Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

VI тарау. Жылқы шаруашылығы және оның негізгі салалары

Конспект

Жылқы – сүтқоректілер класы тақтұяқтылар отрядының өкілі. Жылы тұқымдасына Африкада кездесетін жолат (зебр), домбай, құлан, керқұлан (онагра), тарпан, түзат жатады.

 

Қолға үйретілген жылқының арғы тегі жабайы жылқылар – тарпан мен түзат. Жабайы жылқылар тарихи дәуірлерде Еуразияның далалы, шөлейтті аймақтарында үйір-үйірімен тіршілік еткен. Олар ретсіз аулаудың нәтижесінде жойылған. Ерте кездерде тарпан мен түзат қазақ даласында көптеп кездескен. Тарпан ХІХ ғасырдың бас кезінде жойылған.

 

Жылқының алғаш қолға үйретілген жері Қазақстан даласы деп саналады. Жылқының бұдан 5–6 мың жыл бұрын қолға үйретілгенін археологиялық зерттеулер дәлелдеп отыр. Көкшетау өңіріндегі Ботай елді мекенінен қолға үйретілген жылқының қаңқа қалдықтары өте көп табылды. Қазір бұл археологиялық жаңалық дүние жүзіне белгілі. Жылқының Қазақстанда қолға үйретілгендігін дүние жүзі ғалымдары мойындап отыр.

 

Қазақ халқының ерекше қастерлеген және жанына жақын санаған қасиетті түлігінің бірі – жылқы. Ерте замандарда ең көп өсірген, төрт түліктің ішіндегі пір тұтатыны да – жылқы. Жылқының пірі – Қамбар ата. Жылқы көш көлігі және елді, жерді қорғау мақсатында қолға үйретілген.

 

Қарабайыр

Дон жылқысы

Буденный жылқысы

 

Ахалтеке жылқысы

Араб жылқысы

 

 

Жылқыға қатысты теңеу сөздер, даналық нақылдар, аңыз-әңгімелер, мақал-мәтелдер өте көп. «Ат – ер қанаты», «Жылқы малдың – патшасы», басқа да даналық нақылдарда жылқының қадір-қасиеті айтылған. Адамгершілігі мол сабырлы да салмақты адамды «жылқы мінезді» деп дәріптеуінде үлкен мән бар.

 

Халық сүйікті перзенттерін «құлыным», «құлыншағым» деп еркелетуі, жылқыны өте жоғары бағалағандығын көрсетеді. Ертеде көшпелі тайпалар жылқыға табынған. Беделді адамдар өлгенде жылқыны қоса жерлеу дәстүрі ежелгі сақ тайпаларында сақталған. Бұған Шығыс Қазақстан, Алматы, Атырау өңірлерінен табылған адамдармен қоса жерленген жылқы сүйектерінің қалдықтары дәлел.

 

Қазіргі елтаңбамызда жылқы бейнесінің болуы сол сабақтастықты аңғартады. Жылқыны жеті қазынаның бірі деп есептейді. Жыл санауда жылқының жетінші жыл болып енуінде үлкен мән бар. Жылқының қадір-қасиетіне байланысты «арғымақтар» және «жабылар » (қазақы жылқы) деп екі топқа бөледі. Арғымақ жылқылар адамға дос, сенімді серік. Олар жүйрік жылқы тұқымдары деп саналған. Арғымақ тұқымынан шыққан таңдаулы жылқыны «тұлпар» , «сәйгүлік», «пырақ», «дүлдүл» деп дәріптеген. Асыл тұқымды арғымақтардың қазақ даласында көптеп өсірілгендігі туралы тарихи деректер де бар.

 

Дүние жүзінде 250-ден астам жылқы қолтұқымдары түрлі мақсатқа сай қолдан сұрыпталып шығарылған. Ауыр жүк таситын, салт мінетін, спорттық ойындарға пайдаланатын, етті, сүтті бағыттағы қолтұқымдары өсіріледі.

 

Қазақстанның жылқы өсіретін асыл тұқымды шаруашылықтарында жылқының 20-ға жуық қолтұқымы өсіріледі.

 

Қазақстанда ерте кездерден бастап, өсіріп келе жатқан қолтұқымның бірі – қазақы жылқы. Оның негізгі тобын – «жабы» деп атайды. Бұл қолтұқым көлік малы ретінде және еті, сүті үшін де өсіріледі. Дене бітімі шымыр, қатаң ауа райына төзімді. Жыл бойы жайылымда, жем-шөп талғамайды, тез қоңданады, салт мінуге ыңғайлы.

 

Жабы жылқылары Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Ақмола аймақтарында өсіріледі.

 

Қазақстанның батыс аймақтарында ертеден өсіріп келе жатқан қолтұқымы – адай жылқысы. Жергілікті халық «дала көркі» деп ерекше дәріптейді. Оны салт мініс көлігі ретінде пайдаланады. Адай жылқысы өлкеміздің батыс өңірінің табиғат жағдайларына бейімделген. Ол – ұзақ уақыт ішінде халықтық сұрыптау тәсілімен шығарылған жергілікті жылқының қолтұқымы.



Сұрақтар
  1. Сүтқоректілер класы тақтұяқтылар өкілі:

  2. Жылқының пірі:
  3. Қазақстанның батыс аймақтарында ертеден өсіріп келе жатқан қолтұқымы:
  4. Батыс Қазақстан аймағында халықтық сұрыптау нәтижесінде шығарылған жылқы:
  5. Қостанай және Ресейдің Челябі аймақтарында өсірілетін жылқы:
  6. Қолға үйретілген жылқының арғы тегі:

  7. Халқымыздың кәделі әрі киелі сусыны:

  8. Қазақстанның қай өңірінен жылқының қаңқа қалдықтары табылған?

  9. Жергілікті халық «дала көркі» деп дәріптейтін жылқы қолтұқымы

Қате туралы хабарландыру