
iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
18-мәтін
Салт-дәстүрлеріміздің кейбірі халық арасында кеңінен пайдаланылып жүрген болса (айдар тағу, қонақ кәде, бастаңғы және т.б.), кейбірі ұмыт қалып барады. Әсіресе, жастарымыз біле бермейтін салт-дәстүрлеріміз жетерлік. Ата-бабаларымыздан мұра боп қалған салт-дәстүрлер әрдайым игі мақсаттар үшін қолданыста болған. Сол себепті оларды біле жүру, кей-кейде өмірде іске асыру да артық етпес.
Ақсарбас атау. Қауіп-қатерге ұшырағанында «А, Құдайым оңдасын! Мені осы қиындықтан құтқара гөр! Ақсарбас!» деп құдайы атайтын болған. Мұндай жағдайда «Ақсарбас!» деп үш рет айқайлаған. Сосын қауіп-қатерден аман қалғанында әлгі адам ауыл аймағын шақырып құдайы берген. Ақсарбасқа шалынатын малдар: бозқасқа (қой), көкқасқа (жылқы), қызыл-қасқа (сиыр). Адам ақсарбас атағанда қай малын айтса, соны құдайыға союға тиіс.
Асату. Бұл дәстүр Сәбит Мұқановтың «Халық мұрасы» деген кітабында толық баяндалған. Дастарқан басында ет жеп отырғандар тоғая бастағанында, төрде отырған ақсақал қалған етті қолымен қонақтарға, жас балаларға асатады. Бұрындары ауыл балалары ет асаймыз деп қонақ келген үйдің қасында жүретін-ді.
Ат тұлдау. Ер адам қайтыс болғанында мініп жүрген атының жал-құйрығын күзеп, оны бос жібереді де, өлген адамның жылында сол атты әкеліп сояды.
Аунату. Қазақтар үйіне келіп қонақ болған, қонып кеткен адамдардың отырған, жатқан жеріне «баламыз осы атасына тартсын, бойына осы атасының қасиеттері қонсын» деп балаларын аунатып алатын болған. Шыңғыс Айтматов үйіне М. Әуезов келгенінде ол отырған орындыққа ұлын аунатып алған көрінеді.
Аяғына жығылу. Кешірім сұраудың ең үлкен, кішіреюдің ең ауыр түрі – осы ғұрып. Оны орындағанда айыпты адам жанына абыройлы, қадірлі кісілерді ертіп алып, тиісті адамның үйіне рұқсат сұрап кіріп, кешірім сұрайды. Айыбы үлкен болса, айыпкер өзі кінәлі болған адамның аяғына жығылып, оны құшақтаған қалпы жылап, кешірім сұрап, жалынған. «Аяғына жығылу» әрі ғұрып, әрі жазаның бір түрі болып есептеледі.
Байғазы беру. Үлкеннің кішіге, яғни балаға беретін сыйы. Жас ұл-қыз, бойжеткен, бозбала жаңа киім кигенде, жаңа зат алғанда аға, апа, ата-әжесінен, туған-туыстарынан оған байғазы сұрайды. Олар байғазыға ақша, мал, мүлік, әйтеуір бір зат беріп, құтты болсын айтады.
Енші беру. Ата-анасы баласы балалы болғаннан кейін «енді өз күндерін өздері көре алады» деген сенімге келіп, отау тігіп, бөлек шығарады. Сонда малынан – мал, мүлкінен – мүлік бөліп береді, ыдыс-аяқ сыйлайды. Оған келіннің төркінінен келген дүниесі қосылып, жас жұбайлар жеке шаңырақ болып шыға келеді.
Ерулік беру. Ауылға басқа жақтан бір үй көшіп келсе, бауырларының бірі туған-туыстарына жапсарлас келіп қонса, көрші-қолаң немесе жақындары жаңа үйге «ерулік» деп ас пісіреді, табақ тартып, қонақасы береді. Осылайша қазақтар танысын, танымасын бір-бірін бөтенсімей, өз ортасына тарта білген.
Жылу жинау. Бір бақытсыздыққа ұшырағанында, үй мүлкі, малынан айырылғанында ауыл тұрғындары, көрші-көлемі, туған-туыстары мал, дүние, ақшалай көмек көрсетеді. Мұны олардың ортасынан бір адам ұйымдастырады. Бұл жәрдем – жылу жинау деп аталады. Арам жолмен шығынға ұшырағандарға жылу жиналмайды. Олар: дүние-мүлкін қартаға салып ұтқызып жібергендер, зинақорлыққа салғандар, ішіп құртқандар, қоғамның, мемлекеттің дүние-мүлкін жеп қойғандар.
Мойнына бұршақ салу. Ертеде баласы жоқ адамдар мойнына көгеннің бұршағын салып құдайдан перзент сұрап жалбарынған, жылаған. Мойынға бұршақты бала тілегенде ғана салады.
-
Ақсарбасқа шалынатын мал
-
Сәбит Мұқановтың «Халық мұрасы» кітабында толық сипатталған дәстүр
-
Шыңғыс Айтматовтың үйінде қонақ болған қазақ жазушысы
-
«Енді өз күндерін өздері көре алады» деген сенімге келіп, жастарды отау тігіп, бөлек шығару қалай аталады?
-
Қай уақытта мойынға бұршақ салған?
-
Берілген мәтін стилі
-
Ауылға жаңа отбасы көшіп келгенде берілетін тамақ
-
Мәтін тақырыбы берілген бөлімдердің қайсысына жатады?