Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

VI тарау. Сүтқоректілер класы

Конспект

Сүтқоректілер (млекопитающие) жануарлар дүниесінің жоғары сатыдағы тобын құрайды. Бұған ұрпағын тірі туып, сүтімен асырайтын жылықанды жануарлар жатады. Қазіргі кезде сүтқоректілердің 5 000-ға жуық түрлері жер шарының барлық аймақтарында кеңінен таралған. Түрлі орта жағдайларында (суда, ауада, жер астында, құрлықта, ағаш басында) тіршілік етеді. Сүтқоректілерді зерттейтін зоология ғылымының саласын «маммалогия» (кейде «териология») деп атайды. Олардың тұрқы 4 см, салмағы 1,2 грамдық, сондай-ақ тұрқы 33 м, салмағы 150 тонна тартатындары да бар. Денесі түкпен қапталған, алдыңғы ми сыңарларының сыртында ми қыртысы жақсы дамыған.

 

Жарқанат

Дельфин

Үйректұмсық

Жолбарыс

 

Піл

Кенгуру

 

Сүтқоректілердің сан алуандылығы

 

Сүтқоректілердің тері жабыны басқа омыртқалыларға ұқсас екі қабаттан тұрады. Теріде май, тер, сүт, иіс шығаратын бездері болады. Түк, мүйізді тырнақ, мүйіз және тұяқтар – терінің қосалқы бөлімдері.

 

Қаңқасы бассүйек, омыртқа жотасы мен кеуде қуысы, иық белдеуімен алдыңғы аяқтарынан және жамбас белдеуі артқы аяқтарынан тұрады. Сүтқоректілердің мойын омыртқасы – 7. Бассүйекке астыңғы жақсүйегі қозғалмалы (буын арқылы) байланысқан. Басқа бассүйектері бірімен-бірі жіктесіп тұтасып кеткен.

 

Сүтқоректілердің бұлшықеттері жақсы дамыған. Әсіресе алдыңғы, артқы аяқтарындағы бұлшықеттер түрлі бағытта орналасқан.

 

Бассүйегіндегі шайнау бұлшықеттерінің бәрі астыңғы жақсүйекпен байланысады. Сүтқоректілерде кеуде мен құрсақ қуыстарын бөліп тұратын көкет (диафрагма) пайда болған. Көкет тыныстық қозғалыстарға (тынысалу, тыныс шығару) қатысады.

 

Сүтқоректілердің асқорыту жүйесі күрделілене түсіп, етті еріндер пайда болған.

 

Ауа өтетін мүшелер мен өкпеден тыныс жүйесі құралады. Ауа өтетін мүшелерге танау тесіктері, жұтқыншақ, көмекей, кеңірдек, ауатамырлар жатады. Сүтқоректілер өкпесінің іші көптеген перделер арқылы қуыстарға бөлінген. Оларды өкпе көпіршіктері (альвеолдар) деп атайды. Өкпе көпіршектерінің сыртын қылтамырлар торлайды да, сол жерде газ алмасу жүреді. Кеуде қуысының кейде кеңейіп, кейде тарылуына сәйкес өкпеге ауа енеді және кері шығады.

 

Қанайналым жүйесі – құстарға ұқсас, жүрегі толық төрт қуысты. Артерия қаны мен вена қаны араласпайды. Сүтқоректілердің құстардан айырмашылығы – сол жақ қарыншадан басталатын қолқа тамыры сол жақ қолқа доғасын құрайды. Құстарда оң жақ қолқа доғасы болатынын естеріңе түсіріңдер! Қан денеге газ бен қоректік заттарды тасымалдайды.

Екі бүйрек, 2 несепағар түтігі, сыңар қуық және зәршығару өзегінен зәршығару жүйесі түзеді.

 

Жүйке жүйесі – күрделі құрылысты. Әсіресе мидың көлемі үлкен. Алдыңғы ми айқын ми сыңарларына бөлінген. Ми сыңарларының сыртындағы көптеген иірім, сайшалар ми қыртысының көлемін ұлғайтады. Сүтқоректілердің күрделі қозғалыс әрекетіне байланысты мишығы да жақсы жетілген. Мишықтың сыртында сайшалар, иірімдер көп.

 

Сүтқоректілердің иіс сезуі өте жақсы дамыған. Олар иіс сезуі арқылы қорегін іздеп табады, жауынан қорғанады, жұп құрады. Тек суда тіршілік ететін киттерде иіс сезуі өте нашар дамыған. Көпшілік сүтқоректілерде есту мүшесі жақсы жетілген. Сүтқоректілерде сыртқы құлаққа жататын құлақ қалқаны пайда болған. Дыбыс толқындарын сол арқылы қабылдайды.

 

 

Иттің қаңқасы

1 – бассүйек; 2 – жауырын; 3 – қабырға; 4 – омыртқа жотасы; 5 – жамбас; 6 – ортан жілік; 7 – тобық; 8 – асық жілік; 9 – өкше сүйек; 10 – асық; 11 – табан сүйек; 12 – башпай сүйектер

 

 

Иттің ішкі құрылысы.

Иттің мүше жүйелерін анықтап, орналасу ретімен жеке-жеке айырып жазыңдар

1 – ми; 2 – жұлын; 3 – өкпе; 4 – өт; 5 – қарын; 6 – ұйқы безі; 7 – бүйрек; 8 – өңеш; 9 – кеңірдек; 10 – жүрек; 11 – көкет; 12 – бауыр; 13 – ішек; 14 – жыныс мүшесі; 15 – қуық

 

Сүтқоректілер – дара жынысты. Олар іштей ұрықтанады. Ұрық аналық жыныс мүшесі – жатырда дамып жетіледі. Жатырдың қабырғасында ұрық пен аналық ағзаның арасында арнайы мүше «ұрық жолдасы» (плацента) пайда болған (178-сурет). Ол зат алмасуды реттеп отырады. Оны малдың шуы деп те атайды. Сондықтан жоғары сатыдағы сүтқоректілерді «ұрықжолдастылар» деп атайды. Жатырдың қабырғасында ұрықтың дамып жетілуі, сүтқоректілердің жеке түрлеріне байланысты түрлі мерзімді қамтиды.

 

Жер астында тіршілік ететін сүтқоректілерге көртышқандар, соқыртышқандар, қалталы көртышқандар жатады. Олар тіршілігінің көп бөлігін жер астындағы індерінде өткізеді. Алдыңғы аяқтары мен күрек тістері жақсы жетілген. Топырақ арасындағы жәндіктермен қоректенеді.

 

Суда тіршілік ететін сүтқоректілердің тіршілігі тікелей сулы ортаға байланысты. Оған құндыздар, жұпартышқандар, ондатрлар, кәмшаттар, түлендер, киттер жатады. Түлендер көбею, төлдеу кезінде ғана құрлыққа (су бетіндегі қатқан мұзға) шығады. Қалған уақытта суда тіршілік етеді. Киттердің барлық тіршілігі су ішінде өтеді.

 

Ұшатын сүтқоректілерге қолқанаттылар (жарқанаттар) жатады. Өте ұзын 2–5 саусақтарының арасында, денесінің екі қапталында жұқа терілі жарғағы болады. Олар жарғақты қанаттың көмегімен ауада өте жылдам ұшады.

Сүтқоректілердің табиғатта, адам өмірінде маңызы ерекше. Үй хайуанаттарының көпшілігі сүтқоректілер. Олардың жүні, терісі, еті, басқа да өнімдері күнделікті қажетімізді өтейді. Кейбір жабайы аңдар қолда өсіріледі. Олардың өнімдері – мүйіздері (бұғыларда), үлбірі (бұлғын, тиін, сусар) қымбат бағаланады.

 

Қазіргі кезде тіршілік ететін сүтқоректілер 2 класс тармағына жіктеледі. Олар: ілкіаңдар және қазіргі аңдар.

 

Ілкіаңдар (алғашқы аңдар) немесе жұмыртқа салатын сүтқоректілер – жұмыртқа салады. Құстарға ұқсас клоакасы болады. Оған Австралия және сол аймақтағы аралдарда кездесетін үйректұмсық, түрпі (ехидна), түрпітек (проехидна) жатады.



Сұрақтар
  1. Сүтқоректілерді зерттейтін ғылым:

  2. Сүтқоректілердің құстардан айырмашылығы – сол жақ қарыншадан басталатын қолқа тамыры:
  3. Жатырдың қабырғасында ұрық пен аналық ағзаның арасында арнайы мүше:
  4. Құрлықты мекендейтін сүтқоректілер:
  5. Жер астында тіршілік ететін сүтқоректілер:

  6. Суда тіршілік ететін сүтқоректілер:
  7. Ұшатын сүтқоректілер:

Қате туралы хабарландыру