Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

9-мәтін

Конспект

Қазақ халқы сыйлық сыйлауға өте қатты мән береді. Ол туған-туысқанның арасын жақындатып, сыйластығын арттырады. «Сыйға – сый» деген ұстаным – ұлтымыздың салт-дәстүрінің өзегі. Дәстүрімізде ел сыйлаған, танымал тұлғаға берілетін сыйлық – тарту, ал көпшілікке сияпат үлестіру – таралғы деп аталады. Ұлтымызда «Енші беру», «жасау беру», «бәсіре ату», «күміс салу», «кимешек кигізу», «бәйге тігу», «ат мінгізу», «шапан жабу», «селтеткізер», «үштоғыз» және тағы да басқа көптеген сыйлық түрлері бар. 

Енші. «Енші» сөзі көне түркі тіліндегі «инчу», яғни «мұра» деген мағынаны білдіреді. Оны балалары ержеткенде, жеке отау болып бөлініп шыққанда ата-анасы жинап-тергенінің бір бөлігін атап береді. Егер үйленген азаматтың отбасы ауқатсыз болса, жағдайы бүтін туысқандары өзара бірлесіп, отау болуына көмектескен. Содан болар қазақ халқында жас отбасының баспанасыз қалған кездері өте сирек болған. Мысалы, Өскенбай Құнанбайды он тоғыз жасында үйлендіріп, өзі отырған Тасқораның күншығыс жағындағы сайдың алдына қондырады. Өскенбай өзіне біткен отыз шақты жылқының он екісін Құнанбайдың еншісіне береді.

Жасау. Ата-анасының қызына ұзату тойында беретін «көрпе-төсегі», кейбір аймақтарда оны «сандығы» деп те атайды. «Жасауды жеті жастан жинасаң жетеді, алты жастан жинасаң асады» деген қыздың ата-анасы оны шама-шарқына, әл-ауқатына қарай жинап береді. Жасау жат жерге келін болып түскен қыздың тұрмыстық қажетін өтеп қана қоймай, барған жерінде абыройлы болуына да септігін тигізеді. «Жасауы көп келіннің күйеуі жуас» деген мақал осыған байланысты айтылған.

Бәсіре  – қазақ шаңырағында дүниеге ұл бала келгенде сол күндері туған құлынды немесе ботаны нәрестенің бәсіресі деп атау салты. Қазақ халқының ұғымы бойынша дүниеге келген баланың болашағы өзіне атаған бәсіремен тығыз байланысты. Сондықтан оны мінбейді, сатпайды. Бәсіренің жүйрік, жорға әрі біреу болғаны дұрыс. Бәсірені баламен бірге қадағалайды, бұла қып өсіреді. Есейе келе бәсіресі бар баланың малға деген ықыласы, пейілі түзу болады.

Құдалар арасында жасалатын дәстүрлі кәде киіт кигізу деп аталады. Онда жігіттің ата-анасы құдаларына бағалы киімдер кигізіп, алтын-күміс әшекейлер сыйлайды. Ал қыздың шешесі құдағиына арнайы соққызған, екі саусаққа қатар киілетін «қос балдақты» құдағи жүзікті тарту етеді.

«Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу болмайды» деген еліміздің кейбір өңірлерінде қызға қалыңмал сұралмайды, бірақ кит кигізу дәстүрі барлық жерде бар, себебі бұл жалпы қазаққа ортақ дәстүр.

https://baribar.kz/43098/qazaqtynh-syylyq-syylau-zhoralghylary-turaly-ne-bilemiz/



Сұрақтар
  1. Мәтіннің мағынасын ашатын мақал

  2. Өскенбайдың Құнанбайға берген еншісі

  3. Егер үйленген азаматтың ата-анасының енші беруге жағдайы болмаса

  4. Тарту мен таралғының айырмашылығы

  5. Ата-анасының қызына ұзату тойында беретін «көрпе-төсегі»

  6. Қате тұжырым

  7. Енші сөзінің көне түркі тіліндегі мағынасы

  8. «Қос балдақ» дегеніміз

Қате туралы хабарландыру