Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

VI тарау. Қой шаруашылығы – мал шаруашылығының негізгі саласы

Конспект

Қой сүтқоректілердің жұптұяқтылар отрядының күйіс қайыратын дар тобына жатады. Қой мен ешкілерді ұқсастық белгілеріне сәйкес бір топқа біріктіреді. Екеуін төрт түліктің бірі деп есептейді.

 

Қой бұдан 10–11 мың жыл, ешкі 11–12 мың жыл бұрын қолға үйретілген. Қойдың жабайы арғы тегі – жабайы қой муфлон және арқар таулы алқаптарда таралған. Қойдың алғаш қолға үйретілген орталықтары: Жерорта теңізінің маңы, Орта Азия, Қазақстан, Орталық Азия, Оңтүстік Африка.

 

Қой шаруашылығы – мал шаруашылығының басты саласының бірі. Қойдан күнделікті тұрмысқа қажетті жүн, тері, елтірі және тағамдық өнімдер – ет, май, сүт алынады. Халық шаруашылығында қой жүнінің алатын орны ерекше.

 

Қазақ биязы жүнді қошқары

Арқар-меринос қойы

 

 

Қой шаруашылығы – қазақ халқының ежелден келе жатқан тарихи дәстүрлі мал шаруашылығының саласы. Халқымыздың тұрмыс тіршілігі, күнкөріс көзі қой шаруашылығымен тікелей тамырласып жатыр. «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген сөздерде терең ұғым бар. Мүшел жыл санауда, қой 8-жыл. Қой да киелі түліктің бірі. Оның пірі – «Шопан ата» (кейде «Қошқар ата») деп аталады. Сондықтан Шопан атадан тілеу тілегенде «малды берсең қойды бер» деп өтінген. «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақжаулық, үшінші байлық – он саулық» деген ұғым қойға қатысты. Он саулықтың басын құрайтын кәсіптің иесі – қойшы (шопан).

 

Биязы жүнді қолтұқымдар. Жүні өте сапалы, әрі жіңішке салалы биязы жүнді. Осы бағытта сегіз қой тұқымы өсіріледі. Әлемдік сұрыптау жетістіктердің бірі – Қазақстанда шығарылған арқар меринос қойы. Ол 1934–1950 жылдары арқардың құлжасы (қошқары) мен жергілікті саулық қойларды жұптастыру арқылы алынды. Бұл – Қазақстандық ғалымдар И. С. Бутарин, Ә. Есенжолов, А. Жандеркин, т.б. ұзақ жылғы ғылыми еңбектерінің жемісі. Қолтұқым таулы аймақтың табиғатына төзімді. Қазіргі кезде Алматы, Павлодар, Шығыс Қазақстан аймақтарында өсіріледі. Қазақтың биязы жүнді қойы – 1934–1946 жылдар аралығында Қазақстандық белгілі ғалым В. А. Бальмонттың жетекшілігімен шығарылды. Қолтұқым Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде өсіріледі. Оңтүстік қазақ меринос қойы – Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстанда өсірілетін жүнді-етті бағыттағы қолтұқым. Солтүстік қазақ меринос қойы Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстанда өсіруге бейімделген. Жартылай биязы жүнді қолтұқымдар. Қазақстанда бұл бағытта дегерес, қазақтың етті-жүнді, гемпшир және кроссбред қолтұқымдары өсіріледі. Дегерес қойы – етті-жүнді, әрі етті-майлы (құйрықты) бағытта шөл-шөлейтті жердің табиғатына бейімделген. Ол Орталық және Оңтүстік Қазақстан өңірінде де өсірілуде.

 

Ұяң жүнді құйрықты қолтұқымдар. Қазақстанда бұл бағытта қарғалы және сараджын қолтұқымдары өсіріледі. Қарғалы қойы қазақтың қылшық жүнді, құйрықты саулықтарын еділбай, дегерес қойларының қошқарларымен жұптастыру арқылы шығарылған. Ол әрі етті әрі жүнді мол береді. Қарағанды өңірінде өсіріледі. Сараджын қойы ертеде Түрікменстанда халықтық сұрыптаудың нәтижесінде шығарылған. Жүнінің түсі ақ, жібек тәрізді талшықтары біркелкі, кілем тоқуға өте ыңғайлы. Ақтөбе алқабындағы шөлейтті жерлерде өсіріледі.

 

Қылшық жүнді құйрықты қолтұқымдар. Қазақстанда бұл бағытта еділбай, қазақтың қылшық жүнді және қаракөл қойлары өсірілуде. Еділбай қойы еліміздің батыс аймағында ертеден өсіріліп келеді. Еті дәмді, жүні мол, шөл-шөлейтті жерлерге бейім, ірі тұлғалы. Қазіргі кезде еділбай қойы Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды өңірінде өсірілуде. Қазақтың құйрықты қылшық жүнді қойы – Қазақстанда ертеден келе жатқан қолтұқым. Ол шөл-шөлейтті аймақта өсіруге ыңғайлы, еділбай қойынан кішілеу. Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында өсіріледі.

 

Қаракөл қойы – әдемі және қымбат бағалы елтірісі арқылы дүние жүзіне белгілі қой тұқымы. Ол бұдан 3–3,5 мың жыл бұрын Орта Азия жерінде халықтық сұрыптау тәсілімен шығарылған. Оның 2–3 күндік сойылған қозыларының елтірісі өте сапалы болады. Қаракөл қойы құрғақ далалы, шөл-шөлейтті аймақта өсіруге бейімделген. Қатаң ауа райына шыдамды, тұлғасы берік, терісі жұқа, бірақ тығыз. 1990 жылдары Қазақстанда қаракөл қойының саны 6 млн болса, 2000 жылғы саны 2 миллион шамасында. Қаракөл қойы Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау облыстарында өсірілді.



Сұрақтар
  1. Жабайы қой тегі:

  2. Қойдың пірі:
  3. Монғолиядағы Баян-Өлгий аймағында VІ ғасырдан әйгілі болған қолтұқым:
  4. 1934–1946 жылдар аралығында Қазақстандық белгілі ғалым В. А. Бальмонттың жетекшілігімен шығарылған қой:
  5. Жамбыл мен Оңтүстік Қазақстанда өсірілетін жүнді-етті бағыттағы қолтұқым:
  6. Қой шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін екі рет Еңбек Ері атанған адам:

  7. Қой сүтқоректілердің қай отрядына жатады?

  8. Әлемдік сұрыптау жетістіктерінің бірі, Қазақстанда шығарылған қолтұқым:

  9. Қарағанды өңірінде өсірілетін ұяң жүнді құйрықты қолтұқым:

Қате туралы хабарландыру