iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
IV тарау. Техникалық, талшықты дақылдар мен дәрілік өсімдіктер
Техникалық дақылдар дегеніміз – кез келген мүшелерінен өндіріске қажетті шикізат алуға болатын өсімдіктер. Талшықты өсімдіктер де техникалық дақылға жатады. Техникалық дақылдардан қант, крахмал, май, илік заттар, өзге де қажетті заттар алынады. Үпілмәлік (клещевина) – көпжылдық сүттіген тұқымдас техникалық дақыл. Ол – биіктігі 10 метрге дейін жететін бірүйлі өсімдік. Бірінші жылы сабағының биіктігі 60–500 сантиметрге жетеді де күзгі салқында тіршілігін тоқтатады. Сабағының іші қуыс, буын-буынды, көп бұтақты болып келеді. Жапырақтары үлкен, ұзын сағақты. Гүлшоғыры – бұтақтар ұшында болатын шашақгүл. Оның астыңғы бөлігінде аталық гүлдер, үстіңгі бөлігінде аналық гүлдер орналасады. Жемісі – қауашақ. Қауашағы домаланған немесе сопақтау, үш ұялы болады. Әрбір ұяда бір-бірден тұқымы бар. Қауашақ сыртын тікенектер қаптайды.
Үпілмәліктің тұқымында 40–58%-ға дейін өте тұтқыр, кеуіп кетпейтін май болады. Оның майы төмен температурада да қатпайды және бензинде нашар ериді. Үпілмәлік майы авиациялық моторларды майлауға, металлургияда, тері, мата, сабын алу өнеркәсіптерінде пайдаланылады. Үпілмәлік майы жеуге жарамсыз, медицинада іш жүргізуге қолданады. Үндістанда, басқа да елдерде түтіндемейтін болғандықтан, майшам ретінде пайдаланылады. Сабағының талшықтарынан арқан есіп, қап тоқылады. Оның отаны – Шығыс Африка. Қазақстанда бір түрі – кәдімгі үпілмәлік Іле, Күнгей Алатауларында, Батыс Тәңіртауда таралған біржылдық өсімдік. Оның биіктігі 60–400 сантиметрге дейін жетеді. Үпілмәлік жылуды, жарықты, ылғалды, қара топырақты жерлерде өседі. Тұқымы 12–14°С-де өнеді. Өсімді кезеңі 110–150 күн. Үпілмәлікті екпе дақылдар тәрізді жыртылған жерге кең қатарлап себеді. Себу нормасы 1 гектарға 25–30 килограмм тұқым шашылады.
Тұқымның сіңірілу тереңдігі 8–10 см. Суарылмаған жағдайда гектарынан 7–12 ц, суармалы егістіктен 16–20 ц түсім алынады.
1. Техникалық өсімдіктер: 1 – қызғылт қазтамақ; 2 – қанқызыл үпілмәлік; 3 – персиялық үпілмәлік
2. Талшықты өсімдіктер: 1 – кенеп; 2 – бұйдакендір; 3 – бамия
Бұйдакендір – құлқайыр тұқымдасқа жататын біржылдық, шөптекті өсімдік. Оның жапырағы, гүлдері ірі болады. Күлтесі – сары түсті. Жемісі – 11–30 ұялы қауашақ. Қауашақтың әр ұясында 3–5 ұсақ тұқымдары болады.
Бұйдакендірдің сабақтарында 17–27% талшық бар, одан арқан есетін, қап тоқитын жіп алынады. Тұқымында тек техникалық мақсатқа пайдаланылатын 18–20% май болады. Отаны – Қытай деп есептеледі. Қазақстанда Каспий теңізінің маңында, Мұғалжарда өседі. Торғай қолтығында, Балқаш-Алакөл ойысында, Іле, Күнгей Алатауларында кездеседі.
Бұйдакендір жарық сүйеді, ыстыққа төзімді. Ол топырақта ылғалдықтың жетімсіздігіне төзе алмайды. Топырақ жылылығы 10–12°С болғанда кең қатарлы әдіспен бұйдакендір тұқымын егуге болады. Тұқым себу нормасы – гектарына 12–20 килограмм, сіңіру тереңдігі 3–6 см. Тұқымы пісіп жетіле бастағанда бұйдакендірді талшығы үшін жинап алады.
Адам өмірінде дәрілік өсімдіктердің маңызы зор. Қазақстанда өсетін 6 мыңнан астам өсімдіктердің 500-дей түрі дәрілік өсімдіктерге жатады. Айыр, долана, рауғаш, қарғакөз, жүзжылдық (алоэ) және өзге де дәрілік өсімдіктер бар. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шымкент фармакологиялық зауытында дермене, меңдуана, үшжапырақты сана дәрі алу мақсатында өсіріледі.
1. Жалбызтікен 2. Бақбақ
Дәрілік қасқыржем (1) және ағаш тәрізді жүзжылдық (2)
Жалбызтікен – құлқайыр тұқымдас цилиндр пішінді 150 сантиметрге дейін бойлап өсетін сабағы бар көпжылдық өсімдік. Тік орналасқан жуан әрі қысқа тамырынан көптеген жанама тамырлар тарайды. Сабақтары тамырдан тікелей өсіп шығатындықтан, жуан тамырдың жоғары жағы тармақталып, әрбір сабақтың түбінде жұлым-жұлым ұйысқан түктер болады. Ұзындығы әр түрлі (2,5–15 см) сағақты, ара тісті жапырақтары сабаққа кезектесіп орналасады. Жапырақтарының екі жағын біркелкі қысқа түк қаптайды.
Дәрілік жалбызтікен маусым – қыркүйек айларында гүлдейді. Гүлдері қысқа сағақты, әрбір жапырақтың қолтығында топтасып орналасады, 15–20 жемісшеден құралған жемістері болады. Бұл өсімдікті Қазақстанның барлық аумағынан: ылғалды, батпақты жерлерден, көл маңынан, тау етектері мен өзен жағалауынан, егістік жерлерден кездестіре аламыз.
Жалбызтікеннің тамыры – дәрілік шикізат, оның құрамында 37%-ға дейін крахмал, 10,2%-ға дейін қант, сондай-ақ пектин, май, витаминдер бар. Тамырдың 35%-ға жуығы сілемейлі-шырышты заттан құралатындықтан, емдік қасиеті соған негізделеді. Сілемейлі-шырышты зат жалпы қабынуларға қарсы әсер етеді, қақырық түсіреді, жүйке жүйесін тыныштандырады, жөтелді бәсеңдетіп, асқазан мен ішектің түйіндеп ауруынан құтқарады, қуық жолдары мен бүйректің қабынуын басады. Халықтық медицинада іш жүргізу, дизентерия, асқазан жарасын емдеуге, тіс түбінін еттері босап, алқым бездері ауырғанда, ауызды, тамақты шаюға қолданылады.
- Көпжылдық сүттіген тұқымдас техникалық дақыл:
- Майы авиациялық моторларды майлауға, металлургияда, тері, мата, сабын алу өнеркәсіптерінде пайдаланылатын техникалық дақыл:
- Құлқайыр тұқымдасқа жататын біржылдық, шөптекті өсімдік:
- Шымкент фармакологиялық зауытында дәрі алу мақсатында өсірілетін өсімдік:
- Құлқайыр тұқымдас цилиндр пішінді 150 сантиметрге дейін бойлап өсетін сабағы бар көпжылдық өсімдік:
-
Үпілмәлік гүлшоғыры:
-
Бұйдакендір жемісі:
-
Қазақстанда кездесетін дәрілік өсімдіктер?
-
Халықтық медицинада іш жүргізу, дизентерия т.б. ауруларды емдеуге пайдаланылатын өсімдік?
-
Емдік дәрі дайындауға жалбызтікеннің қай мүшесін алады?
-
Бұйдакендірді не үшін өсіреді?