Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

IV тарау. XX ғасырдың 20-жылдарының екінші жартысы мен 30-жылдардағы Қазақстанның дамуы. Индустрияландыруға бағыт алу және оның барысы

Конспект

Республиканың халық шаруашылығын қалпына келтіру əлі аяқталмаған болатын. Өнеркəсіп өндірісі соғысқа дейінгі деңгейінің 61%-на ғана жетті. Қазақстандағы индустрияландыру КСРО халық шаруашылығын дамытудың 1-бесжылдығымен (1928-1932 жж.) қатар келіп, өлкеде елеулі қиыншылықтармен жүзеге асты. Ауыл шаруашылығының үлесі басым болды. Орал-Ембі өңіріндегі бірнеше мұнай кәсіпшіліктері, Орталық Қазақстандағы көмір шахталары, Алтайдағы түсті металлургия кәсіпорындары ғана бар болатын. Байланыс және тасымал құралдары нашар дамыған еді.

Индустрияландыру үрдісі басқару жүйесіне әміршіл-әкімшіл басқару әдісінің енгізілуіне байланысты еді. 1925-1933 жылдар арасында билікте болған Ф.И.Голощекин социализмнің теоретигі рөлін атқаруға тырысып, Сталиннің қатаң бағытын жақтап, аймақтық көсемшілдік идеясын ұстанды. Ол қазақ ауылы Қазан лебін сезінген жоқ деп есептеді. Сондықтан “Кіші Қазан” төңкерісін өткізу идеясын насихаттады. Оның бағыты қарсылыққа ұшырап, Сталинге хат жолдады. Ф.И.Голощекин “Мен осы жазбаңызда белгіленген саясат, негізінен алғанда, бірден-бір дұрыс саясат деп ойлаймын” деген жауап алды.

С.Сəдуақасов пен Ж.Мыңбаевтың өлке экономикасында сақталып отырған отаршылдық құрылымды қайта қарау қажеттігі туралы ұсыныстары “жергілікті ұлтшылдық көрініс” деп қабылданды. Жоспарлаушы органдағы экономистердің өндіргіш күштердің даму деңгейіне, еңбек қорларының дəрежесіне сəйкес келетін индустрияландыру қарқыны туралы шақырулары “ұлыдержавалық шовинизм көрінісі” деп есептелді.

Индустрияландыру өлкенің табиғи байлықтарын зерттеуден басталды. Академик Н.С.Курнаков басшылық еткен геологтар мен геофизиктер Орталық Қазақстанның минерал-шикізат байлықтарын зерттеді. Олар “ҚазАКСР-і – Кеңес Одағының тұтас металлогенді аймағы” деген тұжырым жасады. Академик И.М.Губкин Кеңес билігінің алғашқы күндерінен бастап Орал-Ембі мұнайлы ауданын зерттеп, бұл кен орны мұнайға аса бай облыстардың бірі деп қорытындылады.

Инженер-геолог Қ.И.Сəтбаев Жезқазған ауданындағы мыс кен орындарын зерттеп, аймақтың болашағы зор екенін дəлелдеді.

1927 жылы Түркістан-Сібір теміржол магистралының құрылысы басталды. Теміржолды салуға басшылық етушілердің арасында Т.Рысқұлов, М.Тынышбаев болды. Түрксіб құрылысында бірнеше ұлт өкілдерінен тұратын 100 мың адам еңбек етті. 10 мыңдай қазақ жұмысшылары теміржолшы, құрылысшы, техник, жол ісінің шебері мамандықтарын меңгерді. Қатардағы жұмысшы Д.Омаров Түрксіб теміжолының бастығы қызметіне көтерілді. Қатардағы құрылысшы Т.Қазыбеков “Қазақкөлік-құрылыс” тресінің бастығы, Социалистік Еңбек Ері атанды.

Түрксіб жоспарда белгіленген 5 жылдың орнына 3 жылда салынып бітті. 1930 жылғы 28 сəуірде солтүстік жəне оңтүстік учаскелер Айнабұлақ станциясында түйісіп, жол уақытша іске қосылды. 1931 жылғы қаңтарда тұрақты пайдалануға берілді. Түрксіб магистралы салынуының мемлекеттік жəне əлеуметтік-экономикалық маңызы болды. Орта Азия Сібір аудандарымен жалғастырылды. Елдің шығыс аудандарының экономикасы мен мəдениетін дамытуға ықпал етті.

Соғысқа дейінгі бесжылдықтар кезінде салынған құрылыстар: Түрксіб теміржолы, Қарағанды шахталары, Ембі мұнай кəсіпшіліктері, Шымкент қорғасын зауыты, Балқаш, Жезқазған кен-металлургия комбинаттары, Кенді Алтай, Ащысай полиметалл кəсіпорындары, Ақтөбе комбинаты, жылу жəне су электр станциялары, құрылыс материалдары кəсіпорындары. Балқаштың, Қарсақпайдың, Жезқазғанның түсті металлургия кәсіпорындарымен бірге көмірлі Қарағанды алып өнеркәсіп кешеніне айналды. Түсті металлургия өнеркәсіптің жетекші саласына айналды. Индустрия дамуында Ертіс өңірінің үлес салмағы зор болды.

Өлкеде болашақ өнеркəсіп тораптарының негізі қаланып, басқа республикадағы экономикалық аудандармен байланыс нығайтылды.

Орталық Қазақстан шикізатты өңір ретінде Оңтүстік Оралдың өнеркəсіп орындарын кен, металл, көмірмен жабдықтады. Кенді Алтай Сібірдің индустриялы кешенімен ұласты. Ембі Батыс Қазақстандағы ірі мұнай өнеркәсібі базасына айналды. Орал-Сібір-Қазақстан үшбұрышы мырыш, мыс, қорғасын өндіруден КСРО-да жетекші орын алды.

Əміршіл-əкімшілік басқару жүйесінің əдістерімен – директивалық жоспарлау, орталықтың əмірімен іске асырылды. Өлкедегі индустрияландыру жоғарыдан жүзеге асырылып, шикізат көздері қарқынды игерілді. Қазан төңкерісіне дейінгідей өндіруші салалар және химия өнеркәсібінің дәстүрлі салалары басым дамытылды. Машина жасау, металлургия, қорғаныс өнеркəсібі кəсіпорындары болмады.

Энергетика базасы, құрылыс материалдары өнеркəсібі артта қалды. Тау-кен шикізатын дайындаушы база ретінде қала берді.

Республикадан сирек кездесетін металдар, мұнай, көмір, фосфорит орталыққа тегін əкетілді. Алтын өндіру елдің қаржы жүйесін нығайтуға үлес қосты. Табиғи байлықтарды теміржол арқылы тасымалдау 1913 жылғы деңгейінен 21,3 есе асып түсті. С.Сəдуақасов: “Қазақстан отар болып келді жəне солай болып қалды” деп көрсетті. Мұнай Ембіде өндіріліп, мұнай өңдейтін кәсіпорын Орскіде салынды. Білікті жұмысшы мамандар, инженер-техник қызметкерлер сырттан, негізінен РКФСР мен Украинадан əкелінді.

Қалаландыру үрдісі жүріп, қалалар мен қала үлгісіндегі қоныстар, қала халқы көбейді. 1939 жылы қалада 375 мың қазақ тұрды. 1926 жылмен салыстырғанда 5 есе көп болғанына қарамастан, қалалар еуропалық сипатта болған. Соғыс қарсаңында қала мен қала үлгісіндегі қоныстарда қазақтардың 16%-ы тұрды. Қала халқы Мәскеу, Ленинград, Киев, Харьков, Свердловскіден және Ресей, Украина, Әзірбайжаннан келген жұмысшылар, инженерлер, техниктер есебінен көбейді.



Сұрақтар
  1. Қазақстандағы индустрияландыру саясаты қатар келді:

  2. Ф.И.Голощекиннің билікте болған мерзімі:

  3. Экономикадағы отаршылдық құрылымды қайта қарау қажеттігі туралы ұсыныстарды биліктегілер қабылдады:

  4. Қазақстанда индустрияландыру басталды:

  5. Түрксіб темір жолын салуға қатысқан, Социалистік Еңбек Ері атағын алған құрылысшы:

  6. Түрксіб темір жолы тұрақты пайдалануға берілген мерзім:

  7. Соғысқа дейінгі бесжылдықтар кезінде салынған құрылыстар:

  8. Оңтүстік Оралдың өнеркəсіп орындарын шикізатпен жабдықтаушы аймақ:

  9. Индустрияландыру саясатында жіберілген кемшіліктер:

  10. 1930 жылдары Түрксіб арқылы шикізат тасымалдаудың 1913 жылғымен салыстырғандағы деңгейі:

  11. 1939 жылғы қалада тұратын қазақтар саны:

  12. Ф.И.Голощекин ұстанған көзқарасы:

  13. Түркiстан - Сiбiр темiржолын салуға басшылық етушiлердiң арасында белгiлi қазақ зиялылары кімдер?

  14. Қазақстанда алғашқы коммунистік сенбіліктер Оралда (1929-жылы 20- қыркүйекте), сол жылдың желтоқсанында қайда өтті?

  15. Қазақстандық атақты стахановшылардың қатарындағы Қарағанды шахтерлерін көрсет

Қате туралы хабарландыру