iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
Қазақстанда ауыл шаруашылығын ұжымдастыру
Жаңа экономикалық саясат нəтижесінде кооперативтік қозғалыс дами түсті. Мал саны 40,5 млн-ға жетті. Ф.И.Голощекин “ауылды кеңестендіру” ұранымен “жаңа революция” жүргізудің идеялық-cаяси негізін жасады. Наразылық білдірген Т.Рысқұлов БК(б)П Орталық Комитетінің қарамағына шақырылды, ал С.Сәдуақасов, С.Сейфуллин, С.Қожанов, Ж.Мыңбаев “ұлтшыл” деп айыпталды. Шабындық жəне егістік жерді қайта бөлу науқаны ауылдағы жағдайды ауырлата түсті. И.В.Сталиннің нұсқауымен астық дайындау барысында төтенше шаралар қолдануға рұқсат етілді. Ф.Голощекин ауылдарға 4800 уәкіл жіберді, 31 мыңдай шаруа жазаланды, 277 шаруа атылды.
Ұжымдастыру бай-кулактарды тəркілеуден басталды. 1928 жылғы тамызда “Аса ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды тəркілеу жəне жер аудару туралы” декрет жарияланды. Бай-феодалдар өздерінің мүліктік жəне қоғамдық ықпалымен ауылды Кеңестендіруге кедергі жасайды деп саналды. Ең ірі 657 байлар мен жартылай феодалдар жер аударылды. Олардан 145 мың мал тартып алынып, ауылшаруашылық құралдары 877 ұжымшарға, 24 491 шаруашылыққа бөлініп берілді.
1927 жылы желтоқсанда өткен Компартияның ХV съезі ауыл шаруашылығын ұжымдастыру бағытын жариялады. Ауылда кооперативтік қозғалыстың дамуы барысында еріктілік, дербестік, материалдық мүдделілік, кооперативтендірудің жоғары формаларына кезеңмен өту ұстанымдары жарияланды. ҚазақАКСР-де ұжымдастыруды 1932 жылдың көктеміне қарай аяқтау белгіленді.
Қазақстанның астықты аудандарындағы колхоздық құрылыстың негізгі формасы – ауыл щаруашылығы артелі, ал мал шаруашылығы аудандарында – жерді бірлесіп өңдеу жəне шөп шабу серіктестігі болуға тиіс еді. Жарғы бойынша мал қоғамдастырылмай, жеке мал мен құрал-саймандарды пайдалануға ақы төленуі керек болатын.
1929 жылдың екінші жартысынан бастап республикада ұжымшар құрылысы жедел дамыды. Алғашқы МТC (машина-трактор станциялары) құрылды. Ұжымдастыру мен отырықшыландыруды жаппай жүргізу үшін қосымша 8 мың жұмысшы “ұжымдастырушылар” тартылды. Мəскеу, Ленинград, Харьков, Иваново-Вознесенскіден 1204 адам жіберілді. Олар Ресейдегі жобаны қайталайтын қоныстандыру үлгісін орнықтырды.
Ұжымдастыру идеясы мейлінше қатаң жүргізіліп, жаппай қуғындау мен лаңкестікке негізделді. Ұжымдастыру даярлықсыз, жергілікті жағдайлар ескерілместен әкімшілдік-күштеу əдістерімен жеделдете жүргізілді. Шаруашылық базасын жасау, тұрғын үйлер, мəдени тұрмыстық объектілер салу жоспары орындалмады.
Белсенділер отырықшыландыруды жоспарланған 3 жылдың орнына 3 күнде аяқтап “жалған ұжымшар” құра бастады. 1932 жылдың ақпанында Шу ауданында жүздеген шаруашылықтар жиналып, 400 киіз үй “қала үлгісіндегі поселок” болып тігілді. Осындай жағдайлар әр жерде кездесті. Абыралы ауданында барлық шаруашылықтың 70%-ы, Жымпиты ауданында 60%-ы, Жəнібек ауданында 95%-ы ұжымдастырылды.
Шаруашылықты ұжымдастыру деңгейі үнемі өсіп отырды. 1928 жылы барлық шаруашылықтың 2%-ы, 1931 жылғы қазанда 65%-ы ұжымдастырылды. Азықпен қамтамасыз етудің қиындауына байланысты 1929 жылы «əскери коммунизм» саясаты кезіндегі төтенше əрекет жүргізілді. 1931-1932 жылдары Шұбартау ауданында малдың 80%-ы мемлекетке етке өткізілді. 173 мың малы болған Балқаш ауданына 297 мың малға салғырт салынды. Торғай ауданында 1млн-ға жуық малдың 98 мыңы қалды.
Торғайлықтар “асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!” ұранын көтерді.
Еріктілік ұстанымы өрескел бұзылды. Сайлау құқықтарынан айыру, басқа аудандарға жер аудару, ұзақ уақыт қамауда ұстау тәсілдері қолданылды. Ұжымшарға кіргісі келмеген кедейлер мен орташаларды “бай-кулактар” қатарына жатқызды. 1929 жылы 56 498 шаруа жауапқа тартылып, 34 мыңнан астамы сотталды. Кулактар қатарына жатқызу үшін темір шатырлы үйі немесе екі аты болуы жеткілікті болды.
Ақмола округінде сотталғандарды үй ішімен 24 сағатта жер аударып жіберген. Алматы, Петропавл округтерінде қара бойкот (шет қақпайлау) жариялап, терезелерге тақтай қағып, от жағуға рұқсат етпеген.
Ақтөбе, Павлодар округтерінде кедейлерді ұрып-соғу, суық су құйып азаптау, суық қоймаларға қамау, кулак үйінде жаназа рəсімін өткізуге жол берілген.
1929-1933 жылдары БМСБ (Біріккен Мемлекеттік Саяси Басқарма) үштігі 9 805 іс қараған. Aту жазасына 3 386 адамға, 3-10 жылға концентрациялық лагерьге қамауға 13 151 адамға үкім шығарды. 1933 жылы БМСБ үштігі 21 мыңнан астам адамды қамауға алды. Тұтас əулеттер мен рулар да жазаға тартылды. Үштіктің хаттамаларына Ф.Голощекин, І.Құрамысов (1930 ж. 9 наурыздан) Г.Рошаль қол қойып отырды.
1930-1932 жылдары елді аштық жайлады. Аштықтан, түрлі індеттен халықтың 40%-ы қырылды. 1931-1933 жылдары республикадағы 6,2 млн. тұрғынның 2,1 млн-ы қырылды. Оның ішінде қазақтан басқа халықтың шығыны – 0,4 млн адам. 1 млн-нан астам қазақ республикадан тыс жерге көшіп кетті. Ұжымдастыру қарсаңындағы мал саны – 40,5 млн болса, 1933 жылы 1 қаңтарда 4,5 млн ғана мал қалды.
1932 жылғы шілдеде аштық апаты мен себептері туралы Ф.Голощекинге “Бесеудің хаты” жазылды. Бұл хатты жазған қайраткерлер – Ғ.Мүсірепов, М.Ғатауллин, М.Дəулетқалиев, Е.Алтынбеков, Қ.Қуанышев. 1933 жылғы наурызда Т.Рысқұлов аштық апаты туралы И.В.Сталинге, М.М.Кагановичке, В.М.Молотовқа хат жолдады.
1929-1931 жылдары өлкеде қарулы қарсылықтар болды. 1929 жылы қыркүйекте Қарақалпақстандағы Тақтакөпірде, Сырдария округіндегі Бостандықта, қарашада Қостанай округіндегі Батпаққарада қозғалыстар болған. 1930 жылы ақпанда Сырдария округіндегі Созақта, Ақтөбе округіндегі Ырғызда, 1930 жылы наурызда Алматы округіндегі Сарқантта қозғалыстар басталған. Қозғалыстардың негізгі себебі – күштеп ұжымдастыруға, ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс укладының қиратылуына, орташалар мен кедейлерді кулактар ретінде жоюға қарсылық.
Семей округі халық наразылығының ірі ошағы болды. 1930 жылғы ақпан-мамыр аралығында Зырянов, Өскемен, Самар, Шемонайха, Катонқарағай аудандарын ірі толқулар қамтыды. “Бандиттік-басмашы қозғалысының көрінісі” деп бағаланған Торғай шаруаларының Батпаққара көтерілісі бүкіл республикаға күшті әсер етті. Қарақұм көтерілісін Орынборда орналастырылған 8-дивизия басып тастады.
Көтерілісшілер Созақ ауданының орталығын басып алып, аудан басшыларын өлтірді. 1931 жылғы көктемде Қарқаралы округінің Абыралы, Шыңғыстау, Шұбартау аудандарының көтерілісшілері түгел қырылды.
Республика аумағынан шетке қашу жиіледі. Түрікменстан, Қарақалпақ, Иран, Ауғанстанға – Маңғыстау, Жылқосын, Ойыл, Табын аудандарының халқы көшіп кетті. Қытай жеріне – Алматы округінің Балқаш, Шоқпар, Іле, Еңбекшіқазақ, Биен-Ақсу, Сарқант, Жаркент, Бөрібаев аудандарының халқы көшіп кетуге мәжбүр болды. Республика аумағында 372 толқулар мен көтерілістер болған.
1932 жылғы қыркүйекте Қазақстанның ауыл шаруашылығы туралы қаулы қабылданды. Мал шаруашылығы аудандарында шаруашылық артеліне көшу сатысы ретінде бірлесіп жер өңдеу мен шөп шабу жөнінде серіктестіктер құруды ұсынды. Саяси жағынан сəтсіздікке ұшыраған басшылық (Голощекин, Исаев, Құрамысов, Ерназаров, Голюдов) халық алдында жауапқа тартылмады. “Жасанды ұжымшарлар” таратылды. Астықты аудандарда коммуналар орнына артельдер ұйымдастырылды. Күштеп қоғамдастырылған мал-мүліктер халыққа қайтарылды. Отырықшы аудандарға техникалық және қаржылай көмек көрсетілді.
1935 жылдың ақпанында екпінді ұжымшар мүшелерінің съезі болды. Ауылшаруашылық артелінің жаңаүлгі Жарғысы қабылданды. Екінші бесжылдық кезінде егіс көлемі мен мал саны өсті. Мақта мен қант қызылшасы егістіктері кеңейтілді. Көшпелі өмір салтынан отырықшылыққа көшу аяқталды. 1938 жылғы қарашада Қиыр Шығыстағы корей ұлты ауданынан (Посьет) Қазақстанға 100 мыңнан астам адам көшірілді. Қызылорда мен Алматы облыстарында корейлерден тұратын 57 ұжымшар құрылды.
Ұжымдастыру бағытының 2 жағы болды:
1. Шаруалар бай-феодалдарға кіріптарлық пен күйзелістен құтылды.
2. Көшпелі өркениет ерекшелігі ескерілмей күштеу әдісімен жүзеге асырылды.
-
Ұжымдастыру алдындағы мал саны:
-
“Аса ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды тәркілеу жəне жер аудару туралы” декрет жарияланды:
-
Астықты аудандардағы колхоздық құрылыстың негізгі формасы:
-
Ұжымшар құрылысы жедел дами бастаған кез:
-
400 киіз үй “қала үлгісіндегі поселок” болып тігілген аудан:
-
Шұбартау ауданында етке өткізілген малдың үлесі:
-
1929-1933 жылдары ату жазасы берілген адам саны:
-
Қара бойкот жарияланған округтер:
-
1930-1932 жылдары болған апатты оқиға:
-
“Бесеудің хатын” жазғандар:
-
Күштеп ұжымдастыруға қарсы қозғалыстар болған мерзім:
-
“Бандиттік-басмашы қозғалысы” деп бағаланды:
-
Ұжымдастыруға қарсы болған толқулар мен көтерілістер:
-
1932 жылы астықты аудандарда коммуналар орнына ұйымдастырылды:
-
1935 жылы екпінді ұжымшар мүшелерінің съезінде қабылданды:
-
1931-1933 жылдары аштықтан қырылғандардың ішінде, қазақтан басқа халықтың шығыны:
-
1931 жылдың көктемінде ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыруға қарсы көтеріліс жасаған шаруалар түгел қырылып тасталған Қарқаралы округіндегі аудан(-дар)
-
1932-жылғы шiлдеде аштық және оның себептерi туралы БК(б)П өлкелiк комитетiне, тiкелей Ф. Голощекинге ашықхатты республиканың қай қайраткерлерi жазды?
-
1933-жылғы наурызда Тұрар Рысқұлов кімге хат жолдады?
-
1932-жылғы шiлдеде Ф. Голощекинге ашықхат жазған (-дар) кім?