
iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
49-мәтін (2021 жыл)
Киіз басу – дәстүрлі қазақ қоғамында дамыған өнер түрі. Оған жүн талшықтарының бір-бірімен ұйыса байланысатын қасиеті негізге алынған. Қазіргі заманғы шұға басу, байпақ жасау, фетр басу процестері де киіз басу дәстүрлі технологиясымен бірдей.
Жүн – ұйысуға бейім талшық. Ол ылғал мен температура әсерінен және механикалық әрекет нәтижесінде ширайды да, бұйымның көлемі кішірейіп, тығыздығы артады. Киіз басудағы ең жоғары тығыздық – 0,55 г/см³ (байпақтың табаны – 0,42 г/см³). Тығыздығын бұдан әрі арттырса, жүн талшықтары үзіліп, материал ыдырай бастайды.
Киіз басу ісімен қазақ халқы ертенден таныс. Ғасырлар бойы көшпелі өмірге ыңғайлы тұрмыстық бұйымдардың бірқатарын киізден жасап келгендіктен, киіз басу технологиясын әбден меңгеріп, өнер дәрежесіне көтерген. Дәстүрлі қазақ қоғамында киіз басу ісі маусымдық сипатта болған. Ол қойды қырқудан басталады да, қырқылған күзем жүннің барлығын өңдеп болғанға дейін созылады.
Киіз басу барысы бірнеше кезеңдерден тұрады. Солардың бірі – булау. Қайнап тұрған ыстық суды шелекпен әкеліп, сүзгімен шидің бір жақ шетінен бастап себелеп құяды. Құйылған су өз салмағымен жүнді басып, шабақталған жүн мен тартылған жүнді біріне-бірін қосып жабыстырады. Ыстық су жүннің талшықтарын буландырып жібітеді, оның тез киізденуіне жағдай жасайды. Су себіле басталысымен, үш-төрт әйел басылып жатқан жүнді сыртындағы шимен қабаттай шиыршықтап жинайды. Шиді ширатып орап жинаған сайын әлсін-әлсін ыстық су құйылады. Түгел жиналған шидің сыртынан жіппен шандып, жұмырлап байлайды да, ортан белінен арқанды өткізіп алып домалатады, екі басын тұйықтап бос салып қояды. Бүктеліп әзір жатқан шидің өн бойын бойлай 10-12 адам қатар жүріп келе жатып, шиге орауы киізді аяқтарымен теуіп отырады. Бұларға қарама-қарсы бір адам киізді алға қарай домалатады. Сосын шидің шандуларын шешіп, шиыршықталған киізді жазып босатады. Киіздің асты-үстін ауыстырып отырып, үш-төрт рет шиыршықтап бүктейді. Екі басын түйістіріп шұжыққа ұқсатып көктеп алып, тағы да ыстық су құйып, үстін тонмен жылылап жауып тастап булайды.
-
Механикалық әрекет нәтижесінде ширайтын зат
-
Киіз басуға қажетті зат
-
Жүн талшықтарының үзіліп, материалдың ыдырай бастау себебі
-
Киіз басудың булау кезеңіне қатысты дұрыс ақпарат
-
Мәтін мазмұны бойынша маусымдық сипат алған дәстүр
-
Киізді булау кезінде қолданылатын негізгі зат