iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
VI тарау. Құстар класы
Құстар класы (птицы) – омыртқалы жануарлардың ұшуға бейімделген тобы. Денесі қауырсынмен қапталып, алдыңғы аяқтары қанатқа айналған. Қазіргі кезде дүние жүзінің түрлі аймақтарын да құстардың 8 600-ға жуық түрі таралған. Зоология ғылымының құстарды зерттейтін саласы – орнитология (грекше «орнитес» – «құс»). Қазақстанда құстардың 489 түрі мекендейді. Олардың дене температурасы – тұрақты, жылы қанды әрі жоғары (+41,+43°С). Құстар барлық құрлықтарда кеңінен таралған.
Құстар класына жалпы сипаттама. Құстардың денесі бас, мойын және тұлға бөлімдеріне бөлінген. Дене салмағы 1,5 грамнан (колибрилерде), 80–90 килограмға дейін (түйеқұстарда) жетеді.
Құстардың сан алуандығы:
1 – тоты; 2 – қырғауыл; 3 – киви; 4 –шағала; 5 – бірқазан; 6 – түйеқұс; 7 – қыран; 8 –пингвин
Құстардың терісі жұқа, әрі құрғақ, бездері өте аз. Тек қауырсындарын майлайтын құйымшақ безі болады. Терінің қосалқы бөлімдеріне қауырсындар, тұмсықтарының мүйізді бөлігі, жіліншік, саусақтарындағы мүйізді қабыршақтар жатады.
Құс қауырсындары бүкіл денесін жауып тұрады. Ірі қауырсындардың теріге еніп тұрған бөлігі – қаламша. Мүйізді өзегі – сояуы. Оның екі бүйіріндегі ұсақ шашақ тәрізді түзілістер – пәрі. Пәрі мұрттан және мұртшалардан құралады. Қауырсындар құстардың ұшуына жағдай жасайды әрі денесіндегі жылуды реттейді.
Құстардың қаңқасы жеңіл әрі берік. Қаңқасын бассүйек, омыртқа жотасы, иық белдеуі мен қанаттары, жамбас белдеуі мен аяқтары және кеуде қуысы деп бөледі. Бассүйектері бірімен-бірі қосылып кеткен, көз ұясы үлкен, сондықтан жеңіл болады. Қанаты иық белдеуіне, аяғы жамбас белдеуіне жатады. Омыртқа жотасының арқа, бел, сегізкөз бөлімдері жамбас сүйектерімен тұтасып, құстарға тән күрделі сегізкөзді құрайды. Омыртқа жотасының мойын бөліміндегі омыртқалар бірімен-бірі өте қозғалмалы байланысқан. Құстардың кеуде қуысы көлемді. Ол жалпақ төссүйектен, қабырғалар және арқа омыртқаларынан құралады. Ұшатын, жүзетін құстардың төс сүйегі алдыңғы жағынан қырланып, қыртөс (киль) түзеді. Қабырғалары бірімен-бірі берік байланысқан. Қанаттарындағы тоқпан жіліктің ішкі қуысы ауа қапшықтарымен байланысқандықтан, ішінде ауа болады. Аяқтарындағы толарсақ, табан сүйектері бірігіп, жіліншік сүйегіне айналған. Құстардың көпшілік түрлері үш не төрт саусақты, тек африка түйеқұсының (страус) саусағы – екеу.
Құстардың бұлшықеттері жақсы жетілген. Әсіресе төссүйектегі кеуде, бұғана асты бұлшықеттері (қанаттарын қозғалысқа келтіретін) өте жақсы дамыған. Бұдан басқа мойын, қабырға аралық және сан бұлшықеттері де жақсы жетілген.
Құстар жақсүйектерінің сырты тұтас мүйізді тақташалармен қапталған. Оны құстардың тұмсығы деп атайды. Құс тұмсығы тұмсықүсті, тұмсықасты бөлімдерінен құралады. Қазіргі құстардың жақ сүйектерінде тістері болмайды. Өңештің кеңейген бөлігі жемсау деп аталады, ол дәнмен қоректенетін құстарда айқын байқалады. Құстардың қарны безді және етті бөлімдерден тұрады. Қоректік заттар безді қарындағы асқорыту сөлдің әсерінен қорытыла бастайды. Етті қарындағы ұсақ қиыршық тастардың әсерінен ұсақталады. Етті қарын тістің қызметін атқарады. Оның қабырғасы қалың бұлшықетті, ішкі жағында тығыз қатты қабаты қоректі ұсақтайды. Аш ішекке бауырдан келетін өт өзегі және ұйқы безінің өзегі ашылады.
Құстардың орталық жүйке жүйесі өте жақсы дамыған. Миының көлемі үлкен және алдыңғы ми айқын ми сыңарларына бөлінген. Оның сыртында ми қыртысы пайда болған. Осыған сәйкес құстардың мінез-қылығы күрделенген (жылыстау, жұп құру, ұя салу, балапандарына қамқорлық жасау, т.б.). Ортаңғы мидың да көлемі үлкен. Ол көру мүшесінің жақсы дамуына әсер еткен. Мишығының сырты иірімдерге, сайшаларға бөлінген, ол күрделі қозғалыс қимылдарды реттейді.
Құстардың көзі үлкен, өте жақсы көреді. Көздің айналасында қабағы бар. Күндізгі жыртқыш құстар мен түнде белсенді тіршілік ететін үкі, жапалақ, т.б. құстардың көзі өткір, заттың түсін де ажыратады. Есту мүшесі де жақсы жетілген. Құстарда есту мүшесі ішкі және ортаңғы құлақтан тұрады (бұл жағынан жорғалаушыларға ұқсас). Құстардың құлағы өте нәзік дыбыс тербелістерін қабылдайды. Иіс сезу мүшесі құстарда нашар дамыған. Тек кейбір құстарда ғана (дауылпаздар, киви, т.б.) дамыған. Олар қорегін иісі арқылы іздеп табады.
Құстардың жамбасқа жақын орналасқан екі бүйрегі жақсы жетілген. Ол зат алмасудың қарқынды жүруіне тікелей байланысты. Зәр заттарының құрамында су аз болады. Ұшуға бейімделуіне сәйкес құстарда қуық болмайды. Бүйректе түзілген зәр қышқылы екі несепағар түтігімен – клоакаға, одан нәжіспен бірге сыртқа тез шығарылады.
Құстар – дара жынысты, іштей ұрықтанады. Құс мекиенінің аналық безі, жұмыртқа жолы біреу ғана. Ол тек сол жағында болады. Қораздың жыныс мүшелері (аталық безі, тұқым жолы) – екеу. Кейбір құстардың сыртқы түріне, қауырсындарының түсіне қарап мекиен, қораздарын бірден ажыратуға болады (қырғауыл, дуадақ, т.б.). Құстар іштей ұрықтанып, тек ұрықтанған жұмыртқа арқылы көбейеді. Жұмыртқадан балапанның шығуы үшін белгілі температура, ылғалдылық қажет. Тауық жұмыртқасынан 21 тәуліктен соң балапан шығады.
-
Құстарды зерттейтін ғылым:
- Құстардың ірі қауырсындардың теріге еніп тұрған бөлігі:
-
Құстардың омыртқа жотасының арқа, бел, сегізкөз бөлімдері жамбас сүйектерімен тұтасып:
- Ұшатын, жүзетін құстардың төс сүйегі:
-
Құстардың өңешінің кеңейген бөлігі:
-
Құстың зәр шығару мүшесі
-
Эму түйеқұсы
-
Эму түйеқұсы
-
Ширақ балапан шығаратын құс
-
Киви түйеқұсы
-
Қызылшақа балапан шығаратын құс