Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Жаңа өмірдің қиындықтары

Конспект

 

1921 жылғы шілдеде Орынборда Қазақстан комсомолының І съезі өтті. Ғани Мұратбаев (1902-1924) Қазақстан мен Түркістандағы дарынды комсомол ұйымдастырушысы болды. Ол Түркістан комсомолы Орталық Комитеті Қырғыз (Қазақ) бюросының тұңғыш төрағасы болып сайланды. Өмірінің соңғы жылдарында Коммунистік жастар интернационалы Шығыс бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етті.

Əйелдер қозғалысының көрнекті қайраткерлері – Н.Құлжанова, Ш.Иманбаева, С.Есова. Ауылдарда “Қызыл отаулар” ағарту жұмысының орталықтарына айналды. 1925 жылы ақпанда Қырғыз облыстық партия ұйымы өлкелік партия ұйымы болып өзгертілді.

1923 жылғы 22 қарашада Қазақстан Орталық Атқару Комитеті “Қырғыз (Қазақ) тілінде іс жүргізуді енгізу туралы” декрет қабылдады. Партия жұмысының барлық буындарына әміршіл-әкімшіл басқару жүйесінің әдістері енгізілді. Қазақстанда жергілікті көсем Голощекинге бас ұру, төрешілдік құбылыстары, өкіметтің бетімен кетуі орын алды.

Қоғамда партияға тәуелділік арта түсті. Қазақтың зиялы өкілдеріне “ұлтшыл” деген айдар тағу сол жылдары тәжірибеге енді.

Қазақстандағы жаңа экономикалық саясатқа көшу көптеген қиыншылықтармен бірге жүргізілді. 1921 жылы жазда қуаңшылық болып, оның алдында жұт болып, малдың 80%-ы қырылды. Республика халқының 1/3 бөлігін аштық жайлады. Ашыққандар 1921 жылғы қарашада 1 млн. 508 мың, 1922 жылдың наурызында 2 млн. 303200 адамға жетті. Орал, Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, Қостанай губерниялары аштық жайлаған аудандарға жатқызылды. Аштыққа індет қосылып, 1922 жылы маусымда Батыс Қазақстанда ашығушылар мен аурулар саны 82%-ға жетті.

Қазақстанның солтүстік-батыс аудандарында аштық қуаңшылықтан ғана болып қойған жоқ. Астық мол болған Семей, Ақмола губернияларынан азық отрядтары ауыл шаруашылық өнімінің “артығын” алып кетті. Азық салығы бойынша 4 млн. пұттан астам астық, 24,5 мың пұт май алынды. Бұл тартып алынған азықтар Мəскеу, Петроград, Самара, Қазан, Саратовқа жіберілді. Нəтижесінде Қазақстанның астықты аймақтарының халқы ашыға бастады.

Кеңес үкіметі аштыққа ұшырағандарға көмекке кеш келді. Республиканың егін шықпаған аудандарының халқы азық салығынан босатылды. 1921 жылғы 14 маусымда “Нақты ет салығы туралы” декрет шығып, қазақтар ет салығынан босатылды. 1922 жылы егістіктің 60%-на Кеңес үкіметі берген дән себілді. Ауылшаруашылық машиналары мен құралдарын сатып алу үшін несие бөлінді. Егін шықпау салдарынан зардап шеккен шаруаларға мал сатып алу үшін қаражат бөлінді.

Кеңестік Түркістан туысқандық көмек көрсетіп, 20 мың ашыққан адамды қабылдады. 1921-1922 жылдары апат аймағында аштықтан тұтас ауылдар мен аудандар қырылып қалды. 1922 жылы Орынбор, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Торғай губернияларында ауылдағы халық саны аштыққа дейінгі санының 1/3-не дейін азайды. 700 мыңнан астам адам, соның ішінде Ресей мен Украинадан келген шаруалар республикадан тыс жерлерге көшіп кетті.

1921 жылғы сəуірде Сібір және Орал казак әскерлеріне берілген жерлерді қазақтарға қайтару туралы декрет шығарылды. Қазақ шаруалары Ертіс жағалауындағы жерлерін қайтарып алды.

1921 жылы Жетісуда жер реформасы жүргізілді. Қазақ, қырғыз, ұйғыр еңбекшілеріне 1916 жылғы көтерілісті басу кезінде тартып алынған жері қайтарылды. Бұрынғы офицерлер жері мен еркін қоныстану учаскелерінен Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның қазақ, орыс халқына жер беру үшін 1 млн. десятинадан астам жер қоры құрылды.

1921 жылы Қосшы одағы” деп аталынған кедейлер ұйымы құрылды. Ауылдарда Кеңес өкіметінің нығаюы мен қазақ еңбекшілерін мемлекеттік және шаруашылық құрылысқа тарту ісінде үлкен рөл атқарды. Қосшы одағы” кедейлерге еңбек артельдерін құруға көмектесті, жер беруге қамқорлық жасады. Бұл одақ 1930 жылдан Кедей одағыатанды.

1921 жылы наурызда билік иелері азық салғыртын азық салығымен алмастыру, әскери коммунизмнен жаңа экономикалық саясатқа көшу туралы шешім қабылдады. Жерді жалға беруге және алуға, жалдама еңбекті қолдануға рұқсат етілді, ауыл шаруашылығы несиесі және тұтыну кооперациясын дамыту көтермеленді. Еңбек міндеткерлігі жойылды. Теміржол және автомобиль тасымалының, өндіруші және өңдеуші өнеркәсіптің кәсіпорындары шаруашылық есепке көшірілді. Машиналарды жалға беретін пункттер пайда болды, базарлар ашылды, кедейлер егістікті бірлесіп жырту үшін бірікті.

Ірі қарасы 6-ға жетпейтін қожалықтар салықтан босатылды. Көлік салығы мен ақшалай түтін салығы орнына бірыңғай заттай салық белгіленді. 1924 жылдың 1 қаңтарынан ақшалай салық енгізілді. Үдемелі салықтың ауыртпалығы кулактар мен байларға түсті. Салықтан жиналған қаражаттар қорғаныс ісіне, халық ағартуды дамытуға, ауыл шаруашылығына қолдау көрсетуге, ірі өнеркәсіпті дамытуға жұмсалды.

Мемлекет шаруаларға ауылшаруашылық машиналары мен жабдықтар сатып алуға несие бөлді. 1924-1925 жылдары республикаға әкелінген тракторларды кооперативтер мен коммуналар сатып алды. Егіс көлемі 1928 жылы 1913 жылғы деңгейіне жетіп, 4,4 млн. га болды. Мал cаны 1924 жылы 24,8 млн болса, 1928 жылы 41 млн.-ға көбейді.

ЖЭС жылдары өнеркəсіпте де өзгерістер болды.

Жалпыодақтық трестер республика бюджетіне табыстарының бір бөлігін аударып отырды. Трестерді қаптату аймақтарда өндіргіш күштерді ұтымды орналастыруға теріс әсер етті. Қазақстан экономикасының ұзақ жылдарға созылған шикізаттық сипаты анықталды. Қазақстанның кен өнеркәсібіне, әсіресе түсті металдар өндіруге көңіл бөлінді. Түсті металлургияның басты ауданы Кенді Алтай болды.

1920 жылы Шымкент сантонин (дермене) зауыты пайдалануға берілді.

1923 жылы Риддер қорғасын зауыты одақта өндіретін қорғасынның 40%-ын берді. Атырауды Доссор, Мақат мұнай кәсіпшіліктерімен жалғастыратын тар табанды жол салынды. 1927 жылы Қарсақбай мыс комбинаты мыс өндіруді бастады.

ЖЭС кезінде тауар айырбасы мен тауар айналымының маңызы артты. Жеке саудаға рұқсат етілді. Жәрмеңке саудасы күшейтілді. 1927 жылы 75 жергілікті, 13 губерниялық, 7 өлкелік жәрмеңке жұмыс істеп, сауда айналымы 30 млн. сомға жетті. Басты жәрмеңкелер:

Семей губерниясында – Қоянды, Баянауыл.

Ақмола губерниясында – Атбасар.

Ақтөбе уезінде – Ойыл, Темір.

Бөкей ордасында – Орда. Бұл жәрмеңкелерге Қытайдан, Монғолиядан көпестер келген.



Сұрақтар
  1. Қазақстан комсомолының І съезі өткізілді:

  2. XX ғ. 20 жж. Қазақстанда жергілікті көсем атанды:

  3. 1922 жылы Батыс Қазақстандағы ашығушылар мен аурулар үлесі:

  4. Семей, Ақмола губернияларында аштықтың болу себебі:

  5. Қазақтар ет салығынан босатылды:

  6. Республикадан тыс жерлерге көшіп кеткен адам саны:

  7. 1921 жылы жер реформасы жүргізілген аймақ:

  8. 1921 жылы құрылған кедейлер ұйымы:

  9. Жаңа экономикалық саясатқа көшу туралы шешім қабылданды:

  10. Көлік салығы мен ақшалай түтін салығы орнына енгізілген салық түрі:

  11. 1928 жылғы егістік жер көлемі деңгейі:

  12. XX ғ. 20 жж. Қазақстан экономикасының сипаты:

  13. 1920 жылы пайдалануға берілді:

  14. 1927 жылы Қазақстандағы өлкелік жәрмеңке саны:

  15. 1920-жж. әйелдер қозғалысының көрнектi қайраткерлерi кімдер?

  16. 1921-жылдың жазында Бүкiлресейлiк Орталық Атқару Комитетiнiң декретiмен аштық жайлаған аудандарға қайсы жатқызылды?

  17. ЖЭС кезінде Семей губерниясында қай жәрмеңкелер жаңғыртылды?

Қате туралы хабарландыру