iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
Сәкен Жүнісов, Әбіш Кекілбаев, Баубек Бұлқышев прозасы
Жазушы, драматург Сәкен Жүнісов 1934 жылы Көкшетау өңіріндегі Кішкенекөл ауылында дүниеге келген. Әдебиет әлеміне балаларға арнаған «Бір шофердің әңгімесі» деген шағын шығармасымен келген С. Жүнісовтің алғашқы кітапшасы 1959 жылы балаларға арналған «Сонарда» деген атпен шыққан. Одан кейінгі жылдарда да жазушының «Сақау бәтеңке», «Кімнің мекені жақсы?», «Әжем мен, емші, дәрігер» деген балаларға арналған жинақтары жарық көрген. С. Жүнісовтің проза жанрындағы алғашқы көлемді шығармасы – 1965 жылы жарық көрген тың игеру тақырыбына арналған «Жапандағы жалғыз үй» романы. С. Жүнісовтің 1987 жылы шыққан «Аманай мен Заманай» повесі алмағайып кезеңдегі халық қасіретіне арналған. Повестің оқиғасына негізгі кейіпкерлер Балзия мен Атымтайдың бір сәттік жастық, жайдары, бақытты ғұмырлары жалт етіп өте шыққан Сәукеле тау туралы аңыз желі болып тартылған.
С. Жүнісовтің проза жанрындағы көлемді де көркем шығармасы – «Ақан сері» роман-дилогиясы ақын, әнші, сазгер Ақан сері Қорамсаұлының өмірі мен өнеріне арналған. Романда тамаша сомдалған «әйелдер галереясы» бар. Соның бірі әрі бірегейі – өзінің сәнімен, нәзік қылығымен, ерке мінезімен, ажар-көркімен, ақыл-парасатымен ерекше сомдалған, Ақанның сүйгені, Ақанды сүйген Ақтоқты. Романның «Ақырғы бәйге» тарауында асқа келген Ақанның Құлагерін сынап, тұлпардың бойындағы ерекше қасиетін дөп таныған Күреңбай сыншы тұлғасы да романда өз өрнегін тапқан. С. Жүнісовтің «Ақан сері» роман-дилогиясы – ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ елінің қоғамдық қарым-қатынасын, әлеуметтік құрылысы мен тұрмыс-тіршілігін баяндаған кең тынысты , күрделі роман.
Драма жанрын «Бәсеке» атты шағын пьесадан бастаған С. Жүнісовтің «Ажал мен Ажар», «Қызым, саған айтам», «Жаралы гүлдер», «Қылмыскер», «Тұтқындар», «Қос анар», «Өліара», «Кемеңгерлер мен көлеңкелер» деген драмалық және «Қысылғаннан қыз болдық» атты комедиялық шығармалары – қазақ драматургиясының дамуына қосылған құнды туындылар. Драматург С. Жүнісов Петропавлск – Көкшетау темір жолын салушы жұмысшылар еңбегін суреттеген «Өліара» пьесасы үшін 1986 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын иемденген. С. Жүнісовтің «Кемеңгерлер мен көлеңкелер» атты соңғы драмалық шығармасы – М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов сынды қазақ әдебиетінің алыптарын кейіпкер етіп ала отырып, қоғамдағы шындықты, тартысты жағдайларды, кемеңгерлердің азаматтық ұстанымдары мен дүниетанымдарын, оларды аңдып баққан көлеңкелердің іс-әрекеттерін қым-қиғаш тартыс үстінде шеберлікпен танытқан көркем туынды.
Өзінің прозалық және драмалық шығармаларымен ұлттық әдебиеттің қорын байытқан көрнекті қаламгер Сәкен Жүнісов 2006 жылы қайтыс болған.
ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі, мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаев 1939 жылы Маңғыстау өңірінде дүниеге келген. Әдебиетке поэзиялық шығармаларымен келген Ә. Кекілбаевтың алғашқы жыр жинағы 1962 жылы «Алтын шуақ» деген атпен шыққан. Жазушының «Бір шөкім бұлт», «Дала балладалары», «Бір уыс топырақ», «Шыңырау» «Тырау-тырау тырналар», «Құсқанаты», «Үркер», «Елең-алаң», «Аңыздың ақыры», Бәсеке, «Бәйгеторы», «Күй», «Ханша—дария хикаясы» атты прозалық, «Абылай хан» драмасы, «Дәуірмен бетпе-бет», «Заманмен сұхбат» деген әдеби-сын, әдеби-философиялық, публицистикалық еңбектері бар.
Жазушының «Шыңырау» әңгімесіне ата дәстүр құдық қазуды кәсіп еткен Еңсеп тағдыры арқау болған. Еңсеп қазған құдық арада сандаған жылдар өткен соң «Еңсеп өлген» деген атпен Үстірттің үстіндегі ең терең, ең мол шыңырау боп атағы жайылған.
Ә. Кекілбаевтың аңыздың ізімен жазылған, оқиғасы философиялық-психологиялық астармен өрбіген көлемді туындысы «Аңыздың ақыры» романы «Қызыл алма», «Мұнара», «Махаббат», «Аңыздың ақыры» атты төрт бөлімнен тұрады. Кітаптың бас қаһарманы – хан тағына қолы жеткен, мың сан елді аяқ асты етіп жентектеген айбарлы әмірші Алмас хан.
Қазақ әдебиетіне көсемсөз жанрымен үлес қосқан Баубек Бұлқышев 1916 жылы Жезқазған облысының Ұлытау ауданында дүниеге келген. Баубектің әкесі Амангелді Иманов пен Әліби Жангелдин басшылық еткен 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысқан. 1940 жылы әскер қатарына шақырылған Б. Бұлқышев Мәскеу қаласын, Украинаны азат етуге қатысқан. Б. Бұлқышев өзінің әскери очерктері мен публицистикасын орыс тілінде жазып, «Комсомольская правда» газетінде жариялап тұрған. Б. Бұлқышевтің мақалаларын жазушы Ғабит Мүсірепов қазақ тіліне аударып, қазіргі «Егемен Қазақстан» газетіне жариялаған. Б. Бұлқышевтің от пен оқтың астында жүріп жазған «Өмір сүргім келеді», «Өмір мен өлім туралы», «Жүріп келе жатырмын», «Шығыс ұлына хат» деген публицистикалық шығармаларында елін сүйген, Отанына шын берілген азаматтың тұлғасы танылған. Публицист-жазушы Б. Бұлқышевтің «Шығыс ұлына хат» деген шығармасындағы: «Менің көз алдыма: «Қарағым, ұлым, тағдырым сенің қолыңда» – деп тұрған ізгі ана – Қазақ әйелінің бейнесі келеді. Бұл маған Отан өміріне төнген қауіпті аңғартады», – деген сөздерінен Отанын анасына балаған патриот-азамат бейнесін көруге болады.
Б. Бұлқышевтің «Айсұлу» поэмасы, «Алматы – менің туған қалам» деген аяқталмаған романы бар. Публицист-жазушының көркем әдеби мұрасы М. Иманжановтың редакциясымен «Өмір біздікі» деген атпен 1948 жылы жарыққа шыққан. Көсемсөз шебері, ер жүрек жауынгер Баубек Бұлқышев 1944 жылы майданда қаһармандықпен қаза тапқан.
-
С. Жүнісовтің балаларға арнаған шығармасын көрсетіңіз.
-
С. Жүнісовтің пьесасын табыңыз.
-
С. Жүнісовтің алғашқы көлемді шығармасын көрсетіңіз.
-
С. Жүнісовтің өнер адамының тағдырын арқау еткен шығармасын белгілеңіз.
-
С. Жүнісовтің «Ақырғы бәйге» шығармасындағы сыншының есімін табыңыз.
-
С. Жүнісовтің Мемлекеттік сыйлық алған шығармасын белгілеңіз.
-
С. Жүнісовтің «Аманай мен Заманай» шығармасының сюжетіне қай тау туралы аңыз желі болғанын белгілеңіз.
-
М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов есімдері аталатын С. Жүнісовтің шығармасын көрсетіңіз.
-
С. Жүнісовтің «Ақан сері» романындағы Ақан сүйген қыз есімін белгілеңіз.
-
Ә. Кекілбаевтың алғашқы жинағын көрсетіңіз.
-
Ә. Кекілбаевтың публицистикалық шығармалар жинағын табыңыз.
-
Ә. Кекілбаевтың төрт бөлімнен тұратын романын табыңыз.
-
Ә. Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» шығармасының бас қаһарманын белгілеңіз.
-
С. Жүнісовтің роман-дилогиясын көрсетіңіз.
-
С. Жүнісовтің комедиялық шығармасын көрсетіңіз.
-
С. Жүнісовтің тың игеру тақырыбына арнаған шығармасын табыңыз.
-
С. Жүнісовтің драма жанрындағы тырнақалды туындысын белгілеңіз.
-
Балзия мен Атымтай С. Жүнісовтің қай шығармасының кейіпкері екенін табыңыз.
-
Баубек Бұлқышевтің өмір сүрген жылдарын көрсетіңіз.
-
Баубек Бұлқышевтің поэмасын табыңыз.
-
Б. Бұлқышевтің шығармалар жинағын белгілеңіз.
-
Б. Бұлқышевтің шығармасын табыңыз.
-
«Менің көз алдыма: «Қарағым, ұлым, тағдырым сенің қолыңда» – деп тұрған ізгі ана – Қазақ әйелінің бейнесі келеді. Бұл маған Отан өміріне төнген қауіпті аңғартады» – деген үзінді
Б. Бұлқышевтің қай шығармасынан алынғанын белгілеңіз.
-
Б. Бұлқышевтің романын көрсетіңіз.
-
Б. Бұлқышевтің шығармаларын қазақ тіліне аударған жазушыны көрсетіңіз.
-
«Шығыс ұлына хат» кімнің туындысы екенін анықтаңыз.
-
«Өмір сүргім келеді» деп аталатын шығарманың авторы кім екенін белгілеңіз.
-
Әбіш Кекілбайдың «Шыңырау» повесіндегі Еңсеп қазған шыңыраудың қалай аталғанын есіңізге түсіріңіз.
-
«Шығыстан сызылып таң келеді. Мен немісті өлтіруге жөнелдім»,– деп жазған Шығыс ұлы кім екенін табыңыз.
-
Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» романдарының басты кейіпкері Әбілқайыр ханның Ресей қарамағына бодан болып енуінің басты себебі (-тері)
-
Сәкен Жүнісовтің балаларға арналған шығармасы (-лары)