Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

13-мәтін

Конспект

Шошала – пішіні шошақ, жер үсті үй-жайы. Қола дәуірінің соңында (б.з.б. IX-VIII ғғ.) Еуразия даласында пайда болды, оған патриархалды отбасының құлдырауы себеп болды. Шошала – өмір сүру аймағына байланысты қабырғасы тастан, саз балшықтан немесе ағаш қимасынан жасалатын ауданы кішірек стационарлы үй-жай.

С.В. Киселев шатыр күмбездері алынып-салынатын, пішіні домалақ немесе көп қырлы болып келетін «ағаштан шабылып жасалатын» үй-жай туралы жазады, бұл жерде «шошала» жөнінде айтылып тұрғанында күмән жоқ.

Ауыспалы кезеңде жартылай жертөлелер мен жер үстіндегі үй құрылысы бірдей қолданыста болғанымен, үй-жайды грунтқа батыру сияқты құрылыс әдісі біртіндеп жойыла бастайды. Қазақстанның далалы аймақтарында шошаланы тастан, шикі кірпіштен және шымнан тұрғызған, оған ағаш материалының болмауы себепші болды. Осындай материалдардан тұрғызылған үй-жайдың негізі шеңбер немесе шаршы болды және табиғат құбылыстарына қарсы тұра алды.

Орманға бай Қазақстанның солтүстік аудандарында алты-сегіз қырлы ағаш қимасынан тұрғызылған шошаланың қыр саны да сонша болған. Бірақ осы екі жағдайда да шошаланың көлемдік-кеңістіктік құрылымы еденнен және шатырлық күмбезден тұратын бір элементті тұтас құрылымды құраған.

Шошаланың анағұрлым күрделі бөлігін оның шошақ күмбезі құрайды, мұнда ежелгі адамның көп ғасырлық құрылыс тәжірибесі, байырғы құрылысшылардың бір элементті үйдің күмбезін тұрғызудағы оңтайлы шешім іздестіру нәтижесі көрінеді.

Негізі шеңбер немесе шаршы болып келетін шошалада бағаналардың үстіне күмбез орнатылып (тіреуіші бар күмбез), ежелгі дәстүр жалғастырылған. Күмбездің осындай құрылымы төрт ішкі бағанаға және үй-жайдың негізі шаршы немесе шеңбер болып келетін бөренелі немесе тас қабырғаларға сүйелді, оның ортасында бағаналардың арасында дөңгелек шұңқырда ошақ орналасты. Шошаланың қаңқалы түрі Солтүстік-шығыс Қазақстанда анағұрлым кең таралған.

Ошақ үстіндегі сатылы күмбез көлденеңінен жатқызылған бөренелерден пирамида түрінде тұрғызылған. Қазақстан аумағындағы алғашқы күмбезді ғимараттарда, кейінгі қола дәуірінің Ақсу-Аюлы, Беғазы, Дәндібай тас молаларында пирамидалы-бөренелі күмбез тас бағаналармен тірелді.

Бағаналардың үстіндегі пирамида түрінде тұрғызылатын тас немесе бөренелі күмбез Қазақстан аумағында пайда болған байырғы сәулет құрылымы болып табылады. Негізі шеңбер, шаршы немесе көп қырлы болып келетін стационарлы ғимараттар үшін осындай күмбез анағұрлым қарапайым, берік және лайықты болған.

Үнемі қатты жел соғып тұратын далалық климат жағдайында шымнан жасалған кірпіштер тез тұтанбайтын және желге төзімді, мықты шатыр материалдарының бірі болған. Осыны білген далалықтар шошаланың жылуын ұстап тұру үшін шымды пайдаланған. Ежелгі адамдардың дауылды жерлерден және басқа табиғи апаттардан қорғай алатын мықты үй-жайларды салуға ұмтылуы қарапайым ғимараттар салудан басталды. Сөйтіп, бүкіл Қазақстанға бір элементті үй-жай «шошала» кең тарады.

Әлкей Марғұлан «Қазақстанның сәулет тарихы»



Сұрақтар
  1. Қола дәуірінің соңында (б.з.б. IX-VIII ғғ.)  Еуразия даласында пайда болған баспана

  2. С.В. Киселев шошала туралы не деп жазды?

  3. Қазақстанның далалы аймақтарында шошаланы тастан, шикі кірпіштен және шымнан тұрғызу себебі

  4. Сегіз қырлы ағаш қимасынан тұрғызылған шошалалар Қазақстанның қай өңірінде салынды?

  5. Солтүстік өңірлерде шошаланың ағаштан тұрғызылу себебі

  6. Берілген мәтін стилі

  7. Далалықтар шошаланың жылуын ұстап тұратын қандай материал пайдаланған?

  8. Мәтін тақырыбы берілген бөлімдердің қайсысына жатады?

Қате туралы хабарландыру