Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

1930 жылдардағы қоғамдық-саяси өмір. Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының құрылуы

Конспект

1930 жылдары КСРО-да социалистік қатынастар орнады. Социализм тоталитарлық, казармалық сипат алды. Мемлекеттік меншік нығайып, өндіріс құрал-жабдықтарына қоғамдық меншік орнап, шаруалар жерден шеттетілді. Жұмысшылар орталықтандырылған мемлекеттік меншікке қатысы жоқ, еңбегін сатып күн көретін пролетариат қалпында қалды. 1936 жылы сталиндік КСРО Конституциясы жариялаған бюрократиялық орталықтандыру орнықты.

Республикалар іс жүзінде толық егемендік алмады, оларға заң шығару құқығы берілмеді.

Елде Социализм жолымен ілгерілеген сайын тап күресі шиеленісе түседі” деген сталиндік теория үстемдік етті. Жазалау органдарының қызметі күшейтілді. Мемлекеттік билік органы ретіндегі Кеңестер қызметі шектелді. Жеке адам құқығы тарыла берді, балама пікір қабылданбады. 1928 жылы Қызылордада қызыл астананысалушылардың “қаскүнемдігі” ашылды. Талантты сəулетшілер, инженерлер, ғалымдар – М.Тынышбаев, П.Т.Буддаси, С.Б.Голдгор, С.А.Баграков жауапқа тартылды. 1930 жылғы сəуірде қазақ-кеңес əдебиетінің негізін салушылардың бірі – Жүсіпбек Аймауытовты атуға үкім шығарылды.

1937-1938 жылдары лаңкестік жаппай сипат алды. Ұлт зиялылары “халық жаулары” деп айыпталып, сталиндік жендеттердің қолынан қаза тапты. Қазақ-кеңес əдебиетінің көрнекті тұлғалары – С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Жұмабаев, М.Дулатұлы жазаға ұшырады. Жазалау шараларының құрбандары: қазақ тілі білімінің ғылыми маркстік негізін салушы А.Байтұрсынұлы, тілтанушы ғалым, профессор Қ.Жұбанов, қазақтың тарихи білімінің негізін салушы С.Асфендияров, КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалы басшыларының бірі М.Төлепов.

Қазақстанда лагерьлер жүйесі құрылды:

Степлаг – далалық лагерь.

Карлаг – Қарағанды ерекше режимді еңбекпен түзеу лагері.

ЧСИР – Отанға опасыздық жасағандардың отбасы мүшелеріне арналған лагерь.

АЛЖИР – Отанға опасыздық жасағандар əйелдерінің Ақмола лагері.

ГУЛАГ – Лагерьлер Бас Басқармасы.

С.Сейфуллиннің, Т.Жүргеновтің, С.Қожановтың əйелдері және Т.Рысқұловтың əйелі мен қызы түрмелерде азап шекті. 1931 жылы Осакаров ауданында (Қарағанды облысы) 25 қоныс-обсервация пайда болды. 1932 жылдың күзінде жазалауға ұшыраған кубаньдықтардың бірнеше эшелоны Осакоровқа əкелінді.

Карлаг азабын көргендер арасында Одақ көлемінде белгілі ғалымдар болды. Ғалым А.Л.Чижевский – салмақсыздық жағдайындағы қан айналымы теориясы жөніндегі еңбектің авторы, Э.Циолковскийдің досы. Профессор В.Л.Пржецлавский – жылу техникасы жөніндегі ірі маман, академик С.П.Королевтің серігі. В.С.Пустовойт – кейін атақты селекционер, академик болған, екі мəрте Социалистік Еңбек Ері. Н.В.Тимофеев-Ресовский – кейін радиациялық генетиканың негізін салушы. Т.М.Людвиг – Сəулет академиясының корреспондент-мүшесі.

Партияның Қазақстанға жіберген көптеген өкілдері, адал қайраткерлер де лаңкестіктің құрбаны болды: 1905 жылдан партия мүшесі, кәсіпқой революционер В.Н.Андронников, 1917 жылдан партия мүшесі Л.И.Мирзоян, 1919 жылдан партия мүшесі, азамат соғысына қатысқан К.Я.Рафальский, 1917 жылдан партия мүшесі В.Н.Манерсен.

1930-1940 жылдары және 1950 жылдарда контрреволюциялық қылмыстар туралы істердің жартысынан астамын негізінен сот органдары емес, БМСБ алқасы, «Үштіктер», ерекше кеңестер қараған.

101 мың қазақстандық ГУЛАГ-қа жабылып, 27 мыңнан астамы атылды. “Халық жауларының” 40 мыңы кейін ақталды.

РКФСР құрамындағы Қазақ АКСР-і дамыған индустриялды-аграрлы республикаға айналды. Еңбекке жарамды 3,3 млн адамның 1 млн-ға жуығы жұмысшылар мен қызметшілер болды. Ауылда механизаторлар өзекті тұлғаға айналды. 1936 жылғы 5 желтоқсанда КСРО Кеңестерінің төтенше VІІІ съезінде КСРО Конституциясы қабылданды. Қазақ АКСР-ы Одақтас республика болып қайта құрылып, Қазақ КСР-і атанды. Барлығы 11 одақтас республика болды.

1937 жылғы наурызда Қазақстан Кеңестерінің төтенше Х съезінде Қазақ КСР-і Конституциясы қабылданды. Республиканың саяси негізі – еңбекшілер депутаттарының Кеңестері, ал экономикалық негізі – социалистік шаруашылық жүйесі деп көрсетілді. Өндіріс құралдары мен құрал- жабдықтары социалистік меншік болып табылатыны жарияланды.

1937 жылдың желтоқсанында КСРО Жоғарғы Кеңесінің сайлауы өткізілді. Жоғарғы Кеңеске республикадан 44 депутат сайланды. Олардың ішінде шахтер Т.Күзембаев, мұнайшы С.Зұрбаев, комбайншы И.Логвиненко, сауыншы С.Оңғарбаева, паровоз машинисі Л.Березняк болды. 1938 жылғы маусымда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сайлауы өтіп, оған 300 депутат сайланды, оның 152-сі қазақ болды.

1939 жылы елдің индустриялық қуатын арттыру, қорғаныс қабілетін нығайту мақсаты қойылды. Қазақ КСР-і үшінші бесжылдықта түсті металдар өндіру жөніндегі ірі базаға, көмір, мұнай өндіретін, ауыл шаруашылығы дамыған ауданға айналуға тиіс болды.

 

1938-1941 жылдары іске асырылған шаралар:

1. Қарсақпай мыс балқыту зауытын қайта құру мен кеңейту.

2. Жезқазған мыс балқыту зауытын салу.

3. Алтайда түсті металлургияны дамыту.

4. Ембідегі геологиялық жұмыстар мен барлап бұрғылау ісін жеделдету.

Үшінші бесжылдық жылдары еңбек кітапшалары енгізілді, мемлекеттік сақтандыру тəжірибесі жақсартылды, 8 сағаттық жұмыс күніне, 6 күндік жұмыс аптасына көшірілді. 1940 жылдың соңында мемлекеттік еңбек резервтері жүйесі пайда болды. Әйелдердің жаппай ерлер мамандығын меңгеру қозғалысы басталды. П.Ангелинаның тракторды меңгеруге шақырған бастамасымен ондаған мың қыздар мен əйелдер тракторшы мамандығын меңгерді. Соғыс қарсаңында инженер мен техниктердің саны артты, құрылыстарды салу жеделдеді. Құрылыста лагерьлік экономикаға жақын шаруалардың тегін күші пайдаланылды.

1940 жылы ұзындығы 806 шақырымдық Ақмола-Қарталы жолы 9 айға толмайтын мерзімде екпінді құрылыс ретінде салынды. Қарағандыдан Магнитогорскіге көмір тасу 500 шақырымға қысқарды.

Атырау-Қандыағаш, Қандыағаш-Орск, Шығыс Қазақстан мен Семей облысындағы 806 км. “Шығыс орамы” , Алматы-Сарыөзек, Жамбыл-Алакөл темір жолдары салынды. Барлығы 2681 шақырым теміржол, оның 1358 шақырымы пайдалануға берілді.

Соғыстың алдындағы жылдарда түсті металлургия жоғары қарқынмен дамыды. Шымкент қорғасын, Балқаш мыс қорыту, Лениногор, Зырянов полиметалл зауыттары, мыс балқыту комбинаты, Ащысай, Қоңырат кеніштері салынды. Салынып жатқан құрылыстар қатарына Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, Текелі полиметалл, Жезқазған мыс балқыту комбинаттары жатты. Лениногор комбинаты, Қарсақпай, Ертіс мыс балқыту зауыттары қайта құрылды. Шымкент қорғасын зауытының қорғасыны одақтағы ең таңдаулы деп танылды. Химия өнеркәсібі және радиоландыру жоғары қарқынмен дамыды. 1940 жылы 2580 ірі кəсіпорын жұмыс істеді. 1940 жылы Қазақстан Одақ бойынша қорғасынның 87%-ын, мыстың 21%-ын өндірді.

Халықтық құрылыс әдісімен каналдар мен суландыру жүйелері салынды. Батыс Қазақстанда Жайық-Көшім каналы пайдалануға берілді. Бетпақдаланы игеру жедел қарқынмен жүргізілді. Тұрғын үй құрылысына бөлінетін күрделі қаржы артты. Ауруханалар, дүкендер, асханалар көптеп салына бастады.



Сұрақтар
  1. 1936 жылы КСРО-да орнықты:

  2. Жүсіпбек Аймауытовқа шығарылған үкім:

  3. Жазалауға ұшыраған КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалы басшыларының бірі:

  4. 1932 жылы Осакоровқа əкелінген жазалауға ұшыраған ұлт өкілдері:

  5. Екі мəрте Социалистік Еңбек Ері, Карлагта тұтқында болған ғалым:

  6. Лаңкестік жылдары атылған қазақстандықтар саны:

  7. Қазақ АКСР-ы Одақтас республика болып құрылды:

  8. Қазақ КСР-інің Конституциясы қабылданған мерзім:

  9. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі депутаттары ішіндегі қазақтар саны:

  10. Үшінші бесжылдықтағы Қазақстан өнеркəсібінің жетекші саласы:

  11. Мемлекеттік еңбек резервтері жүйесі пайда болды:

  12. Қарағандыдан Магнитогорскіге көмір тасу қысқарды:

  13. 1940 жылы Қазақстанда өндірілген қорғасынның үлесі:

  14. Батыс Қазақстанда салынған канал:

  15. «Қызыл астананы» салу барысында қастандық ұйымдастырған деп Қазақстанның архитекторлары мен инженерлеріне кінә тағылды:

  16. Т.Рысқұлов Қазақстандағы аштық туралы Сталинге ашық хат жазды:

  17. Репрессияға ұшыраған қазақ әдебиетінің көрнекті қайраткерін көрсетіңіз:

  18. Қазақстан жеріндегі атақты ГУЛАГ-тың қандай лагерьлері орналасты?

  19. 1928-жылдың соңында 44 адам - бұрынғы «Алашорданың» қайраткерлері “буржуазиялық ұлтшылдар” деген айыппен тұтқындалды. Олардың арасында болғандарды көрсет.

  20. 1930-шы жж. жазаға ұшыраған қазақ-кеңес әдебиетінің көрнекті тұлғалары кімдер?

Қате туралы хабарландыру