iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова поэзиясы
ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ поэзиясының дамуына зор үлес қосқан ақиық ақын Мұқағали Мақатаев Алматы облысының Райымбек ауданының Қарасаз ауылында 1931 жылы 9 ақпанда дүниеге келген. Балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарының ауыр да қиыншылыққа толы кезеңінде өткен он жасар Мұқағалидың алғашқы тырнақалды өлеңі де осы қан майданға аттанған әкеге деген сағыныштан туған. Жыр еліне ауыз әдебиетінің мөлдірінен сусындап, ұлы Абай тереңіне бойлап, орыс пен Еуропа, шығыс әдебиетінен тәлім алып келген ақиық ақынның «Фантазия» атты өлеңі халық ауыз әдебиетінің бір түрі қиял-ғажайып ертегісіне ұқсас болып келеді. М. Мақатаев «Барлығы да сендердікі» өлеңінде:
Армысыңдар, Ата ұрпақтың тағдыры!
Армысыңдар, жаңа атқан таң нұры! –
деп ата-баба мұрасын, өсиетін келер ұрпаққа аманат етсе, «Мен – таулықпын» өлеңінде өр халықтың өршіл ұландарының атынан асқақ тіл қатқан. «Қайырлы түн», «Елім барда». «Анау – аспан, анау – бақ» өлеңдерінде ақын еліне, Отанына, туған жерінің табиғатына деген сүйіспеншілігін, ыстық ықыласын көрсеткен. «Қара өлең» шығармасында халық өнерін, ұлттық құндылықтарды құрметтеу сезімін жырлаған. М. Мақатаевтың «Ильич», «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек, Райымбек!», «Моцарт. Жан азасы», «Ару – ана», «Бала шақтан болашаққа», «Мұзбалақ», «Чили, шуағым менің», «Ақ қайың әні» поэмалары бар. «Табыт үні», «Халық үні», «Жесірлер үні», «Бесік жыры» деген шағын төрт бөлімнен тұратын «Моцарт. Жан азасы» поэмасы – философиялық толғау түрінде жазылған М.Мақатаев шығармаларының мұзарт шыңы. Ақын «Чили, шуағым менің» деген лирико-публицистикалық үлгіде жазылған поэмасында Чили халқының адал перзенті, жалынды ақыны Пабло Неруданың халқының бостандығы үшін күрескен азаматтық бейнесін асқақтата жырласа, «Ару – ана» поэмасы адам – қоғам – заман тақырыбына арналған. «Райымбек, Райымбек!» поэмасы үш бөлімнен тұрады.
Бірінші бөлімде ақын қазақ елінің басына түскен ауыртпалықты, елінен, жерінен, атамекенінен айырылған халықтың мұңы мен зарын, ауыр тағдырын қара түспен бояй отырып, қабырғасы қайыса жырлайды.
Екінші бөлімде айтқанынан қайтпайтын өжет, бірбеткей, қайсар, жасынан елінің мұң-мұқтажын көксей білген Райымбек тұлғасы әр қырынан суреттелген.
Үшінші бөлімде жас батыр Райымбектің іргесі сөгілген елдің басын қосуға талпынуы, ел арасына атағы жайылып танымал болуы, қолбасшылыққа қол жеткізуі жырланған. Поэмада ақыл мен парасаттың, намыс пен ар-ұяттың символындай болып Қабай жырау есімі аталған.
М. Мақатаевтың «Аманат» атты жыр жинағы 1999 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын иеленген.
«...Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев
Алайда өлтіре алмас өлеңді ешкім», –
деп ақын өзі жырлағандай, М. Мақатаев жырлары өзінің саф тазалығымен, табиғи, қазақы болмысымен ерекшеленетін қазақ поэзиясындағы шоқтығы биік туындылар болып қала береді.
Небәрі отыз жыл ғана өмір сүріп, оттай лапылдап өткен жалынды ақын Төлеген Айбергенов 1937 жылы Қарақалпақстанның Қоңырат ауданында туған. Жас ақынның туған жерге деген ыстық сағынышынан, албырт сезімінен туған өлеңдері 1961 жылы «Жас дәурен» атты ұжымдық жинақта жарияланған. Т. Айбергеновтің алғашқы өлеңдер жинағы 1963 жылы «Арман сапары» деген атпен жарық көрген. Одан кейінгі жылдары «Өмірге саяхат», «Құмдағы мұнаралар», «Мен саған ғашық едім», «Аманат». «Бір тойым бар» деген жыр жинақтары, балаларға арналған «Бақшаға саяхат» сурет-кітапшасы шыққан. Т. Айбергеновтің «Ақерке Жайық», «Жаңғырған Маңғыстау», «Қазақстан», «Сені ойладым», «Мені ойла», «Ақ қайыңда», «Бір тойым бар» өлеңдері әнге айналып, ел ішіне кеңінен тараған.
Ақынның «Ана» атты өлеңінде ана мен бала мәселесі көтерілген. Ақын:
Шат жүріп-ақ қас қаққанша боламын мен шерменде,
Жетім емес кей ананың жетімдігін көргенде, –
деп, тебірене жырлай отырып, ана атаулының бақытын, қуанышын тілеген. «Аруана – бауыр дүние» өлеңіне аруананың туған жерге деген сағынышы арқау болған.
Т. Айбергеновтің «Құмдағы мұнаралар» жинағы 1974 жылы Ленин комсомолы сыйлығына ие болған.
Азғана ғұмырында терең ой мен мөлдір сезімге толы жырларымен ел ықыласына, халық сүйіспеншілігіне бөленген ақын Төлеген Айбергенов 1967 жылы қайтыс болған.
ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақ әдебиетіне келген бір топ дарын иелерінің бірі Қадыр Мырза Әли 1935 жылы Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауданында өмірге келген. Еңбек жолын 1958 жылы «Балдырған» журналынан бастаған Қадыр ақын – балаларға арналған «Күміс қоңырау», «Ақ отау», «Ноян қоян», «Шымыр жаңғақ», «Мешін және адам», «Биік баспалдақ» кітаптарының авторы. Қадыр Мырза Әлидің «Бұлбұл бағы», «Ой орманы», «Дала дидары», «Көш», «Домбыра», «Жерұйық», «Қорамсақ», «Көкпар», «Кеш», «Қызыл кітап» деген жыр жинақтары – қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған құнды дүниелер. Ақынның «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру» өлеңіндегі:
Қазақ осы:
Жайып жатқан қанатын.
Батыр халық,
Ақын халық – дәл аты... –
деген жолдар қазақ халқының бүкіл болмыс-бітімін танытып тұрғандай. «Нұр», «Түн кірпігін ілмеді», «Шалкөде жайлауы» өлеңдері – ел мен жерге деген сүйіспеншіліктен туса, «Қызыл кітапта» сол жерді, жердің байлығын қорғау мәселесі көтерілген. Қадыр ақынның «Махаббат», «Пайғамбар жасы», «Дерт», «Заман-ай», «Бес жыл өткен соң», «Күдік» дастандары адам мен қоғам тағдыры, замана алға тартқан көкейкесті мәселелерге арналған. Қадыр Мырза Әлидің: «Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді», «Адам боп баста туғанмен, адам боп қалу көп қиын», т.б. ойлары қанатты сөзге, нақылға айналған
Қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасы бар сыршыл ақын Тұманбай Молдағалиев 1935 жылы Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Жарсы ауылында дүниеге келген. Ақынның тұңғыш өлеңдер жинағы 1957 жылы «Студент дәптері» деген атпен жарыққа шыққан. Одан кейінгі жылдарда қырықтан астам кітабы басылып шықты. 1982 жылы «Жүректегі жазулар» кітабы үшін Республика комсомолы сыйлығының лауреаты атанған. 1992 жылы Бүкіл Түркі дүниесі ақындарының Физули атындағы Халықаралық сыйлығын алған. Т. Молдағалиев 1992 жылы Алматы қаласында өткен дүниежүзі қазақтарының Құрылтайына байланысты «Бауырлар» өлеңін жазып, атамекеніне келген қандас бауырларға деген сүйіспеншілік сезімін танытқан. Нәзік жүректі сыршыл ақынның көптеген өлеңдеріне Н. Тілендиев, Ш. Қалдаяқов, Ә. Бейсеуов, т.б. сазгерлер жазған әндер халық арасына кеңінен тараған. Тұманбайдың ақындық жолы туралы зерттеуші-ғалым С. Қирабаев: «Тұманбай – еліміздің аяулы азаматы, ардақты ақыны. Тұманбай ақынның жомарт жүрегі жырдан жаралған, жыр – ақынның тірлігі де, тынысы да, қуанышы да, қиналысы да. Ақынның ғұмыры жырға, жыры ғұмырға айналған», – деп аса жоғары баға берген.
Жырлары Жайықтың суындай адуынды, Каспийдің толқынындай айбынды, аққуларындай пәк, туған даласындай кең, аруанасындай маңғаз, күніндей ыстық, тауларындай асқақ, теңізіндей терең Фариза Оңғарсынова 1939 жылы Атырау өңіріндегі Манаш ауылында өмірге келген. Еңбек жолын әр түрлі баспасөз орындарында тілші, редактор болып бастаған Ф. Оңғарсынова 1978 жылдан бастап «Ақ желкен» журналының бас редакторы болып қызмет істеген. Ақынның алғашқы өлеңдер жинағы «Бұлбұл» деген атпен 1967 жылы жарық көрген. 1984 жылы ақынның «Үйім – менің Отаным», «Маңғыстау монолгтері», «Революция және мен» өлеңдер жинағы үшін Қазақ КССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған. Ф. Оңғарсынова орыс және басқа туысқан республика ақындарының, Чили халқының патриот ақыны Пабло Неруданың жырларын қазақ тіліне аударған. Ақынның өлеңдерінде қазақ халқының болмыс-бітімі көрініс тапқан. «Оюлар» өлеңінде:
«Жан бітіп жайраңдады жан-жағымнан
Қазақтың қошқар мүйіз өрнектері», –
деп, халықтың асыл қасиетін бойына жинақтаған ұлттық қолөнерін, халықтық дәстүрді, өнерді бағалап, қастерлеген, ұлттық құндылықтардың бірі қолөнерді сақтауға насихаттаған.
-
М. Мақатаевтың халық ауыз әдебиетінің бір түрі қиял-ғажайып ертегісімен ұқсас болып келетін өлеңін көрсетіңіз.
-
«Армысыңдар, Ата ұрпақтың тағдыры!
Армысыңдар, жаңа атқан таң нұры!» – деген үзінді М. Мақатаевтың қай өлеңінен алынғанын көрсетіңіз.
-
М. Мақатаевтың поэмасын көрсетіңіз.
-
«Табыт үні», «Халық үні», «Жесірлер үні» деген бөлімдерден тұратын М. Мақатаевтың поэмасын табыңыз.
-
Бос орынға М. Мақатаевтың өлеңіне қажет сөзді көрсетіңіз.
__________ , төсіңді аш, мен келемін.
-
М. Мақатаевтың «Чили, шуағым менің» поэмасының кейіпкерін көрсетіңіз.
-
М. Мақатаевтың Мемлекеттік сыйлық алған жыр кітабын көрсетіңіз.
-
М. Мақатаевтың үш бөлімнен тұратын поэмасын көрсетіңіз.
-
М. Мақатаевтың «Райымбек, Райымбек!» поэмасында аты аталатын жырауды көрсетіңіз.
-
Т. Айбергеновтің алғашқы жыр жинағын көрсетіңіз.
-
Т. Айбергеновтің әнге айналған өлеңін табыңыз.
-
Т. Айбергеновтің өлеңін белгілеңіз.
-
Т. Айбергеновтің Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығына ие болған жинағын көрсетіңіз.
-
Бос орынға Т. Айбергеновтің өлеңіне қажет сөзді көрсетіңіз.
Шат жүріп-ақ қас қаққанша боламын мен шерменде,
Жетім емес кей __________ жетімдігін көргенде.
-
Қадыр Мырза Әлі еңбек жолын бастаған журналды көрсетіңіз.
-
«Қазақ осы – жайып жатқан қанатын,
Батыр халық, ақын халық – дәл аты...» – деген үзінді Қадыр Мырза Әлінің қай шығармасынан алынғанын көрсетіңіз.
-
Қадыр Мырза Әлінің балаларға арнаған жыр жинағын көрсетіңіз.
-
«Адам боп баста туғанмен,
Адам боп қалу көп қиын», – деген қай ақынның нақылға айналған сөзі екенін көрсетіңіз.
-
«Шалкөде жайлауы» өлеңінің авторын көрсетіңіз.
-
Т. Молдағалиевтің тұңғыш өлеңдер жинағын көрсетіңіз.
-
«Лап етіп өшкен сезімнен қорқам,
Түбіме менің жетеді-ау деп.
Бәрінен де өзімнен қорқам,
Көп күнім бекер өтеді-ау деп», – деген үзінді
Т. Молдағалиевтің қай өлеңінен алынғанын көрсетіңіз.
-
Т. Молдағалиевтің 1992 жылы Алматы қаласында өткен дүниежүзі қазақтарының Құрылтайына байланысты жазылған өлеңін көрсетіңіз.
-
Ф. Оңғарсынова қандай өлеңдер жинағы үшін Мемлекеттік сыйлық алғанын көрсетіңіз.
-
Ф. Оңғарсынованың алғашқы өлеңдер жинағын табыңыз.
-
Ф. Оңғарсынованың ұлттық өнерді насихаттаған өлеңін белгілеңіз.
-
Тұманбай Молдағалиевтің туған жылы мен туған жерін анықтаңыз.
-
М. Мақатаевтың поэмасын табыңыз.
-
Арманыңды ақтармын ба көкірегімде тербесем,
Айға сіңлі, қарындассың қасиетті жерге сен.
Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,
Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен, – үзіндісі алынған Төлеген Айбергеновтің өлеңін табыңыз.
-
«Көктем таңы», «Жаңа дәптер», «Ескерткіш» жыр кітаптарының авторын табыңыз.
-
М. Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасындағы аққуды атудың себебін дәлелдеңіз.
-
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
_________ жауып өзіне қайтарамын, – деген Мұқағали ақынның өлең жолдарындағы көп нүктенің орнына керекті, дұрыс сөзді қойыңыз.
-
Аққулар, ана, ауру бала, жылқышы қарт қатысатын М. Мақатаев туындысын атаңыз.
-
Қалқам, мен Лермонтов, Пушкин де емен,
Есенинмін демедім ешкімге мен.
Қазақтың қара өлеңі – құдіретім,
Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген, – деген үзінді Мұқағалидың қай өлеңінен екенін белгілеңіз.
-
Төлеген Айбергенов туралы:
Тұңғыш көрдім шын ақынның өлгенін,
Қызарып батты ертеңгі шығатын күн.
Торғай-өлең шырылдап бара жатты,
Аузында ажал дейтін сұрапылдың, – деген үзінді алынған өлеңнің аты мен авторын табыңыз.
-
М. Мақатаевтың шығармасы (-лары)
-
Қ. Мырза Әлінің балаларға арналған шығармалары
-
Қадыр Мырза Әлінің дастаны (-дары):
-
Қ. Мырза Әлі өлеңіндегі қазақ халқына тән жақсы қасиеттерді көрсетіңіз:
Бір жаманы — жел сөзге ерген екен,
Бір жақсысы — тілге ерік берген екен.
Бір жаманы — кетпенге орашолақ
Бір жақсысы — найзагер, мерген екен.
-
Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасында ана баласы үшін қандай әрекетке барды?
-
Төлеген Айбергеновтің «Ана» өлеңінде ананы неге теңейді?
-
Төлеген Айбергеновтің өлеңі (-дері)