Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

VI тарау. Қазақстанда мекендейтін сүтқоректілер

Конспект

Қазақстанның кең байтақ табиғат аймақтарында сүтқоректілердің 8 отрядына жататын 178 түрі таралған. Оның 40 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына (1996) тіркелген. Көпшілігінің кәсіптік мәні бар.

 

Бунақденеқоректілер отряды. Бұған ертеден келе жатқан қарапайым ерекшеліктері бар сүтқоректілер жатады. Миы нашар дамыған, әрі ми сыңарларында иірімдер болмайды. Дене температурасы онша тұрақты емес және тістерінің құрылысы да біркелкі. Көзі нашар көреді, оның есесіне иіс сезуі жақсы дамыған.

 

Тұмсығы алға қарай шығыңқы. Оған кірпілер, жұпар тышқан, жертесерлер, көртышқандар жатады. Кірпінің 3 түрі – кәдімгі, құлақты және қара кірпі өлкемізде кездеседі. Құлақты кірпі Қазақстанның далалы, шөлейтті аймақтарында кеңінен таралған. Кәдімгі кірпі еліміздің солтүстік батыс, солтүстік өңірінде орманды дала аймағында мекендейді. Қара кірпі Маңғыстау алқабындағы шөлейтті, шөлді жерлерде тіршілік етеді. Кірпілер бунақденелілермен қоректенеді. Олар жылына бір рет 2–7 ұрпақ береді.

 

Кемірушілер отряды. Бұл отрядқа күрек тістері жақсы жетілген сүтқоректі жануарлардың 2 500-ге жуық түрі жатады. Олардың ішінде құрлықта, ағаш басында, суда, жер астында тіршілік ететін түрлері бар. Дене тұрқы 5 сантиметрден 1 метрге дейін жетеді. Қазақстанда кемірушілердің 80-нен астам түрі таралған.

 

Үнді жайрасы

Өзен кәмшаты

Жұпартышқан

 

 

Оның 8 түрі Қызыл кітапқа тіркелген. Көк суыр Батыс Тәңіртау тау жоталарында шағын аймақта таралған. Саны күрт азайып келеді. Бадам, Өгем өзендерінің жоғары ағысындағы таулы алқаптарда кездеседі. Көк суыр Қазақстанның Қызыл кітабына тіркелген, аулауға тыйым салынған.

Үнді жайрасы Маңғыстаудың оңтүстігінде, Тәңіртау (Тянь-Шань), Қаратауда, Шу, Іле, Алатауларының етегінде таралған, саны аз. Алматы, Қарағанды, Шымкент хайуанаттар бақтарында қолдан өсіріледі.

 

Қазақстанның өзен, көлдерінде ерте кезде көп таралған кеміруші – құндыз.

Құндыздың терісі және жұпар безі өте бағалы болғандықтан, көп аулаған. «Құндыз – суда, құлан – қырда» деген мәтел оның суда тіршілік ететінін білдіреді. Құндыздың жұпар безінен алынатын өнім құндыз қайыр (бобровая струя) деп аталған. Қазіргі кезде құндыз Жайық өзенінде ғана кездеседі.

 

Қазақстанда қоянтектестер отрядына жататын құм, ор және ақ қоян түрлері кездеседі. Шөлді, шөлейтті жерлерде құм қоян кеңінен таралған, оның кәсіптік мәні бар.

 

Қолқанаттылар отрядының Қазақстанда 27 түрі кездеседі. Түнде белсенді тіршілік етеді. Салпанқұлақты, ақбауыр жарқанат, қатпар ерінді салпанқұлақты жарқанат түрлері шағын аймақтарда мекендейді. Саны аз болғандықтан, Қазақстанның Қызыл кітабына тіркелген.

 

Жұптұяқтылар (ашатұяқтылар) отрядына 190-ға жуық жануар түрлері жатады. Жұптұяқтылардың үшінші және төртінші саусақтары жақсы дамыған. Екінші және бесінші саусақтары нашар жетілген.

 

Жұптұяқтылар күйіс қайтармайтындар және күйіс қайтаратындар деп 2 топқа бөлінеді. Күйіс қайтармайтындарға шошқалар мен бегемоттар жатады. Қазақстанда жұптұяқтылардың 10 түрі таралған. Көпшілігінің кәсіптік мәні бар. Қазақстанның ірі өзендері мен көлдерінің жағалауындағы тоғайда, орманды жерлерде доңыз (жабайы шошқа) кеңінен таралған.

 

Жыртқыштар отрядына 235-тей жануарлар түрі топтастырылған, оның 31 түрі елімізде кездеседі. Сойдақ және азу тістері жақсы жетілген, сойдақ тістері өте өткір. Қазақстанда аю, қасқыр, мысық, сусар тұқымдастарының өкілдері кеңінен таралған.

 

Аю тұқымдастарына қоңыр аю, ақ аю, ақ кеуделі (гималай) аюы жатады. Қазақстанның биік таулы алқабында аздап қоңыр аю кездеседі. Аюдың аталығы – «матай» , аналығы – «кірекей» , ұрпағы – «қонжық» , бір жасар ұрпағы – «апанақ» деп аталады. Қоңыр аю Қазақстанның Қызыл кітабына енген.

 

Қасқыр тұқымдастарынашибөрі (шуылдақ), қасқыр, қарсақ, түлкі, қызыл қасқыр жатады. Қасқырға байланысты аңыз-әңгімелер, мақал, мәтелдер көптеп кездеседі. Оны «бөрі», «көкжал» деп атайды. Ертеде қасқырға табыну дәстүрі болған. Қасқырдың аталығын – «арлан», «көкжал», «бірішек», «сырттан» деп атайды. Аналығын – «шулан», «құртқа» , күшігін – «бөлтірік» , ал қасқыр көсемін – «абадан» дейді. Ертеде Тәңіртау (Тянь-Шань), Алтай, Тарбағатай тауларында қызыл қасқыр таралған. Соңғы 20–30 жыл ішінде, ол жайлы деректер кездеспейді. Қызыл қасқыр да Қазақстанның Қызыл кітабынан орын алған.

 

Мысық тұқымдастарының 8 түрі Қазақстанда таралған. Қабылан, қамыс және шағыл мысықтары, сабаншы, қарақұлақ шөлейтті, шөлді, далалы-аймақтарды мекендейді. Сілеусін таулы алқаптардағы орман ішінде, ілбіс (қар барыс) биік таулы алқапта кездеседі. Орманды аймақта кездесетін мысық тұқымдас барыс (леопард) ертеде тіршілік етіп, жойылып кеткен. Барыс мүшелдік жыл санауда 3-жыл. Барыстың аналығы – «таутан» , күшігі – «алан» деп аталады. Қар барыс (ілбіс), сілеусін Қазақстанның таулы алқаптарының қорықтарында (Ақсу-Жабағылы, Алматы, Марқакөл, Батыс Алтай) қорғауға алынған. Ертеде Қазақстанда жолбарыс кеңінен таралған, қазір жойылып кеткен).

 

Сусар тұқымдастарынан – сусар, бұлғын, құну, күзен, аққалақ, ақкіс, борсық, итаю (балқы), кәмшат Қазақстанда кездеседі. Бұлардың да үлбірінің бағалы, кәсіптік мәні бар.

 

Тақтұяқтылар отряды. Тақтұяқтылардың үшінші саусағы жақсы дамыған, қалған саусақтары нашар жетілген. Қазір үш тұқымдасының (тапирлер, керіктер, жылқылар) өкілдері кездеседі. Қазақстан жерінде бұл отрядқа жататын жабайы жылқының түрі – құлан мекендейді. Ерте кезде Қазақстанның батыс өңірінде жабайы жылқы – тарпан, шығысында түзат (пржевальский жылқысы) таралған. Қазіргі жылқының арғы тегі – тарпан, керқұлан (онагра). Ескекаяқтылар отрядына дене пішіні ұршық тәрізді 30-дан астам жануар түрлері жатады. Қазақстанда (Каспий теңізінде) каспийлік түлен деген түрі ғана кездеседі. Аяқтары ескекке айналғандықтан, ескекаяқтылар деп аталған. Тері астындағы қалыңдығы 10 см шамасындағы майлы қабаты дене температурасын реттейді әрі қор заты болып есептеледі.

 

Қабылан

Сілеусін

Барыс (леопард)

Қар барыс (ілбіс)

Қазақстандағы жануарларды қорғау шаралары. Қазіргі кезде желілілердің 43–45 мыңдай түрі тіршілік етеді. Балықтардың 20 мыңнан астам, сүтқоректілердің 5 мыңдай, қосмекенділердің 5 мыңдай, жорғалаушылардың 8 мыңдай, құстардың 9 мыңдай түрлері кездеседі.

 

Қазақстанда желілі жануарлардың 830-дан астам түрлері мекендейді. Сирек кездесетіндіктен, олардың 125 түрі Қазақстанның соңғы шыққан Қызыл кітабына (1996) тіркелген. Кітапта балықтың, қосмекенділердің, жорғалаушылардың, құстардың, сүтқоректілердің түрлері атап көрсетілген.

 

Қазақстанда сирек кездесетін жануарлар 9 мемлекеттік қорықта, 6 ұлттық табиғи саябақта және 60-тан астам қорықшаларда қорғалады. Қазақстан қорықтары табиғат аймақтары бойынша ұйымдастырылып, сирек кездесетін жануарлар қатаң қорғауға алынған. Өлкеміздің таулы алқаптарында Ақсу-Жабағылы (1926), Алматы (1931), Марқакөл (1976), Батыс Алтай (1992) қорықтары бар. Таулы алқаптарда ілбіс, арқар, сілеусін, ақтөс сусар, ұлар, қара дегелек және өзге де жануарлар қорғалады. Қазақстанның далалы, шөлейтті алқабында Барсакелмес (1939), Үстірт (1984), Наурызым (1930) қорықтары ұйымдастырылған. Сулы-батпақты өңірлерде Қорғалжын (1964) және Алакөл (1998) қорықтары бар. Қорғалжын қорығында еліміздегі сирек кездесетін қоқиқаз және басқа да құстар қорғауға алынған.



Сұрақтар
  1. Бунақденеқоректілер отряды:
  2. Қазақстанда ғана таралған кеміруші:

  3. Қазақстанның батыс аймағындағы шағыл шөл, шөлейтті жерлерде таралған:
  4. Қазақстанның өзен, көлдерінде ерте кезде көп таралған кеміруші:

  5. Мысық тұқымдастар:
  6. Сулы, батпақты өңірлерде ұйымдастырылған қорық?

  7. Жұпартышқан сүтқоректілердің қай отрядына жатады?

  8. Қоңыр аюдың аталығы?

  9. Тақтұяқтылар отрядына жататын сүтқоректі?

  10. «Сахараның ботакөзі» деп аталатын, кең байтақ даламыздың көркін атаңыз?

Қате туралы хабарландыру