршаған орта туралы түсінігі
Ертедегі адамдар табиғаттан бөлініп шыққаннан кейін қоршаған табиғаттан өздерінің қандай айырмашылықтары бар екенін түсінбеді. Олар өсімдік пен жануарлардың түрлерін, іздері мен қылықтарын айыра алғанымен, көп нәрсені түсіндіре алмады. Дауыл қайықты аударып, балықшылар мерт болғанда және найзағай баспанаға түсіп, үйлер өртенгенде, адамдар оның себебін біле алмай аң-таң болған.
Әрине, бұл құбылыстардың бәрінің табиғи себептері болды, бірақ адамдар бұны білмеген. Діни түсініктердің пайда болуын біз неандертальдықтардың жерлеу ғұрпынан байқаймыз. Олар өлген адамды белгілі бір ғұрыппен жерлеген. Адамды ұйықтап жатқан сияқты бір қырынан жатқызып, бір қолын басының астына салған. Олар өлімді мәңгі ұйқыға кету деп түсінген. Содан соң жерленген адамды айналдыра киіктің мүйізін қойған.
Өте ерте заманғы жерлеу ғұрпы бойынша өлген адам үстіне қызыл минерал бояу сепкен. Қызыл түс – қанның түсі. Ал қанның жанмен байланысты екенін ертедегі адамдар білген. Мұндай сенімді анимизм дейді.
Анимизм – жан мен рухтың барлығына сену. Анимистік ұғымда адамдар жанның денеден бөлінуіне сенді. Рух дербес тіршілік етеді, белгілі бір затқа дари алады деп есептеген.
Ежелгі адамдардың аң аулау кезіндегі сенімдері бірте-бірте аңдарға жалынып, жалбарынуды тудырды. Осыдан келіп көне сенім – тотемизм қалыптасты. Адамдар өздерін белгілі бір жануардан тарадық деп есептеген. Мысалы, киік, бұғы, жолбарыс т.б. Сол аңдарды ата тегіміз деп оларға сиынған.
Адамдар табиғаттың дүлей құбылыстарынан өздерін сақтау үшін әртүрлі тылсым әрекеттер жасаған. Мысалы, құрбандық шалған, билеген, жалбарынған, қорғайды деп тұмар таққан. Осының бәрін магиялық әрекеттер дейді.
Магия сиқыр мен тылсым күшке сену дегенді білдіреді.
Ежелгі адамдардың бір затқа ерекше қасиетті деп табынуы фетишизм деп аталады. Адамдар кез келген бір затқа адамды сауықтыруы, жаудан қорғауы, аңшылықта жәрдемдесуі мүмкін деп табынған. Фетиштің ең көрнекті түрі – бойтұмар. Адамдар аруақтар мен құдайлар үнемі жандарында жүрсе, мейірімін көп төгеді деп түсінген, сол себепті де ағаштан ойып, балшықтан илеп, тастан қашап құдайлар мен аруақтардың бейнесін жасаған. Олар аруақтар бейнесін елестете алмады. Сондықтан пұт тірі жан иесіне – аңға немесе адамға ұқсатылып жасалды.
Осындай бейнелер пұт деп аталды.
Адамдардың түсінігі бойынша жер мен судың, орман мен таудың иелері болған. Сондықтан адамдар оларға кұрбандық шалып, пұттың шапағатына бөленуге тырысты. Алғашқы адамдар бүкіл табиғатты жанды деп ойлаған. Табиғаттан тыс күштер әлемді билеп тұрады, олар үрлесе, дауыл тұрады, қаласа, аңдар басқа жаққа ауып кетеді деп сенген. Адамдар оларды аруақтар (рухтар), ал орасан зор күш иесін құдайлар деп атаған. Аруақтардың мейіріміне ие болу үшін оларға сый-сияпат апаруың керек деп ойлаған.
Ал сый-сияпаттың ең өтімдісі – тамақ деп есептеген.
Алғашқы адамдардың табиғаттың тылсым күшіне, сиқырға, рух пен жанға, өлгеннен кейінгі өмірге деген сенімдері діни наным деп аталады.
Адамдардың наным-сенімі кәсіптің түріне тәуелді болды. Егіншілер егіннің, малшылар табынның өз құдайлары болады деп есептеді. Еңбек ету барысында адамдардың ақыл-ойы жетіле түсті. Адамдар жануарлардың, өсімдіктердің тіршілігін бақылай жүріп, өздерінің тәжірибесі мен білімін келесі ұрпаққа жеткізіп отырған. Аспандағы жұлдыздардың орналасуын есте сақтап, егінді жинау уақытын анықтаған. Адамдар өз білімдерін суретті хат – пиктография (тасқа түсірілген хат суреттер) арқылы хабарлаған.
Тезистер:
- Ертедегі адамдар қоршаған табиғаттан өздерінің қандай айырмашылықтары бар екенін түсінбеді.
- Діни түсініктердің пайда болуын біз неандертальдықтардың жерлеу ғұрпынан байқаймыз.
- Олар өлімді мәңгі ұйқыға кету деп түсінген.
- Өте ерте заманғы жерлеу ғұрпында өлген адамның үстіне қызыл минерал бояу сепкен. Қызыл түс – қанның түсі. Ал қанның жанмен байланысты екенін ертедегі адамдар білген.
- Анимизм – жан мен рухтың барлығына сену.
- Ежелгі адамдардың аң аулау кезіндегі сенімдері бірте-бірте аңдарға жалбарынып, табынуды тудырды.
- Адамдар өздерін белгілі бір жануардан тарадық деп есептеген. Содан көне сенім – тотемизм қалыптасты.
- Құлшылық етіп сиыну, құрбандық шалу, билеу, жалбарыну, қорғайды деп тұмар тағу магиялық әрекеттерге жатады.
- Магия – сиқыр мен тылсым күшке сену.
- Ежелгі адамдардың бір материалды затқа ерекше қасиетті деп табынуы фетишизм деп саналады.
- Адамдар кез келген затқа адамды сауықтыруы, жаудан қорғауы, аңшылықта жәрдемдесуі мүмкін деп табынған. Фетиштің ең көрнекті түрі – бойтұмар.
- Олар өз түсініктеріндегі аруақтар бейнесін елестете алмады, сондықтан пұттар тірі жан иесіне – аңға немесе адамға ұқсатылып жасалды.
- Ондай бейнелер пұт деп аталды.
- Алғашқы адамдар бүкіл табиғатты жанды деп ойлаған.
- Табиғаттан тыс күштер әлемді билеп тұрады, олар үрлесе, дауыл тұрады, қаласа, аңдар басқа жаққа ауып кетеді деп сенген.
- Адамдар оларды аруақтар (рухтар), ал орасан зор күш иесін құдайлар деп атаған.
- Аруақтардың мейіріміне ие болу үшін сый-сияпат апаруың керек. Ал сый-сияпаттың ең өтімдісі – тамақ деп санаған.
- Алғашқы адамдардың санасында пайда болған табиғаттың тылсым күшіне, сиқырға, рух пен жанға, өлгеннен кейінгі өмірге деген сенімдері діни наным деп аталады.
- Адамдардың наным-сенімі кәсіптің түріне тәуелді болды.
- Егіншілер егіннің, малшылар табынның өз құдайлары болады деп есептеді.
- Адамдар жануарлардың, өсімдіктердің тіршілігін бақылай жүріп, өздерінің тәжірибесі мен білімін келесі ұрпаққа саналы түрде жеткізіп отырған.
- Адамдар аспандағы жұлдыздардың орналасуын есте сақтап, егінді жинау уақытын анықтаған.
- Адамдар өз білімдерін суретті хат – пиктография (тасқа түсірілген хат суреттер) арқылы хабарлаған.
- Оттың көмескі сәулесі түсетін үңгірлерде адамдар аңға шығуға дайындалып, құпия ырымдар жасап, аңшыларға сәттілік тілеп, құдайларға жалбарынған.