Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

8-мәтін

Конспект

Бас табақ – қазақтың қонақ күту, сыбаға сыйлау дәстүрінде, ата салтында үйге кісі, сыйлы қонақ, ауыл ақсақалы келгенде не алыстан өте құрметті, қадірлі қонақ келгенде не оларды арнайы қонаққа шақырғанда ұсынылатын табақ түрі. Табаққа қойдың басын, жамбасын, ортан жілігін, арқасын, сүбе қабырғасын, жауырынын, белдемесін, кәрі жілігін, ішек-қарнын, тоқ ішегін, жүрегін, бүйрегін, екі сирағын түгел табаққа салып, қонаққа бас табақ етіп тартады.

Орта табақ. Бас табақтан қалған еттің кәделі жіліктерінен жамбас, ортан жілік, жауырын, қабырға, арқа, белдеме, кәрі жілік сынды сыбағалы мүшелерді бас табақтан кейін отырған, үлкендерден жасы кішілеу қонақтарға тартады.

Аяқ табақ. Үлкендерге бас табақ, одан соңғыларға орта табақ, аяқ жақта отырғандарға аяқ табақ тартылады. Аяқ табаққа асықты жілік, төс, құйымшақ, қабырға, арқа, белдеме сынды кәделі жіліктерді тартады.

Сый табақ. Сыйлы қонаққа, жасы үлкен қарияларға, құда-құдағиларға арнап сый табақ тартады. Сый табаққа малдың басы, жамбасы, жылқы еті болғанда жал-жая, қазы-қарта, ортан жілік, белдеме, омыртқа, қара қабырға сынды кәделі мүшелер асылады. Сиыр, түйе сынды ірі қара болғанда белдеме, жая, өркеш, омыртқа, қарын, қимай асылады. Ұсақ мал болғанда бас, жамбас, белдеме, арқа, жауырын, ортан жілік, қабырға, сүбе қабырға, кәрі жілік, ішек-қарын, тоқ ішек, жүрек тартылады.

Құда табақ. Құдаға сойылған мал қой болса, табаққа басын, жамбасын, кәрі жілігін, ортан жілігін, жауырынын, сүбе қабырғасын, арқасын, белдемесін, қарнын, тоқ ішегін, құйрық-бауыры тартылады. Жылқы болса, шекесін, жал-жаясын, қазы-қартасын, омыртқасын, ортан жілігін, арқасын, қабырғаларын асады. Сиыр болса, жаясын, омыртқасын, арқасын, ортан жілігін, қарнын, қимайын, белдемесін асады.

Құдағи табақ. Ері қайтыс болған құдағи келгенде «құданың жолы» деп бас, жамбас, омыртқа, арқа, белдеме, қазы-қарта, жал-жая, қарын, қимай, ортан жілік, жауырын, құйрық-бауыр салынған үлкен сый табақ тартады. Ал ері тірі әйелдерге әдетте бас тартпайды. «Бас тартса, байы өледі» деп ырымдайды.

Күйеу табаққа асықты жілік, төс, ортан жілік, сүбе қабырға, арқа, белдеме, қарын, тоқ ішек салады.

Бас ұсыну. Қазақта бас ұсынудың өзіндік жолы бар. Бас табаққа бас тартылып, оны ең сыйлы қонаққа (әдетте қарияға) береді. Қария бата-тілегін айтып, алдыменен оң езуінен кесіп, өзі ауыз тиеді. Онан соң оң құлағын кесіп, үйдің ең кіші баласына не жасы кіші адамға ұсынады. Айнала отырған адамдарға бастан бір-бір жапырақ кесіп ауыз тигізеді де, қалғанын үй иесіне береді.

Құлақ ұсыну. Қазақ ұсақ малдың құлағын балаларға ғана ұсынады. Сондағысы «саққұлақ, алғыр болсын» дегені. Бір бастың екі құлағын бір балаға бермейді. Міндетті түрде екі балаға беруі керек. Ал ірі қара малдың құлағы берілмейді.

Көз ұсыну. Бас мүжіп отырған адам малдың көзін біреуге ұсынар болса, жұп көзді бір адамға ғана береді. Яғни бір бастағы екі көзді екі адамға бермейді. Сондай-ақ құрмет белгісі ретінде көзді қос қолмен ұсынады.

http://jaqsy.kz/article?id=616



Сұрақтар
  1. Мәтіннің атауы бола алатын қатар

  2. Асықты жілік, төс, ортан жілік, сүбе қабырға, арқа, белдеме сияқты тағамдар қай табаққа салынады?

  3. Дәстүр бойынша табақ тарту дәстүріндегі ең кәделі, ең сыйлы табақ

  4. Көз ұсыну дәстүрі бойынша

  5. Бас ұсыну дәстүріне қатысты қате тұжырым

  6. Ері тірі әйелдерге бас бермеу себебі

  7. Құлағы берілмейтін мал

  8. Бас табақтан қалған еттің кәделі жіліктері тартылатын табақ

Қате туралы хабарландыру