Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

12-мәтін

Конспект

Қазақтағы жыр шығарудың түрі көбінесе ақпа жыр. Жиылған топ алдында бір қазақ жыр айта бермейді, олардың ішінде жыр айтуға төселген ақпа ақын жыраулары болады. Бұл жыр айтушыларда көпшілік өте әлпештеп, оны жақсы сөзбен «ақын деп ат береді», – дейді Радлов. Ол қазақ ақындарының қасиетін суреттеумен қатар, бұқара еңбекшілерінің де эпос жыр шығарушылықтағы маңызын суреттейді. Ол кісінің ойынша, «қазақ халқы өте әңгімешіл, сөзге де шешен келеді, сөйлесе олар ешбір бөгелмей, жылжыта сөйлеп, сөзіне бір көркемдік береді; олардың жай сөйлегенінің өзі өлең ұйқасымен айтқан тәрізді ырғақпен шығады».

Қазақ эпосын жинап зерттеуде үлкен кеніш жасаған кісілердің бірі Ә. Диваев пен Г.Н. Потанин. Диваев 50-60 жыл бойы бір өлкеде, Оңтүстік Қазақстанда қызмет атқарады (Сыр бойы, Арал теңіз, Қаратау, Шу, Сарысу). Оның жүрген жері эпос-жырға, аңыздарға бай қария сөздің ну ортасы болғандықтан, Диваев эпос-жырдың, қария сөздің ең қызықты түрлерін жинап алуға еркін болады. Қазақ эпосы туралы Диваевтің жинаған материалдары өте көп, олар өзінің кезінде әрбір журналдарда, ғылыми жинақтарда басылып келді. Диваев жинаған материалдың ең алғаш жарыққа шығуы 1890 жылдары. Оның ең алғаш Ташкентте бастырылған этнографиялық жинақтары көбінесе қазақ халқының ескіліктеріне, мифтеріне, ертегілеріне арналған. Бұлардың соңын ала Диваев қанша талпынғанымен қазақ эпосының тобын революциядан бұрын ойлағандай жарыққа шығара алмайды. Диваев жинаған батырлар жырының жарыққа шығуы революциядан кейін ғана.

«Қобыланды», «Нариұлы Шора», «Қамбар батыр», «Алпамыс» сияқты ұлы жырлар 1924 жылдан бері ғана көпшілік алдына тарап отыр. Шоқан мен Радловтан кейін Диваев қазақтағы эпикалы әңгіме-аңыздардың, қария сөздің тарихи өте мағыналысын жинап қалдырады, мәселен, «Жиренше шешен», «Алдар көсе», «Қорқыт» әңгімелері. Сондықтан Әбубәкір Диваевтің қазақ халқының әдебиет мұрасына келтірген пайдасы өте зор.

Г.Н. Потанин көбінесе қазақ-моңғол ертегісін қоса жинап, олардың сюжет құрылысына көбірек ой бөледі. Потанин зерттеулерінің орталық темасы «Гесер хан» мен «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» болды. Потаниннің ойынша, Еуропа жұртының халық әдебиетіне әсер еткен осы екі жырдың төңірегіндегі сюжеттер болуға тиісті дегендей болды. Бірақ ол өте асырып айтылған сияқты. Бұл көлемді еңбегінен басқа Потанин қазақ жырын ескі грек жырымен салыстырып, ол туралы «Греческий эпос и ордынский фольклор», «Ордынские параллели к поэмам ломбардского цикла», «Дочь моря в степном эпосе» деген мақалаларды жазған.

Әлкей Марғұлан «Қазақ халқының эпикалық жырлары, мифтері, ертегілері, аңыз әңгімелері»



Сұрақтар
  1. Қазақ жыршылары туралы пікір білдірген орыс ғалымы

  2. Ә. Диваев 50-60 жыл бойы Қазақстанның қай өңірінде қызмет етті?

  3. Қазақ-моңғол ертегісін қоса жинап, олардың сюжет құрылысына көбірек көңіл бөлген ғалым

  4. «Қобыланды», «Нариұлы Шора», «Қамбар батыр», «Алпамыс» жырлары халық алдына қашан шықты?

  5. Ә. Диваев жинаған материалдың ең алғаш жарыққа шығуы

  6. Берілген мәтін стилі

  7. «Греческий эпос и ордынский фольклор», «Ордынские параллели к поэмам ломбардского цикла», «Дочь моря в степном эпосе» мақалаларының авторы

  8. Мәтін тақырыбы берілген бөлімдердің қайсысына жатады?

Қате туралы хабарландыру