
iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
48-мәтін (2019 жыл)
Мен туғанда, әкем елуді еңсеріп қалған кіci екен. Әжем жарықтық әкемді: «Балаларымның ішіндегі ең тірісі осы болды», – деп отырар еді. Әкем өз бетінше талпынып жүріп, ескіше сауатын ашып алыпты. Өмір бойы өз бетінше оқып-тоқыған адам. Ол есеп-қисапты тәуір білетін. Тіпті орыс әліпбиін де ежіктеп оқи беруші еді. Жас күнінде ағаш ұстасы болыпты, етікші де атаныпты, тәуіпшілдігі де бар екен. Әсіресе, зергерлікті жақсы көрген. Біздің елде одан өткен зергер-ұста болмаған. Әкем өз жанынан өлең шығарып, жиын-тойда айтысқа да түсіп жүріпті. Ескі ақын-жыраулардың термелерін, қиссаларын жақсы көріп тыңдайтын, бірақ жатқа айта алмаушы еді.
Момыш әкем ат жалын тартып мініп, бозбала халге жеткенде, Имаш бабам шаруа билігін соның қолына беріпті. Ауылдағы келін-кепшікті бір шыбықпен айдайтын адуынды Қызтумас әжемнің өзі де «Момыштан сұраңдар, Момыш біледі» деп отырады екен. Ағайын-туған арасындағы алыс-беріс, көші-қон мәселесі, ас-той, дау-дамай – бәрі-бәрі Момыштың араласуынсыз шешілмеген. Әлдеқалай ол жол жүріп кетсе, сапардан қайтып келгенше тірлікті соған қаратып, жолын күтіп отыратын болған.
Имаш бабамның көзінің тірісінің өзінде біздің шағын ауылды – «Момыш ауылы» дейді екен. Әкемді жиырма сегіз жасында ауылдың старшыны сайлапты. Он жеті жыл старшин боп тұрып, он сегізінші жыл дегенде, бүл дәрежесін өз ықтиярымен құрдасы Ереш деген кісіге берген екен.
Әкем жарықтық өмірінің ақырына дейін ел арасында «Тура Момыш» атанып кетті. Қанша жыл аз ауылдын кішігірім әкімі болса да, бүйірі томпайып, мал біткен емес. Бар байлығы жалғыз аттан артпапты. Әйтсе де кедейдің қолы жомарт. Әкемнің қызғаншақтық, бақталастық дейтін қу мінезі жоқ, қолы ашық кісі болған. Бары болса, кісі шақырыл, той-томалақ өткізуге құмар боп тұрар еді. Дүние, мал жиюды жек көретін. Әкем базардан қайтқан күні біздің үйде кішігірім той сияқты жиын болатын. Қоржынның екі басы базарлыққа толып келеді Сонда өрік-мейізге бір тойып қаламыз. Бала біткен сондықтан әкемді жақсы көретін. Асылы, істеген жақсылығыңды бала жақсы біледі. Кейбір үлкенге істеген жақсылығың зая кетеді, Қолдан келсе, баланы қуанту керек. Ол қуанса – шын қуанады. Момыш әкемнің осы қасиеттері – маған өмірлік өнеге.
Б.Момышұлы
-
Әжесінің мінезіне сәйкес келетін нұсқа
-
Әкесінің ел арасындағы аты
-
Әжесінің үміт күткен баласы
-
Момыштың старшындық дәрежесін құрдасына берген кездегі жасы
-
Мәтін мазмұнына сәйкес мақал-мәтел
-
Әкесінің ел ішіндегі беделінің дәлелі