Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

11-мәтін

Конспект

Қазақ халқының эпос жыры, аңызды әңгімесі туралы бұл көпшілік алдында таратайық деп отырған әңгімеміз көптен бері қарастырып жүрген ғылыми зерттеудің қорытындысы. Мұның кейбір үзінділері Ұлы Отан соғысының алдында (1939-1941 жж.) Қазақстанда шығатын «Халық мұғалімі», «Әдебиет және искусство» журналдарында басылып шыққан болатын.

Бірақ бейбіт жатқан отанымызға қанды қол жаудың шабуыл жасағаны бұл сияқты мәдени ісімізге көп бөгет келтірді. Соғыс кезіндегі Орталық кітапханалардағы мол қазынамен еркін пайдалануға болмады. Жұртшылық тегіс қорғау ісіне шығып, басқа жұмыстан бұрын жауды қиратуды ант қылып ұстады. 1944 жылы айбынды қызыл әскер Кеңестер Отанын жаудан әбден тазартып, оған енді өз елінде соққы бергені – Совет жұртшылығын жаңадан бұрынғы қуанышты тіршілікке келтіріп, олардың ой-тілегін, ғылыми мәдени істерін ұлы арнаға түсіре бастады.

Ұлы Отан соғысының қуанышпен бітуі, совет ғалымдарын жаңадан ғылыми зерттеу істеріне шабыттандырып, өткен дәуірдің ерлік істерін, көркем сұлу дүниелерін қазып зерттеуге мүмкіндік берді. Сол қуаныштың арқасында бізде кәрі заманнан бері қазақ жүрегінде сақталып келген ескілікті әңгімесін, қария сөзін, миф-легендасын, эпос-жырын жаңадан зерттеп, оның тарихи әлеуметтік маңызын айыруға бір ғылыми еңбек арнауды, өзімізге міндет қып санадық. Бірақ бұл ардақты міндеттерді бірден орындап шығу, әрине, оңай жұмыс емес. Қазақ халқының ескілікті әңгімесін, эпос-жырын, оларды тудырған дәуірлерді толығымен зерттеп, бір ғылыми сарапқа түсіру үшін көп жыл іздену керек болады. Сондықтан біздің бұл еңбегіміз сондай істің бірінші тәжірибесі болып саналуы тиісті.

Бұл зерттеуде біздің алға қойған мақсатымыз: бірінші, сахарада жасаған қазақ халқының эпос-жырындағы ерекшелікті айыру; екінші, әрбір эпос жырда кездесетін адамдардың аты, тарихи оқиғалардың сілемі, олардың шыққан дәуірлерін белгілеу; үшінші, мифқа айналған ескі әңгімелер мен шындығы жойылмаған жырлардағы заңдылықты ашу.

Міне, осы мақсат бойынша біз қазақ даласында айтылатын белгілі эпос-жырлардың сюжетін тексерумен қатар, ең ескі дәуірден келе жатқан миф аңыздарға да тоқтап, олардың бір кездегі жұртшылық тіршілігімен, тарихи дәуірлерімен ұштасатын кезеңдерін белгілеуге тырыстық. Бұл жөнінде біздің ой бөлгеніміз, әсіресе, ескі замандағы салт-сананы көрсететін эпикалық әңгімелер, мәселен, «тәңірі», «дәу», «жалмауыз», «желбеген» туралы айтылатын миф-аңыздар болмаса «Көк-бөрі», «Бөрте-шене», «Аққу», «Қанкерде» сияқты киеге айналған (киелі саналған) не «тотем» болған заттар. Болмаса қазақ жырына кірген эпикалы салттар – «ас», «той», «қынаменде», «қыз ұзату» («қыз-бөрі», «қыз қашар»), «ұлыстың ұлы күні» сияқты ұғымдар. Бұлардың барлығы ерте кездегі қазақ халқының жұртшылық тіршілігінен туған, олардың рухани мәдениетін көрсететін нәрселер болса, екінші жағынан қазақ эпос жырынан көрнекті орын алған, оның ең күрделі мәселелері.

 

Әлкей Марғұлан «Қазақ халқының эпикалық жырлары, мифтері, ертегілері, аңыз әңгімелері»



Сұрақтар
  1. Мәтінде осы тақырып бойынша үзінділер қай жылдары жарияланып тұрған делінеді?

  2. Мәтінде аты аталған журнал

  3. Зерттеу жұмыстарын жалғастыруға не кедергі болды?

  4. Зерттеу жұмыстарының алдына қанша мақсат қойылды?

  5. «Ұлыстың ұлы күні»

  6. Мәтін стилі

  7. Зерттеуде қандай эпикалы салттар қарастырылды?

  8. Мәтін тақырыбы берілген бөлімдердің қайсысына жатады?

Қате туралы хабарландыру