Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

VI тарау. Құстарды топқа бөлу

Конспект

Құстар – омыртқалы жануарлардың ішінде Жер шарында кеңінен таралған жануарлар.

 

Құстарды дене құрылысына, тіршілік әрекетіне байланысты 3 топқа бөледі. Олар: қыртөссіздер (жүгіретін құстар); жүзетін құстар (пингвиндер); қыртөстілер (ұшатын құстар).

 

Қыртөссіздер немесе жүгіретін құстар. Бұлардың төс сүйегі жалпақ әрі оның қыры болмайды. Олар ұша алмайды, бірақ құрлықта (ашық алаңқай жерлерде) өте жылдам жүгіреді. Қанат қауырсындары доғалданып келген, аяқтары өте жақсы жетілген. Бұған барлық құрлықта кездесетін түйеқұстар жатады. Оларды тіршілік ететін аймақтарына сәйкес жеке отрядтарға топтастырады. Мысалы: африкалық түйеқұс (страус), америкалық түйеқұс (нанду), австралиялық түйеқұстар (эму, казуар) және Жаңа Зеландияда кездесетін қанатсыз түйеқұс (киви) деп аталады.

 

Түйеқұстардың ең ірісі – африкалық түйеқұс (страус). Олардың басқа құстардан басты айырмашылығы – аяқтарында екі ғана саусақ болады. Өте ірілерінің салмағы 90 килограмға жетеді. Африкада өзге де елдерде арнайы қолда өсіреді. Оның етін, жұмыртқасын тағам ретінде, ал қауырсынын әсемдік үшін пайдаланады. Африкалық түйеқұс Қазақстанда да қолда өсіріле бастады. Түйеқұстардың ішіндегі ең кіші түрі – киви, оның салмағы 2–3 килограмдай. Ол Жаңа Зеландия аралдарында кездеседі. Оның жұмыртқасы өте ірі (0,5 кг). Түйеқұстар өсімдіктермен де, ұсақ бунақденелілермен де қоректенеді.

 

Түйеқұс

 

Нанду – үш саусақты, қанаты жақсы дамыған бірақ ұша алмайды, жылдам жүгіреді. Оның 2 түрі бар (кәдімгі және ұзынтұмсықты нанду). Оңтүстік Американың далалы, шөлейтті аймақтарында таралған. Қораздары да жұмыртқа басады әрі ұрпақтарына қамқорлық жасайды. Салмағы 25 кг. Өсімдік жапырақтарымен, бүршіктерімен және ұсақ бунақденелілермен қоректенеді. Еті, қауырсыны, жұмыртқасы бағалы болғандықтан, көптеп ауланады.

 

Нанду

 

Казуардың қауырсындары ірі қылшықты. Басында мүйізтекті айдары бар. Мойны қауырсынсыз, ашық қызғыл түсті тері, қатпарлы. Салмағы 80–90 кг. Ішкі саусағындағы өткір тырнағымен қорғанады. Жаңа Гвинея, Австралия және сол маңдағы ұсақ аралдарда кездеседі. Жұмыртқаны қоразы басады. Еті бағалы болғандықтан, қолда өсіреді.

 

Эму Австралияның бұталы, құрғақ далалы жерлерінде таралған. Салмағы – 45–50 кг. Жұмыртқасын қоразы шайқайды (. Көбіне жемістермен қоректенеді. Қолда өсіріледі.

 

 

Жүзетін құстар (пингвиндер) – құстардың ішіндегі ерекше тобы. Олардың алдыңғы аяқтары ескекке айналған. Ескек аяқтарының көмегімен суда жақсы жүзеді әрі жақсы сүңгиді. Төс сүйек қыры жақсы жетілген. Ондағы бұлшық еттер ескек аяқтарын қозғалысқа келтіреді. Олар ұша алмайды, құрлықта теңселіп әрең қозғалады. Аяқтары қысқа, әрі тұлғасының артқы жағында орналасқандықтан, денесін тік ұстайды.

 

Пингвиндер оңтүстік жарты шарда ғана таралған, әсіресе Антарктида жағалауында көптеп кездеседі. Жұп құрып тіршілік етеді әрі жұптарын өмір бойы сақтайды. Көбейер кезде бір жерге мыңдап топтасады. Ұяларын теңіз жағалауындағы тасты жерлерге салады. Ұяда көбіне 1–2 жұмыртқа болады. Жұмыртқаны қоразы мен мекиені кезектесіп басады. Көптеген түрлерінің құрсағында тері қатпарлы қалтасы бар. Жұмыртқа басқан кезде қалтасы жұмыртқаны жауып тұрады. Жұмыртқасын көбіне жарғақты табанының үстіне қойып шайқайды. Кербез пингвин жұмыртқасын қыста басады. Пингвиндердің ең ірісі – кербез пингвин. Биіктігі 110–120 сам, салмағы 45 килограммға жетеді. Одан сәл кішілеу түрі – сылқым пингвин. Саны өте көп әрі кеңінен таралған түрі – қоршау көз пингвин. Бұлардан басқа алтын шашты, көзілдірікті, сына рең пингвиндері кездеседі. Пингвиндер дің кәсіптік мәні жоқ.

 

 

Қыртөстілер (ұшатын) құстар – қазіргі кездегі құстардың ең түрі көп тобы. Төссүйекте жақсы жетілген қыр болады. Қанаттары да ұзын, сүйірленіп келеді. Қаңқа сүйектері жеңіл. Ұшатын құстар тіршілік ететін орта жағдайларына байланысты бірнеше топтарға бөлінеді.

 

Орман құстарының денелері көбіне шағын, қанаттары сүйірленіп келеді. Орман құстарына тоқылдақтар, көкектер, тотықұстар, жапалақтар, торғайлардың көпшілігі жатады. Тоқылдақтар тікелей ағашта өрмелеп тіршілік етуге бейімделген. Тұмсықтары мықты, үшкір. Саусақтары қысқа, тырнақтары имек. Ағаш діңіне қонып отырғанда екі саусағы алға, екі саусағы артқа қарай бағытталады. Құйрық қауырсындары қатты. Ол тірек қызметін атқарады. Ұзын, үшкір тілінің көмегімен ағаш қабығының астындағы жәндіктер қоректенеді. Кейде қылқан жапырақты ағаштардың тұқымдарын да қорек етеді. Қазақстанда қара, шұбар, кіші тоқылдақ кездеседі. Орман құстары зиянды бунақденелілермен қоректеніп, үлкен пайда келтіреді.

 

Ашық далалы алқаптардағы құстардың қанаттары кең, қалықтап ұшуға бейім болады. Кейбір түрлерінің аяқтары жақсы жетілген. Сондықтан олар жылдам жүгіре де алады. Тұмсықтары қысқа доғал, кейде иіліп келген өткір. Бұлар (тазқара, бүркіт, жұртшы) – күндізгі жыртқыш құстар. Тауықтектестерге: бөдене, кекілік, ұлар, қырғауыл; дуадақтарға: безгелдек, жорға дуадақ; бұлдырықтар, бозторғайлар жатады. Құстардың тіршілігінде жыл маусымдарының алмасуының да ерекше маңызы зор.

Осыған байланысты құстар тіршілігінде елеулі өзгерістер (көбеюі, жылыстау, т.б.) байқалады. Құстарды жыл құстары, көшпелі құстар және қыстап шығатын құстар (отырықшы құстар) деп үш топқа бөледі.

 

Құстардың жылыстауын аяқтарына сақина салу арқылы анықтайды. Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі (Жамбыл облысы Жуалы ауданында) Шақпақтас асуында құстарға сақина салу орталығы бар.

 

Жыл құстары күзде оңтүстіктегі жылы аймақтарға жылыстап, көктемде елімізге қайтадан оралады. Жұп құрып, ұя салып, жұмыртқадан балапан өргізіп, көбейеді. Көктемнің алғашқы айында жауған соңғы қарды, құс қанатының ызғары деп есептейді. Жылы жақтан ең алғаш қараторғайлар, «тыраулап» тырналар оралады.

 

Көшпелі құстар (үйектік үкі, кейбір жыртқыш құстар) күзде, қыста ауа райының қолайсыздығынан солтүстіктен оңтүстікке жылыстайды.

 

Жас достар, сендер де халқымыздың ата кәсібін, өнерін қастерлей біліңдер!

 

Тауықтектестерге жататын алтай ұлары биік таулы алқаптарда кездеседі. «Ұлы тауға шықтың ба, ұлар етін жедің бе?» деген мәтел ұлардың таулы өңірде таралғанын аңғартады. Ұлар да киелі құс, олар шағын топ құрып тіршілік етеді. Еті де дәмді.

 

Тауықтектес құстардың тұмсықтары қысқа, әрі доғалданып келеді. Тырнақтары да доғал, жіліншігінің артқы жағында мүйізді өскіні бар. Оны тепкі деп атайды, қорғаныштық қызмет атқарады.

 

Тырнатектестердің ақ, сұр, ақбас тырна сулы, батпақты жерлерде таралған. Дуадақ – ірі құс, оның салмағы кейде 16 килограмға жетеді. Оны кейде «тоқтыбалақ» немесе «қозыбалақ» деп те атайды. Ертеде далалы өңірде көптеп ауланған.

 

Тарғақ, орақтұмсық және реликті шағалалар (қарамойнақ) Қызыл кітап тізімінде бар. Реликті шағала Қазақстанда Алакөл көлінде ғана таралған. Қорғау мақсатында Алакөл қорығы (1998) ұйымдастырылды.

 

Жапалақтектестерден тек үкі ғана Қызыл кітапқа тіркелген. Халқымызда үкі – ерекше құрметке бөленген құс. Қолда ұстап, қауырсынын (үкісін) қадірлеп, бас киімге, домбыраға, үйге, бесікке іліп қою дәстүрі бар.

 

Торғайтектестердің түрлері көп және кеңінен таралған. Қазақстан да жорға торғай, көкқұс, үлкен құралай сирек кездеседі. Жорға торғай еліміздің шөлейтті алқабында мекендейді. Сексеуіл ағаштарының арасында (Іле, Балқаш өңірінде), жер бетінде жылдам жүгіретіндіктен «жорға торғай» деп аталған.

 

Сирек кездесетін құстар қорықтарда, қорықшаларда арнайы қорғауға алынған.



Сұрақтар
  1. Қыртөссіздер немесе жүгіретін құстар:
  2. Сулы, батпақты жерлердегі құстар:
  3. Орман құстары:
  4. Ашық далалы алқаптағы құстар:

  5. Жүзетін құс (пингвиндер):

  6. Төссүйегінде жақсы жетілген қыры болатын құстар?

  7. «Тоқтыбалақ» немесе «Қозыбалақ» деп аталатын ірі құс?

  8. Қорғалжын қорығында мекен ететін құстар?

  9. Ескек аяқтарының көмегімен суда жүзетін, әрі жақсы сүңгитін құстар?

  10. Алакөл қорығын қай құсты қорғау мақсатында ұйымдастырылды?

  11. Далалы, шөлейтті, шөлді аймақтың құсы

Қате туралы хабарландыру