Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Адамзат баласының пайда болуы

Конспект

Адамзат баласының пайда болып, қалыптасу үрдісі ежелгі дүниенің барлық аймағында бірдей жүрді. Адам баласы жер бетіндегі басқа тіршілік иелері сияқты ұзақ эволюциялық дамудың нәтижесінде қалыптасты.

Ежелгі дүние деп адамдардың пайда болып, қалыптасқан жер шары бөліктерін атайды. Адамзаттың қалыптасуы да бүкіл жанды дүниенің пайда болуы мен тарихи дамуы сияқты қарапайымнан күрделіге қарай жүрген.

Қазақстан аумағында алғашқы адамдар 1 миллион жылдай бұрын өмір сүрді. Оған дәлел – Қазақстан жерінде табылған ежелгі құралдар. Алғашқы адамдардың қазіргі адамдардан көп айырмашылығы болды. Алғашқы адам ірі маймылға ұқсайтын, терісін қалың түк басқан және, қолдары аяқтарынан ұзын еді. Қолымен жемістерді, заттарды ұстау, соғу, жер қазу сияқты қарапайым жұмысты орындай алатын. Алғашқы адамдар қабыландай жылдам, арыстандай епті, аюдай күшті болмады. Бірақ еңбек құралдары арқылы өздерінің күш-қуаттарын еселеп арттыра алды. Қазғыш таяқ, үшкір тас, шоқпар – олардың алғашқы еңбек құралдары болды. Бұл құралдардың көмегімен тамақ тауып жеді.

Алғашқы адамдар бірлесіп тамақ табу мен жабайы жануарлардан қорғану үшін үлкен топ құрап топталып жүрді. Олардың арасында жейтін тамақ, баспана үшін талас-тартыс жиі болғандықтан 20-30 ересектен тұратын топ әрдайым ыдырап, бөлініп тұрды. Дегенмен де адамдар тобыры – адамдардың алғашқы қоғамдық ұйымы еді.

Алғашқы еңбек құралдары негізінен тастан жасалды. Олар өте қарапайым болатын.  Ғалымдар алғашқы адамды «епті адам» деп атады.

«Епті адам» Африкадағы Танзания жеріндегі Олдувэй шатқалында табылған. Ол осыдан 1 миллион 750 мың жыл бұрын өмір сүрген. Алғашқы адамның бірі питекантроп деп аталады. Питекантроптың қаңқасы алғаш рет Ява аралынан 1891-інші жылы табылды. Ол мөлшермен бұдан 1 миллион жыл бұрын өмір сүрген.

Адамзат дамуында бұдан кейінгі сатыда синантроп тұрады. Солтүстік Қытайда табылуына байланысты оған «қытай адамы» деген ат берілген. Синантроптар шамамен 500-200 мың жыл бұрын өмір сүрген. Ғалымдар питекантроп пен синантропты «тік жүретін адам» деп атайды.

Көне адамның тағы бір түрі неандерталь деп аталады. Ол Германия жерінен табылды. Оның бойы орташа, денесі мығым, белі еңкіштеу, маңдайы тайқы, қабақ сүйегі шығыңқы келді. Неандерталь баланың сүйегі Өзбекстан аумағындағы Тесіктас үңгірінен де табылған. Неандертальдықтар жер бетінде бұдан 100-35 мың жыл бұрын өмір сүрген. Олар тастан, сүйектен, ағаштан құрал жасай білген. Отты өз керегіне пайдаланған. Негізгі кәсібі аңшылық және терімшілік болды.

Бүгінде адамзат баласының пайда болуы жөнінде бірнеше пікір бар. Оларды үш топқа бөлуге болады. Біріншісі – діни, идеалистік жолмен түсіндіру. Бұл ұғым бойынша дүниені, адамды құдай жаратты. Екіншісі – кейінгі кезде көп айтылып жүрген әлемдік гумоноидтар туралы пікір. Ол бойынша адам баласы жер бетіне басқа ғаламшардан келген. Үшінші пікір бойынша адамзат баласы жер бетіндегі басқа тірі жәндіктер сияқты ұзақ және біртіндеп дамудың нәтижесінде пайда болып, қалыптасқан.

Дарвиннің ілімі бойынша бүкіл жанды дүниенің, өсімдіктердің пайда болуы, тарихи дамуы қарапайымнан күрделіге қарай, дамудың төменгі сатысынан жоғарыға қарай жүріп отырған.

Адамзат баласының пайда болуы, қалыптасуы және дамуы жөніндегі пікірлердің ішіндегі осы эволюциялық теория бүгінде көп талқыланады. Дегенмен қазіргі заманғы ғылымның дамуы, ғалымдардың зерттеулері бұл теорияға да күмән туғызып отыр. Сонымен бүгінгі таңда адамзат баласының тұқымы Африка жерінде пайда болып, сонда қалыптасты деген көзқарас расталып отыр.

 

Тезистер

  • Адам баласы жер бетінде ұзақ эволюциялық дамудың нәтижесінде қалыптасты.
  • Ежелгі дүние деп адамдардың пайда болып қалыптасқан жер шары бөліктерін атайды.
  • Адам баласы еңбек құралдары арқылы күш-қуатын арттыра алды. Қазғыш таяқ, үшкір тас, шоқпар алғашқы еңбек құралдары болды.
  • Адам баласының биологиялық эволюциясы: австралопитек (б.з.б. 2,6 млн жыл), питекантроп (б.з.б. 1 млн жыл), синантроп (б.з.б. 500-200 мың жыл), неандерталь(б.з.б. 200-35мың жыл), кроманьон (б.з.б. 40-30 мың жыл).
  • Ғалымдар алғашқы адамды «епті адам» деп атады. «Епті адам» Африкадағы Танзаниядағы Олдувэй шатқалында табылған.
  • Алғашқы адамның бірі питекантроп деп аталады. Питекантроптың қаңқасы алғаш рет Ява аралынан 1891 жылы табылды. Ол мөлшермен бұдан 1 млн жыл бұрын өмір сүрген. 
  • Алғашқы адамдардың көне іздері Маңғыстау түбегіндегі Шақпақата, Қазақстанның оңтүстігіндегі Шабақты, Қазанғап, Тәңірқазған т.б. қоныстарынан табылған.
  • Адамзат дамуында бұдан кейінгі сатыда синантроп тұрады. Солтүстік Қытайда табылуына байланысты оған «қытай адамы» деген ат берілген. Синантроптар бұдан 500-200 мың жыл бұрын өмір сүрген. 
  • Ғалымдар питекантроп пен синантропты «тік жүретін адам» деп атайды.  
  • Қазақстан жерінде ежелгі адамның сүйек қалдықтары табылған жоқ, дегенмен ежелгі адамдардың Қазақстан жерінде болғанының дәлелі – табылған тас құралдар. 
  • Біздің жерде табылған тас кескіш, қырғыш, тескіштер ерте палеолитке, яғни 1 миллион жыл бұрынғы кезеңге жатады.
  • Адамға ұқсас тіршілік иелері осыдан 2,5 млн жыл бұрын өмір сүрген. 
  • Жер бетіндегі ең алғашқы адам қаңқалары Танзаниядағы (Шығыс Африка) Олдувэй шатқалынан табылған. 
  • Палеолит дәуірі өте ұзаққа, шамамен 3 миллиондай жылға созылған. 
  • Палеолитте адам баласының түр-тұлғасы, бет-бейнесі, ой-санасы қалыптасты. 
  • Неандерталь адам тұңғыш рет Германияда Неандерталь деген жерден табылды. 
  • Неандерталь баланың сүйегі Өзбекстанның Тесіктас деген үңгірінен де табылған. 
  • Неандертальдықтар жер бетінде бұдан 200-35 мың жыл бұрын өмір сүрген. 
  • Хомосапиенс – санасы жетілген адам, яғни «саналы адам» деңгейінде тұрған еді. 
  • Бүгінгі адамзат баласы Хомосапиенске жатады. 
  • Адамзат баласының тас құралдарын өндірген және пайдаланған уақыты тас дәуірі деп аталады.
  • Адамдар тобыры адамдардың алғашқы қоғамдық ұйымы болды.
  • Адамзат баласының тұқымы Африка жерінде пайда болып, сонда қалыптасты.


Қате туралы хабарландыру