Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

VI тарау. Түйе – төрт түліктің төресі

Конспект

Түйе – сүтқоректілер класының көнтабандылар (сірітабандылар) отрядына жататын күйіс қайыратын жануар. Оңтүстік Американың таулы аймақтарында таралған түйетек (гуанако) және түйебас (викунья) та осы отрядқа жатады. Олардың денесі түйеден кіші, өркеші болмайды. Қолға үйретілген қолтұқымдары таутайлақ (лама) және кекілеш (альпака) деп аталады.

 

Түйелер мен таутайлақтардың башпайларында мүйізді тұяқтары болмайды. Тұяқтың орнында башпайларының ұшында ғана доғаланып, қисық біткен кішкене тырнақ өседі. Табаны жалпақ және астыңғы жағы сүйелді, жұмсақ көнмен қапталған. Сондықтан бұл жануарларды көнтабандылар деп атайды. Түйенің кеудесінде, тізесі мен тілерсегінде сүйелді, сірілі, түксіз тақыр жерлері болады. Түйе шөккен кезде сүйелді жерлері ыстық құмның әсерін сезбейді. Осыған байланысты түйе ыстық құмда шыдап шөгіп жата береді.

 

Нар Айыр

өркешті түйе

 

Көнтабандылар

 

Түйенің – дене тұрқы ірі. Оның салмағы 700–800 кг, мойны иір және ұзын. Денесінің әр жерінде ұзын шудалы жүндері болады. Құрғақ далалы, шөлейтті және шөлді аймақтарда тіршілік етуге бейімделген. Сондықтан халық түйені «шөл дала кемесі» деп атайды.

 

Қолда өсірілетін түйелердің арғы тегі – жабайы түйелер. Түйе бұдан 4–5 мың жыл бұрын қолға үйретілген. Айыр өркешті түйенің қолға үйретілген жері – Орталық және Кіндік Азия. Сыңар өркешті түйенің қолға үйретілген жері – Африка өңірі.

 

Қазіргі кезде сыңар өркешті жабайы түйе жойылып кеткен. Айыр өркешті жабайы түйе Монғолияның Гоби шөлінде ғана сақталған. Түйені – төрт түліктің төресі деп, киелі түліктің бірі деп есептеген. Түйенің пірін – «Ойсылқара» , кей жерде «Қаусылқазы» деп атайды.

 

Ертеде түйелі көш «сахараның салтанаты» деп аталған. Ертедегі Қытайдан Жерорта теңізіне дейінгі керуен жолының тарихы түйе түлігімен тікелей байланысты. Төрт түліктің бойында болатын жақсы қасиеттердің бәрі түйе малының бойынан табылады. Ауыз әдебиетінің көптеген үлгілерінде түйеге қатысты теңеу сөздер, даналық нақылдар, мақал-мәтелдер көптеп кездеседі. Бұл ой-тұжырымдар түйенің тіршілік ерекшеліктерін айқын аңғартады. «Түйесі бардың – киесі бар», «Көтерем деп түйеден безбе – салтанатың емес пе? Тебеген деп биеден безбе – қос қанатың емес пе?". Түйе түлігін қастерлеп «ұлық» деп те атайды. Түйешіні «ұлық баққан» деп құрметтеп, оған көпшілік жиналған жерде төрден орын береді. Кейбір аймақтарда түйені «кәуіс» деп атайды. Түйе түлігіне арналған аңыздар бойынша шығарылған күйлер де ел арасына кеңінен таралған. Сүгірдің «Бозінгені», Ықыластың «Желмаясы», Тәттімбеттің «Бозінгені» және т.б.

 

Түйені алғаш жүк тасымалдау мақсатында көш көлігі ретінде үйреткен. Ерте замандардағы ел мен елдің арасындағы сауда-саттық түйелі көш керуендері арқылы жүргізілген. Тарихи деректерде Самарқан саудагерлерінің сапарға «Жібек жолы» арқылы 30 мың түйемен шыққандығы жазылған.

 

Ертеде қазақ даласында түйесі көп адамдар аз болмаған. Ертеректе Ақтөбе өңіріндегі Сортаңды, Шақытты жерлерін жайлаған Қара деген кісінің 3 мың түйесі болған.

 

Қазақстанда қолға үйретілген айыр өркешті түйенің қолтұқымы көбірек кездеседі. Оны кейбір аймақтарда «айыр түйе», Арал мен Каспий аралығының тұрғындары «түс түйе» деп атайды. Айыр өркешті түйенің жабайы түрі «қаптағай » деп аталады. Айыр өркешті түйенің ұрғашысын – «інген», еркегін – «бура» дейді. Айыр өркешті түйе ғылыми тілде «бактриан» деп аталады. Оның денесі ірі, салмағы 450–690 килоға дейін жетеді. Қазіргі кезде айыр өркешті түйенің қолға үйретілген үш қолтұқымы бар. Олар – қалмақ, қазақ және монғол қолтұқымдары. Қазақстанда көп өсірілетіні қазақтың айыр өркешті түйесі. Ол құрғақ далалы, шөл-шөлейтті жерлердің табиғи жағдайларына жақсы бейімделген. Аңызақ ыстыққа, үскірік аязға төзімді келеді. Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстанның кейбір аудандарында өсіріледі.

 

Қазір Қазақстанда түйе шаруашылығын дамытуға көптеген игі шаралар қолға алынуда. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы «Агромеркур» шаруа қожалығында 3 мыңдай түйе өсіріледі. Шаруашылықтағы мыңдай түйе сауылып, өнімдері халық қажетін өтеуде.

 

Түйе шаруашылығы – мал шаруашылығының өнімді мол беретін саласы.

 

Қазір кейбір шет елдерде түйе шаруашылығын өркендетуге ерекше көңіл бөлінуде. Қазақстанда түйе шаруашылығын дамыту жолында аянбай еңбек етіп жүрген ғалым – Асылбек Баймұқанұлы.

 



Сұрақтар
  1. Сүтқоректілер класының көнтабандылар (сірітабандылар) отрядына жататын күйіс қайыратын жануар:

  2. «Шөл дала кемесі» деп аталатын жануар:
  3. Түйенің пірі:
  4. Айыр өркешті түйенің жабайы түрі:
  5. Айыр өркешті түйенің ғылыми атауы:
  6. Сыңар өркешті түйенің ғылыми атауы:
  7. Сыңар өркешті түйені ғылыми атауы?

  8. Түйе сүтінен дайындалатын өнім:

  9. Айыр өркешті түйенің қолға үйретілген жері:

  10. Сыңар өркешті түйенің еркегі?

Қате туралы хабарландыру