Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

VI тарау. Құс шаруашылығы

Конспект

Асыранды құстарды қолда өсіруді құс шаруашылығы деп атайды. Құс шаруашылығы – мал шаруашылығының тиімді саласының бірі.

 

Адамзатты нәруызды тағаммен қамтамасыз етуде құстан алынатын жұмыртқа мен еттің маңызы ерекше. Құс қауырсыны (мамығы) күнделікті тұрмыс қажетіне де пайдаланылады. Ал құс саңғырығы – сапалы тыңайтқыш. Сойылған құстың ішкі мүшелерінің қалдықтары үй хайуанаттарына қорек ретінде пайдаға асады.

 

Қолға үйретілген асыранды құстардың да арғы тегі өздеріне туыстас жабайы құстар. Қазіргі кезде қолға үйретілген құстардың 10-нан астам түрі белгілі. Тауықтектестерден – тауық, күркетауық, мысыр тауығы (цесарка), тауыс және жапон бөденесі. Үйрек пен қаз да қолға үйретілген құстарға жатады. Кептертектес құстар отрядынан қолға үйретілгені – көгершін.

 

Құс шаруашылығын дамытудағы басты мақсат – олардың жұмыртқасы мен етін алу. Құйрық қауырсыны ұзын болып келетін тауықтың – феникс қолтұқымы бар. Мұндай тауық қолтұқымы Жапония мен Қытайда өсіріледі. Тауыс, көгершін және баққунақ (канарейка) әсемдік үшін арнайы торда қолдан өсіріледі. Yй құстарынан ең алғаш қолға үйретілгені – асыранды қаз.

 

 

Бұдан 7 мың жылдай бұрын Еуропа мен Батыс Сібірде – жабайы сұр қаз, Қытай мен Ресейдің қиыр шығысында жабайы қутұмсық қаз бір мезгілде қолға үйретілген. Асыранды қаздың жабайы арғы тегі сұр қаз бен қутұмсық қаздар. Олар бірінен-бірі дене тұлғасы, қауырсындарының түсі арқылы ажыратылады. Сондай-ақ өзара жұптасып, ұрпақ бере алады.

 

Асыранды қазды негізінен еті үшін арнайы құс фабрикаларында қолдан өсіреді. Асыранды қаз жылына орта есеппен 30–50 жұмыртқа береді. Арнайы шаруашылықтарда жылына 50–80 жұмыртқа алуға болады. Қолда өсірілетін атақаздардың орташа салмағы 5–8 кг. Аналық қаздар 4–7 кг салмақ тартады. Қаз өсіретін фабрикаларда 2,5–3 айлық қаздарды союға жібереді, оның әрқайсысы 3,5–4,5 кг ет береді.

 

Қаздардың кубань, қытай, холмогор, италия, рейн, үлкен сұр қаз деп аталатын қолтұқымдары көп өсіріледі. Еуропа елдерінде (Франция, Венгрия, Польша, т.б.) қаздың бауырын пайдалану мақсатында да арнайы өсіреді. Ондай қаз қолтұқымдарына тулуз, ланд, италия, рейн қаздары жатады.

 

Қолға үйретілген құстардан дүние жүзінде ең көп өсірілетіні –үй тауығы. Тауық мүшелді жыл санауда 10-жылды иеленген. Асыранды тауықтың арғы жабайы тегі – Азияның оңтүстік-шығыс аймағында кездесетін банкив тауығы. Бұл тауық Үнді дерінде, Ява,

Банкив тауығы

 

Құс шаруашылығы

 

Yй хайуанаттарын жіктеу кезінде жүйелік бірлік ретінде қолтұқым (порода) ұғымы қолданылады. Ұзақ уақыт қолдан сұрыптау нәтижесінде алынған бір түрге жататын үй хайуанаттарының тобын қолтұқым дейді. Әрбір қолтұқым белгілі бір мақсатқа сай (мысалы, жұмыртқа алу, немесе дәмді ет үшін, т.б.) өсіріледі. Қолтұқымның дене құрылысында, тіршілік әрекетінде өзіне тән белгілері болады. Ондай белгілер тұқымқуалап, ұрпақтарына беріліп отырылады.

 

Yй тауығының қолтұқымдары негізінен мынадай бағытта өсіріледі:

 

Жұмыртқалағыш тауық қолтұқымдары. Мұндай тауықтың қолтұқымдары жылына 220–250, кейде одан да көп жұмыртқа береді. Леггорн, минорка, андалуз, орыстың ақ тауығы, орлов, павлов, воронеж осындай қолтұқымдарға жатады. Қолтұқымдар арнайы ірі құс фабрикаларында өсіріліп, оларға ерекше күтім жасалады. Ондағы барлық жұмыстар (тауықтарды қоректендіру, жұмыртқаларды арнайы инкубаторда шайқау, т.б.) техника күшімен жүргізіледі.

 

Етті бағытта өсірілетін тауық қолтұқымдары. Тауық еті жеңіл, әрі сіңімді. Оның құрамында адам ағзасына қажетті нәруыз, витаминдер, химиялық элементтер көптеп кездеседі. Бұл бағытта виандот, род-айленд, шантеклер, доминикан, дисерсей, корниш, плимутрок қолтұқымдары өсіріледі. Етті бағытта өсірілетін тауық қолтұқымдарының балапандары тез жетіледі, қарқынды өседі. Ондай 7–8 апталық балапандар орташа 1,5–1,8 кг салмақ тартады.

 

Балапандарды бройлер деп атайды және осы кезде оларды жаппай сойып, сатуға шығарады. «Бройлер» – деген ағылшын сөзі, оның қазақша мағынасы «отқа қақтау» деген ұғымды білдіреді. Олардың еті жұмсақ әрі дәмді болады. Етінің құрамында өте бағалы нәруыз мол. Оларды өсіруге шығын аз жұмсалатындықтан, шаруашылық үшін тиімді.

 

Бройлер балапандарын өсіру үшін арнайы жабдықталған құс фабрикалары жұмыс істейді. Әйнегі жоқ кең бөлмелердегі еденге қалың төсеніш жасап, сапалы құрама жеммен қоректендіреді. Тәулік бойы жасанды жарық пен қараңғылық үнемі алмастырылып тұрады.

 

Әрі етті, әрі жұмыртқалағыш бағытта да өсірілетін тауықтың қолтұқымдары (мысалы, ақ плимутрок) бар.

 

Төбелестіру мақсатында малай, үнді, ағылшын қолтұқымдары өсіріледі. Ондай тауықтардың аяқтары ұзын, сіңірлі келеді. Денесі мығым, шоқысуға, тепкілесуге бейім.

 

Қолға үйретілген үйректің арғы тегі – жабайы барылдауық үйрек. Үй үйректері бұдан 6–7 мың жыл бұрын Месопотамия аймағында және Қытайда қолға үйретілген. Оны да еті, мамығы үшін өсіреді. Қолға үйретілген үйректің тағы бір түрі – мускусты үйрек. Ол алғаш рет Оңтүстік Америкада қолға үйретілген. Оның да еті жұмсақ әрі дәмді, майы аз болады.

 

Қолға үйретілген үй құстарының ең ірісі – күркетауық. Ол алғаш рет Мексика және Американың оңтүстік өңірінде жабайы түрінен қолға үйретілген. Оның еті сіңімді, құрамында нәруызы мол. Орташа салмағы 9–12 кг.

 

Африканың батыс, солтүстік аймағында қолға үйретілген тауықтектес құстың бірі – цесарка (мысыр тауығы деп те атайды). Оны да дәмді еті үшін өсіреді. Қазіргі кезде цесарканы Еуропа елдері, АҚШ және Австралияда көптеп өсіреді.



Сұрақтар
  1. Yй құстарынан ең алғаш қолға үйретілген:

  2. Жұмыртқалағыш тауық қолтұқымдары:
  3. Етті бағытта өсірілетін тауық қолтұқымдары:
  4. Әрі етті, әрі жұмыртқалағыш бағытта өсірілетін тауықтың қолтұқымдары:
  5. Қолға үйретілген үйректің арғы тегі:
Қате туралы хабарландыру