Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

VI тарау. Жорғалаушылар класы

Конспект

Жорғалаушылардың (пресмыкающиеся) нағыз құрлықта тіршілік етуге бейімделген 8 000-ға жуық түрлері бар. Жорғалаушыларға кесірткелер, жыландар, тасбақалар, құбылғылар, крокодилдер, т.б. жатады. Суда тіршілік ететін түрлері де бар. Бірақ олар екінші рет суда тіршілік етуге бейімделген. Өйткені атмосфералық ауамен өкпесі арқылы тыныс алады. Жорғалаушылардың дене тұрқы, пішіні әр түрлі. Құрлықта, суда, ағаш басында, топырақ астында тіршілік етеді. Оларды зерттейтін зоология ғылымының саласын герпетология (грекше «герпетон» – «жорғалаушылар») деп атайды.

 

Крокодил (Тәмсақ)

Кесіртке

Тасбақа

Жылан

 

Жорғалаушылардың сан алуандығы

 

Жорғалаушыларға жалпы сипаттама. Денесі бас, мойын, тұлға, құйрық және бессаусақты аяқтардан тұрады. Жыландарда, аяқсыз кесірткелерде аяқтары жойылған.

 

Жорғалаушылардың терісі құрғақ және онда бездер өте аз. Терінің сырты мүйізді қабыршақтар мен, қалқаншалармен, сауытпен қапталған. Мұндай мүйізді түзілістер теріні құрғап кетуден сақтайды әрі қорғаныш қызметін атқарады. Өсу кезінде терісі үнемі түлеп, түсіп отырады.

 

Жорғалаушылардың қаңқасы бес бөлімнен тұрады. Олар: бассүйек, омыртқа жотасы, иық белдеуі мен алдыңғы аяқтары, жамбас белдеуі мен артқы аяқтары және кеуде қуысы. Олардың қаңқасында алғаш кеуде қуысы пайда болған. Омыртқа жотасы – мойын, арқа-бел, сегізкөз және құйрық бөлімдерінен тұрады. Саусақтарының ұшында мүйізді тырнақтары бар.

 

Күрделі қозғалыс жасауларына байланысты аяқтарында, жақсүйектерінде, мойнында және кеуде қуысында бұлшықеттері жақсы дамыған. Кеуде қуысындағы қабырғааралық бұлшықеттердің жиырылып-босаңсуына сәйкес, ауа өкпеге еніп, қайта шығады.

 

Жорғалаушылардың асқорыту жүйесі қосмекенділерге ұқсас. Ауыз қуысының түбінде қозғалмалы етті тілі қорегін ұстауға, айналаны сипап сезуге көмектеседі. Жыланның тілі жіңішке, ұшы екі айыр, ол сипап сезу қызметін атқарады. Халық арасындағы «жыланның уы тілінде» деген ұғым шындыққа жатпайды. Жыланның уы үстіңгі жақсүйекте орналасқан улы тістерінде болады. Сілекей бездері өзгеріп, у бөлетін бездерге айналған. Сілекей бездерінің өзектері ауыз қуысына ашылады.

 

Жорғалаушылардың сезім мүшелері – көз, құлақ және танау. Көзі қозғалмалы қабақты болып келеді. Жыланның қабақтары мөлдір, көздің алдыңғы жағын шыны тәрізді тұтас жауып тұрады. Есту мүшесі – ішкі және ортаңғы құлақ. Иіс сезу мүшесі – танау қуысында орналасады.

 

Жорғалаушылар – дара жынысты, бәрі де іштей ұрықтанады. Кейбір түрі ұрықтанған жұмыртқа салады, ал кейбір түрлері тірі туады. Қаражылан (гюрза) жұмыртқа салады. Сұржылан (гадюка), қалқантұмсық (щитомордник) ұрпақтарын тірі туады. Соны аңғарған халқымыз «жұмыртқадан жылан да, қыран да шығады», – деп қорытынды жасаған. Жорғалаушылардың дернәсілдері түрленбей, тікелей бірден ересектеріне ұқсас болады. Олар өсе келе бірнеше рет түлеп, денесінің сыртындағы ескі қабыршақты терісін түсіріп отырады.

 

Жорғалаушылардың көптеген түрлері ылғалы мол әрі жылы тропиктік, субтропиктік, қоңыржай аймақтарда таралған. Кейбір жыландар, кесірткелер құрғақ далалы, шөлейтті, шөлді және биік таулы аумақтарда кездеседі. Суда тіршілік ететін түрлері (жыландар, тасбақалар, крокодилдер) жұмыртқаларын су жағалауындағы жерлерге салады.

 

Жорғалаушылар класы 4 отрядқа бөлінеді. Олар: тұмсықбастылар, қабыршақтылар, тасбақалар, крокодилдер.

 

Тұмсықбастылар отрядының өкілі – гаттерия. Ол – Жаңа Зеландияның ұсақ аралдарында ғана сақталған, өте ертеден келе жатқан жануар. Қатаң қорғауға алынған. Гаттерияның сыртқы түрі кесірткеге ұқсас. Дене тұрқы 75 сантиметрдей, салмағы – 0,5–1 кг. Жонында және құйрығының үстіңгі жағында үшбұрышты қабыршақтардан тұратын жалы бар. Төбе тұсында (екі көзінің ортасында) ерекше төбе көзі болады. Сондықтан оны кейде үшкөзді гаттерия деп те атайды. Төбе көзінде жарық сезгіш жасушалар орналасқан. Гаттерия түнде белсенді тіршілік етеді. Жыныстық жағынан 20 жылда ғана жетіледі, 8–15 жұмыртқа салады. Одан ұрықтың жетілуі 12–15 айға созылады. Гаттерия 50 жылдан астам өмір сүреді. Өте ертеден бері тіршілік етіп келе жатқандықтан, ол «тірі қазынды» деп аталады.

 

Қабыршақтылар отрядының өкілдері – құбылғылар (хамелеондар), жыландар, кесірткелер. Құбылғылардың денесі екі бүйірінен қысыңқы, мойны қысқа, құйрығы ұзын. Құйрығы ағаш бұтақтарын орап ұстауға бейімделген. Аяқтарында ұзын бес саусақтары болады. Қорегін ұшы жалпақ ұзын тілін аузынан лақтырып жіберіп ұстайды. Үлкен екі көзі біріне-бірі байланыссыз қозғала алады. Денесінің түсі тез өзгеретіндіктен, бұлар құбылғылар деп аталған. Африка мен Мадагаскар аралында кеңінен таралған. Ағаш басында тіршілік етеді. Бунақденелілермен солардың дернәсілдерімен қоректенеді. Көпшілігі жұмыртқа салып, көбейеді. Жорғалаушылардың 6 000-нан астам түрі тікелей осы отрядқа жатады. Әр түрлі орта жағдайларында тіршілік етуге бейімделген. Қазақстанда жылан мен кесірткелердің түрлері көбірек таралған.

 

Жылан мүшелдік жыл санауға кірген 6-жыл. Жылан қабырғаларының төменгі ұшы бұлшықеттердің арасында бос жатады. Сондықтан денесін ирелеңдетіп, тез қозғала алады. Жыланның бас бөлігіндегі көптеген сүйектер бірімен-бірі қозғалмалы байланысқан, сондықтан ірі қоректерді оңай жұтады.

 

Тасбақалар отрядына жататын жануарлардың денесі мүйізді сауытпен қапталған. Қазақстанда дала және батпақ тасбақалары кездеседі (169-сурет). Дала тасбақасы Қазақстанның оңтүстік құрғақ далалы, шөлейтті аймағында кеңінен таралған. Сауыты қоңырқай сарғыш түсті. Аяқтарында төрт саусақтан болады. Жылына 3–4 айдай белсенді тіршілік етеді де, басқа уақыттарда ұйқыға кетеді. Аталықтарының үстіңгі сауыты күмбездеу болады, ал аналықтарында жалпақтау. Аталығының құйрығы аналығынан ұзындау, денесі аналығынан кішілеу болады. Аталығы 11–12 жылда, аналығы 12–13 жылда жыныстық жағынан жетіледі. Дала тасбақасы жазғы ыстық мезгілде де, қыста да ұйқыға кетеді. Жылына екі рет 4–5 жұмыртқа салып, көбейеді. Дала тасбақасы күндіз белсенді тіршілік етеді. Теңіздерде мүйізді сауыты жоқ жұмсақ терілі тасбақалар тіршілік етеді.

 

Крокодилдер отряды. Бұлар – жорғалаушылардың жоғары сатыда тұрған тобы. Крокодилдер отряды 3 тұқымдасқа бөлінеді. Олар нағыз крокодил, қолтырауын және азғы (гавиал) тұқымдастар деп аталады. Халқымыз крокодилді – «тәмсақ», аллигаторды «қолтырауын» деп атаған. Олар көбіне өзен, көлдерде тіршілік етеді. Басында, аналь тесігінің маңында аздаған бездері болады. Тістерінің саны көп. Жүрегі төрт қуысты. Терісі қымбат бағаланады, сондықтан арнайы фермаларда қолдан өсіреді.



Сұрақтар
  1. Жорғалаушыларды зерттейтін ғылым:

  2. Тұмсықбастылар отрядының өкілі:
  3. Қабыршақтылар өкілі:

  4. Қазақстанда кездесетін жыланның ерекше түрі:
  5. Денесі мүйізді сауытпен қапталған жануарлар:
  6. Жүрегі үшбөлімді жартылай пердемен бөлінген омыртқалы жануар

  7. Шөпқоректі жануар

  8. Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына тіркелген кесіртке

  9. Қабыршақтылар отряды

  10. Жорғалаушылар класының отряды

Қате туралы хабарландыру