Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

39-мәтін (2019 жыл)

Конспект

Дау – қазақы ортада ру немесе тайпа арасындағы егестерді және осының өршіген түрі - сан алуан тартыстарды білдіретін ұғым. Сондай-ақ, дауға ерекше өршіп, ру-қауым деңгейіне жеткен тұлғааралық дау-дамай да жатқызылады. «Жеті жарғы» заңдар жинағында көрсетілгендей дауды шешу билер мен ақсақалдарға жүктелген. Ертеде қазақы ортада даугерлер ел арасындағы кұрметті, кадірменді ақсақалдарға жүгініп, дауларын халыктың жөн-жоралғысымен қарап, билік айтуын сұраған. Олардың билігіне разы болмаса, онда даудың әділ шешімін табу үшін халықтың әдет-ғұрыптық заңдарын жақсы білетін, елге танымал биге барып шағымданған.

Қазақтың тұрмысында, әлеуметтік өмірінде үлкен дау-жанжал көбінесе жерге, жесірге, малға, құнға қатысты болған. Дауласушылардың, куәгерлердің қатысуымен өтетін дәстүрлі билер жиынында, негізінен, байырғы ортаның дау мұраты – бітім қағидасы бойынша, екі тарапты татуластыру, бәтуалы бітімге шақыру мақсаты көзделген, яғни қазақ қоғамындағы құқыктық мәдениеттің негізгі принципі басшылыққа алынған. Онда дауласушы жақтардың сөз ұстаған билері шығып, қамшы тастап, өздерінің дәлелдерін дәйекті түрде жеткізіп отырған. Дауда шешендік, тапқырлық, қарсы жақтың осал жақтарын дәл басатын біліктілік керек. Дауға төбе би төрелік айтады. Төбе бидің шешіміне даугерлер де тоқтауға тиіс.

Ертеректе шешімі қиын даумен би алдына жүгініске барған кісілер ақ және қара қылдан ескен жіп ала барған. Егер дауласқан екі жақ та би шешіміне тоқтаса, билік айтушы айттым – бітті, кестім – үзілді деп, даудың шешілгенін білдіреді де, жіпті қақ ортасынан қияды. Бұл – билік айтқан адамның «ақ» пен «қараны» ажыратып, қара қылды қақ жарған әділдігін білдіретін семиотикалық таңба. Дау дұрыс шешімін тапқан жағдайда айыпкер жасаған қылмысының көлеміне қарай ат-топ айыбын төлеп құтылған. Қазақы ортада ру немесе тайпа арасындағы талас-тартысты туыстық-рулық қатынастардың шежірелік жолға негізделген іргелі принциптері мен нормалары арқылы шешіп отырды. Мұндайда «Алдына келсе, атаңның құнын кеш» деген мақалға негізделген принципке жүгінген.



Сұрақтар
  1. Мәтін мазмұны бойынша семиотикалық таңба түстері нені білдіреді?

  2. Айыпкер қалай жазаланған?

  3. Мәтіндегі нақыл сөз неге шақырады?

  4. Мәтінге қатысты тұжырымдар

    1. Төрелік айтушы адамға қажет біліктіліктер: шешендік пен тапқырлық.

    2. Қазақтың тұрмысында дау-жанжал жерге, жесірге, малға, құнға қатысты болған

    3. «Жеті жарғы» жинағында дауды шешу батырларға жүктелген.

  5. Дауды шешу кімдерге жүктелген?

  6. Дауды шешуде не басшылыққа алынған?

Қате туралы хабарландыру