
iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
10-мәтін
Он жасар Қасымның бұдан бір жыл бұрын кәрі анасы өліп еді. Одан жарты жыл бұрын өзі туған әке-шешесі өлген... Өз әке-шешесі өлгенде Қасымның сүйеніші болып қалған кәрі әжесі бар еді. Қасымның кішкентай әлсіз басы тағдырдың бұның басына келерлік барлық соққысын түгелімен көріп шыққан. Алдыңғы өлімнен кейін жарты жыл өткенде кәрі әжесі өліп еді. Бұрынғы бала – бұрын еркелікпен жылайтын Қасым әжесі өлген күні шын қайғымен жылап еді. Басына аспан құлағандай уайымды сол күні көріп еді.
Әжесі өткен соң «жақынымын» деп, жаны ашыған ие болып шығып, Иса деген ағайыны Қасымды қолына алды. Қасымның әке-шешесінен отыз шақты қой, он шақты қара қалып еді. Исаға Қасымның малын берерде жұрт: «Жетімнің малына қиянат қылма! Өзін адам қыл, күт, асыра, жылатпа!» – деп тапсырған болып беріп еді.
Исаның балалары көп, малы жоққа жақын кедей болатын. Ұрысқақ долы қатыны Қадиша мен Иса Қасымды алғашқы қолына кіргізіп алысымен малды өз малындай, өз мүлкіндей баурай бастады.
Түнде ел жатқанда жетім қозыдай тас бауыр болып қалған Қасым жат ұяда ұйықтай алмай, көрпенің астында үндемей жылап жатқанда, Иса мен Қадишаның әңгімесін есітіп еді. Сонда олар Қасыммен бірге келген малдың санын азсынып, әрқайсысының түсін атап: «Әне бір көк саулық пен қарабас қойды соғымға жібереміз, қасқа сиырды сатып, үй-ішіне – бала-шағаға саудагерден бұл аламыз», – деп ашыққа салып, кеңесіп жатты.
Қасымның көрпе астында жылап жатып, мұрнын тартып дыбыс бергені де оларды бұрынғы әңгімеден тыйған жоқ еді.
Олардың балалары бірінен-бірі ерке болып шығып, Қасым қағаберісте қалатын болды. Қасымға таласа-тармаса күнкөру керек болды. Мал ұсталғалы басында қайғыртып жылатып, кішкене сорлы жетімнің ішіне у болып жиналып жүрсе де, әр-берден соң ол қайғы бір бөлек қалды. Енді Қасым тамақты да жөндеп іше алмайтын болды. Жыламаса, әке-шешесі бар балалардан кезек тимейді.
Оның үстіне олардың ересегінен таяқ та жей бастады. Қасымға бұдан соңғы бір қайғы болып малды қарастыру, қозы бағу шықты. Аздан соң өзге балалар «тілазар, кәпір, бармайды» деген атпен құтылып қалатын болып, Иса мен Қадишаның бейілді қабағына ырза болатын күйге келген Қасым тезек теретін болды. Малдан кешке келіп сүрініп-жығылғанда болмаса Қасымға бостандық, еркіншілік жоқ еді.
Кейде Иса өз балаларын: «Олардың малы жоқ, малдың иесі – Қасым» – деп қойып, олардың еріншектігіне өзі құрық беріп, Қасымның бишаралығын ашық арамдықпен қақпай қылып та қояды. Бұл хәлдің барлығы сорлы жетім көңілінде күннен-күнге өткен сайын арылмастай үлкен у болып жиналып жүрді.
Мұхтар Әуезов «Жетім»
-
Әжесі қайтыс болғаннан кейін Қасымды қолына алған жақыны
-
Қасымның Исаның үйіндегі міндеті
-
Жұрт: «Жетімнің малына қиянат қылма! Өзін адам қыл, күт, асыра, жылатпа!» деп Исаға қашан айтты?
-
Мәтін стилі
-
Шығарма тақырыбы
-
Исаның Қасымға туыстық жақындығы
-
Шығармада Исаның әйелі Қатишаның бейнесі қалай суреттеледі?
-
Мәтін түрі