Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

IV тарау. Көкөністер, жеміс-жидек және бөлме өсімдіктерін көбейтіп, өсіру

Конспект

Орамжапырақ – шаршыгүлділер тұқымдас бір, екі және көпжылдық өте бағалы көкөністік дақыл. Орамжапырақтың 35-ке жуық түрі бар. Олар Еуразияда, Солтүстік Африкада, көбінесе Жерорта теңізі елдерінде өсіріледі. Оның түрлері: ақ қауданды орамжапырақ, жапырақты, брюссельдік, кольраби, гүлді орамжапырақтар. Ақ қауданды орамжапырақтың тіршілігі, себу және көбейту жолдары өздеріңе көбірек таныс. Сондықтан гүлді орамжапырақтың тіршілігі, егу және көбейту тәсілдеріне тоқталамыз.

 

 

Көкөністік өсімдіктер: 1 – жапырақты орамжапырақ; 2 – пекиндік орамжапырақ; 3 – тарна; 4 – кольраби

 

Гүлді орамжапырақ – шаршыгүлділер тұқымдас біржылдық жаздық және күздік көкөністік дақыл. Оны сабағының биіктігі 70 сантиметрге дейін жетеді. Жапырағы қабыршақты және әр түрлі пішінді болады. Жапырақтарының ұзындығы 30–90 сантиметрге дейін жетеді. Гүлшоғыры – тығыз шоқпарбас. Гүлсағақтың және бітеугүлдің тармақтары қысқарып, жуандауынан гүлшоғыр пайда болады. Гүлшоғырдың тармақтары өсе келе ұзарып, қалыпты гүл орналасатын өркен түзеді. Гүлдерінің ені 1,5–2,5 см. Күлте жапырақшалары ақ немесе сары түсті болып келеді. Жемісі – бұршаққын.

 

Тағамға өзгерген гүлшоғыр пайдаланылады. Гүлшоғырдың құрамында 1,2–4,4% қант, 1,5–3,7% нәруыз және 180 мг%-ға дейін С витамині болады. Гүлді орамжапырақ – қауданды орамжапырақтан кейінгі кең мәдени түрге айналған көкөністік дақыл.

 

Гүлді орамжапырақ жылу талғамайды, сондықтан төмен температурада да жақсы өседі. Ауа райы ыстық болса, оның шоқпарбасы болбырап, қопсып кетеді. Аздаған суыққа төзімді дақыл. Алайда ылғалдылық дәрежесін талғайды.

 

Гүлді орамжапырақ жарық сүйеді. Көлеңке басымырақ болса, өсімді кезеңі ұзарып, шоқпарбасы ұсақтап кетеді. Ақ қауданды орамжапыраққа қарағанда бұл топырақ құнарлылығын қалайды.

 

Гүлді орамжапырақ өсірудің сан алуан жолдары бар. Ашық ызбарда (грунт) өсіру үшін гүлді орамжапырақтың 40–60 күндік көшеті пайдаланылады. Көшетті ерте көктемде егіп даярласа, жаз басында түсім алуға әбден болады. Жазда және күзде пайдаланылатын гүлді орамжапырақ көшетін көктемнің соңынан жаз ортасына дейін гүлзарға отырғызу қажет. Ал түсімді күзде-қыста пайдалану қажет болса, әр түрлі орындарда одан әрі өсіреді.

 

Шоқпарбас қаңтар-ақпанда пайдаланылатын жағдайда одан әрі өсірілетін орынның температурасы 1–5°С болуы тиіс. Шоқпарбас біркелкі пісіп жетілмейді. Сондықтан оның пісіп-жетілуін қадағалап, дер кезінде таңдап жинаған жөн. Өйтпеген жағдайда шоқпарбастар болбырап, пайдалану сапасынан айырылады.

 

 

Жеміс-жидек дақылдары: 1 – жүзім іріктемелері;2 – алхоры іріктемелері; 3 – мәдени алшалар; 4 – цитрусты (мандарин, апельсин).

 

Жеміс-жидек дақылдары – шырынды және қатты жеміс-жидекті өсімдіктер. Жеміс-жидекті дақылдардың жемісі 6 топқа бөлінеді. Олар: шекіл-деуікті (алма, долана), сүйекті (шие, өрік), жидекті (қойбүлдірген, жүзім) жемістер. Сондай-ақ жаңғақты (талшын, жаңғақ), цитрусты (мандарин, апельсин) және субтропиктік (құрма, інжір) жемістер. Қазақстанның оңтүстігі және оңтүстік-шығысында алма, алмұрт, алхоры өсіріледі. Ал солтүстік, орталық, шығыс аймақтарын да тұшала, қарақат, долана, шәңгіш, шетен өседі.

 

Таңқурай – қосжарнақтылар класы раушангүлділер тұқымдасына жататын биіктігі 1,5 м шала бұталы жидекті дақыл. Мұның біржылдық және екіжылдық түрлері бар. Қазақстанда таңқурайлардың жемісі ірі, бірнеше іріктемелері өсіріледі. Ақ күлтелі гүлдерінде өте көп аталықтар мен аналықтар орналасады. Жемісі – қызыл, кейде сары домаланған өте көп сүйекті жеміс. Жемісі тәтті, хош иісті. Пісіп жетілген кезде гүлтабаннан және тостаған жапырақшадан оңай ажырайды. Жемісінде 11%-ға дейін қант, 0,3%-ға дейін илік заттар, С, А, В витаминдер бар. Тұқымында 22% мөлшерінде май болады. Таңқурай егілген 1 га жерден 100 килограмға дейін бал алынады.

 

Таңқурай.

 

Таңқурайды тамыр атпасынан және тамыр қалемшесінен өсіреді. Көктемде немесе күзде қатардағы ара қашықтығын 30–50 см алшақтықта отырғызады. Қатар аралықтары 2,5–3 м болуы қажет. Түсімін жақсартып, оларды тозаңдандыру үшін омарта пайдаланылады. Отырғызылған таңқурай түптері қалыптаса бастайды. Әр түпте 8–10 өркен қалдырып, нашар өскен өркендерді жұлып алады. Жемістерін көтере алмай, сабақтары иілмеу ішін қатарластырып сүйеніш қазық қағады. Таңқурайдың жемісін қолмен тереді. Жемістердің пісіп-жетілуі біркелкі емес. Сондықтан жемісті әрбір 2–3 күн сайын жинап алған жөн. Жемісі жалпы 20 күнде пісіп жетіледі. Таңқурайдан 2 айға дейін жеміс жинауға болады. Жемісін жейді, сондай-ақ одан тоспа, компот, шырын дайындалады. Бөлме өсімдіктері де қолдан өсіріліп мәдени түрге айналған. Олар тек сәндік мақсатта емес, өте қажетті қызмет атқару үшін де бөлмеде өсіріледі. Сондай бөлме гүлінің бірі – бейқалақай.

 

Бейқалақай – реңі ажарсыз, көгілдір ұсақ гүлді, сүректі бөлме гүлі. Ол ерінгүлділер тұқымдасына жатады. Ғылыми атауы – плектрантус фрутикозус, яғни «бұта тәріздес тепкі гүл» деген мағынаны білдіреді. Бейқалақай – күй талғамайтын өсімдік. Жапырақтары қалақайға өте ұқсас, бірақ күйдірмейтін болғандықтан, «бейқалақай» атанған. Жапырағын сипаласа, жалбыз тәрізді иіс шығарады. Сырттай қарағанда бейқалақай бұтағы тармақталған бұтаға ұқсайды. Ол – Оңтүстік Африкада өсетін өсімдік. Бейқалақайды қалемшесі арқылы өсіреді. Бейқалақайдың негізгі қасиеті – күйе көбелегін құртуы. Бейқалақай өскен бөлмеге күйе көбелегі, тіпті шыбын да жолай алмайтыны мәлім. Осыған орай бейқалақайды «шыбынқуғы» деп те атайды екен.

 

Күйе көбелегі мен шыбынды бөлмеден құрту үшін бөлмеде бейқалақай өсіруді ұмытпаңдар.



Сұрақтар
  1. Шаршыгүлділер тұқымдас бір, екі және көпжылдық өте бағалы көкөністік дақыл:
  2. Шаршыгүлділер тұқымдас біржылдық жаздық және күздік көкөністік дақыл:

  3. Қазақстанның оңтүстігі және оңтүстік-шығысында өсірілетін жеміс-жидекті өсімдік:

  4. Қосжарнақтылар класы раушангүлділер тұқымдасына жататын биіктігі 1,5 м шала бұталы жидекті дақыл:
  5. Ерінгүлділерге жататын сүректі бөлме гүлі:

  6. Орамжапырақ жемісі:

  7. Жеміс-жидекті дақылдардың жемісі бөлінеді?

  8. Ол егілген 1 га жерден 100 кг-ға дейін бал алынады:

  9. Гүлді орамжапырақтың құрамындағы дәрумен?

  10. Орамжапырақ гүлшоғыры:

Қате туралы хабарландыру