Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

V тарау. Омыртқасыз жануарлар (жәндіктер). Жануарлар түрінің сан алуандығы. Жануарларды жіктеу

Конспект

Ғаламшарымызда жануарлардың түрлері өсімдіктерге қарағанда әлдеқайда көп. Олар сан алуандығымен ерекшеленеді. Соншама жануарларды бірінен-бірін ажырату қиын. Сондықтан оларды топқа бөліп, жіктеп, бір жүйеге келтіру қажет.

 

Жүйелеу дегеніміз – ғаламшарда жойылып біткен және қазіргі кезде кездесетін барлық жануарды белгілі тәртіпке сәйкестендіріп, ретке келтіру. Жүйелеу тобындағы реттелуді ескеріп, бүкіл жануарларды ерекшеліктеріне сәйкес топтастыру жіктеу деп аталады. Жіктеу кезінде жануарларды бірінен-бірін ажырату да олардың құрылысы, тіршілік етуі, мекен орны негізге алынады. Бұрынғы геологиялық кезеңдерде жойылып кеткен және жер ғаламшарында қазіргі кезде мекендейтін жануардың барлығы бір топқа – жануарлар дүниесіне біріктіріледі.

 

Жануарлар дүниесінің екі тармағы бар: біржасушалы жануарлар және көпжасушалы жануарлар. Біржасушалы жануарлардың денесі негізінен бір ғана жасушадан тұрады. Сондықтан олар қарапайым жәндіктер деп аталады. Көпжасушалы жануарлар ағзасында жасушалар көп болады. Олар әр түрлі қызметтер атқарады. Жасушалардың бір тобы ішкі және сыртқы ортадан тітіркендіргіш әрекетін қабылдап, сезімталдық білдіреді. Енді бір тобы дыбыс тербелісін қабылдап, талдау арқылы есту жүйесінің негізін құрайды. Кейбір жасушалар тобы қорғаныш қызметін атқарады. Қорегін іздеп табуға жәрдемдесіп, оны қорытуға қатысатын да жасушалар бар. Бірақ бірде-бір жасуша өз ағзасынан тыс өмір сүре алмайды.

 

Жануарлар дене құрылысының ортақ белгісі бойынша омыртқасыз жануарлар және омыртқалы жануарлар болып бөлінеді. Халқымыз омыртқасыз жануарды жәндіктер дейді. Жәндіктердің денесінде ішкі қаңқа және омыртқа жотасы болмайды. Олардың біржасушалы да, көпжасушалы да түрлері болуы мүмкін. Ішкі қаңқасы және омыртқа жотасы болатын түрлер омыртқалы жануарларға жатқызылады. Бұлар жануарлар деп аталады. Жануарлардың ұрығы дами бастаған белгілі сатысында ішкі қаңқа нышаны байқалады. Бұл түзіліс бас пен құйрық аралығында домбыра ішегі желісіне ұқсас керіліп жатады. Сондықтан жануарлардың бұл тобы желілілер (хордалылар) типіне біріктіріледі. Балықтар, қосмекенділер, жорғалаушылар, құстар, сүтқоректілер – жоғары сатыдағы жануарлар. Бұларда желі (хорда) тек ұрықтық сатыда ғана сақталады. Одан әрі даму барысында жеке омыртқалардан құралатын омыртқа жотасына айналады. Ал төменгі сатыдағы жануарларда (қандауырша, қабықтылар, т.б.) желі өмір бойы сақталады.

 

К. Линней (1707–1778)

 

Жануарларды негізгі жүйелік топтарға жіктеу. Жер ғаламшарын дағы сан алуан жануарларды жеке-жеке атау, түрлерге ажырату, жүйеге келтіру оңайға түскен жоқ. Біздің заманымыздан бұрын (б. з. б.) V–ІV ғасырларда ғалымдар жануарларды жүйелеп, жіктеуге ерекше назар аударды. Ежелгі грек ғалымы Гиппократ (б. з. б. 460 – 370 жж шамасында) сол кезде белгілі жануарларды тіршілік ететін ортасына байланысты жіктеді. Грецияның ұлы ойшылы Аристотель (б. з. б. 384 – 322 жж шамасында) жануарларды аңдар, құстар, балықтар, киттер және бунақденелілердеп, негізгі топтарға жүйеледі. Жануарлар әлемін жүйелеу ісінде швед ғалымы Карл Линней білгірлік көрсетті. Сондықтан ол жануарларды жүйелеудің негізін қалаушысы болып саналады. К. Линней ағзаларға қосарлы атаутізім беруді ұсынды. Мұнда ол туыстық белгісіне қарай түрге екі атау берді. Мысалы, шақшақай туыстас құстардың үш түрі бар. Олар: «Ақ шақшақай», «Сары шақшақай» және «Сарыбас шақшақай». «Ақ», «Сары», «Сарыбас» сөздері жеке түрге ғана қолданылады. Сондықтан мұны түрге берілген белгі деп түсінуіміз қажет. Барлығына ортақ – екінші атау «шақшақай» – құстың туыстық атауы. Ағзаларға (микроорганизмдер, өсімдіктер, жануарлар) жіктеу кезінде туыстық екі атау беру қосарлы атаутізімдеп аталады. Қосарлы атаутізім бойынша құс туысының қай түрге жататынын бірден біле аламыз.

 

Түр дегеніміз – Жер ғаламшарындағы тіршілік атаулыларды жүйелеудегі негізгі өлшем бірлік. Бір түрде бірнеше даралар (особь) болады. Олар өзара бірімен-бірі еркін жұптасып, өзінен кейін ұрпақ қалдырады. Әр түрге жататын даралар бірімен-бірі жұптасқанмен де, соңынан ұрпақ қалдыра алмайды.

 

Оған жылқы мен есектің шағылысуынан туған қашыр мысал бола алады. Қашыр ұрпақ бермейді.

 

Француз ботанигі Жозеф Питон де Турнефор (1656–1708) XVІІ ғасырдың соңында жүйелеу үшін класс ұғымын енгізді.

 

«Тип» терминін 1825 жылы француз зоолог-анатомы Анри Мари Бленвиль (1777–1850) ұсынды.

 

К. Линней жануарларды жүйелік топқа жіктеу кезінде түрді негіз етіп алды. Ол түрді – туысқа, туысты – тұқымдасқа, тұқымдасты – отрядқа, отрядты – класқа, класты – типке, типтерді жануарлар дүниесіне біріктіруді ұсынды. Сөйтіп жануарларды жіктеудің мынадай қысқаша сызбанұсқасы қалыптасты: түр → туыс → тұқымдас → отряд → класс → тип → жануарлар дүниесі.

 

Жұмыртқа салатын қауырсын жабынды жануарлардың барлығы бір класқа – құстар класына біріктіріледі. Туыстас кластар топтасып, тип түзеді.

Бұдан біз жануарларды жіктеу барысында жануарлар дүниесі – ең жоғарғы деңгей, ал түрдің ең төменгі деңгейдегі табиғи құрылым екенін аңғарамыз.

Жануарлар мен өсімдіктерді жүйелеу негізінен алғанда ұқсас. Алайда жіктеу кезінде біраз өзгерістердің де болатынын төмендегі кестеден көре аламыз:

 

 

Жануарларды топтастыру қалай болса солай бөліне салмайды. Олардың туыстығы мен ұқсастығы туралы барлық деректерге сәйкес жүзеге асырылады. Жіктеу кезінде бөлінген топтар жануарлардың шығу тегін және эволюциясын толық қамтып, айқын көрсетеді. Жануарларды топтарға бөліп, жіктеудің маңызы зор.

 

Бұдан жануарлар дүниесінің қарапайым жәндіктерден омыртқалы жануарларға дейін құрылымының күрделене түсетіні нақтылы көрінеді.

Жануарларды бұлай жіктеу көптеген зерттеулер арқылы жүзеге асырылды. Бұл ғылыми деректерге байланысты тарихи дамуы бағытында жүйеге келтірілді. Қазіргі заманда жануарлар әлемі жүйесінде 20-дан астам типтердi және жүздеген кластарды ажыратуға мүмкiндiк туды.

 

Қазақстандағы жануарларды зерттеу тарихы. Халқымыз ежелден-ақ төрт түлiк мал – түйе, жылқы, сиыр және қой-ешкiнi қолға үйреттi. Олардың етi-сүтiн, терi-жүнiн, басқа да өнiмдерiн қажеттерiне жарата бiлдi. Зоологияны ғылым ретiнде терең зерттеген жоқ. Тек өмір тәжірибесіне байланысты жануарларды қызықтай біледі. Оларға аударған ықыласын аңыз-әңгіме, мақал-мәтел, ертегі-жұмбақтар, басқа да тәсілдер арқылы

ұрпақтан ұрпаққа жеткізді. Тіпті ХІ ғасырда Махмуд Қашғари тәрізді ғұлама ғалымдар республикамызда мекендейтін жануарлар туралы жазба деректер қалдырды. Бұл салада араб, парсы және Қытай саяхатшыларының да үлесі аз емес.

 

Махмуд Қашғари (1015-1083)

Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (1397-1482)

 

Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы – біртума қазақ шипагері. Ол – науқастың емін табу үшін өзіне-өзі сынақтәжірибе жасаған, қазақтың нағыз мақтанышы. Өтейбойдақ шешекпен қайтадан ауырмаудың әдісін бірінші болып тапқан. Өзіне жасаған тәжірибе нәтижесін шешекпен ауырған балаға жасап, оны сауықтырған. Ол үшін балаға шыққан шешек іріңін тананың шап терісін тілгенде шыққан қанға жаққан. Тана шабында бір аптадан кейін томпайған ісіктер байқалған. Сол томпақты жарып, ішіндегі сұйығын күн түспейтін салқын орында сақтаған. Әзірленген сұйықтан үшкірленген ағашпен бір тамшы алып, баланың білегіне жаққан. Сұйықтық жағылған жерді инемен сызып қойған. Сөйтіп Өтейбойдақ шипагер тұңғыш рет шешек екпесін (вакцина) тапқан. Бұл кезде ол 49 жаста екен. Ал біз шешек екпесін ағылшын дәрігері Эдуард Дженнер 1798 жылы тапты деп білеміз. Шешек екпесін Өтейбойдақ шипагер ағылшын дәрігерінен 352 жыл бұрын ашыпты!

 

Республикамыздың жануарлар дүниесін ғылыми тұрғыдан зерттеуге XVІІ–XVІІІ ғасырларда ұйымдастырылған экспедициялардың ықпалы мол болды. Әсіресе қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың қосқан үлесі ерекше.

 

П.И.Мариковский (1912)

Шоқан Уәлиханов (1835-1865)

 

Қазақстанда алғашқы зоологиялық зерттеулер XVІІІ–ХІХ ғасырларда басталды. П. С. Паллас – құс пен аңның 45 түріне, Э. А. Эверсман құстардың 8 түріне сипаттама беріп, жүйеледі. Н. А. Северцев Түркістан жануарларының орналасуы, Г. В. Никольский Балқаш қазаншұңқырындағы омыртқалы жануарлар туралы алғашқы ғылыми жинақтарды жариялады. Ал ХХ ғасырдың басында Арал теңізі мен Балқаш көлінің балықтарын Л. С. Берг, құстар фаунасын Н. А. Зарудный, П. П. Сушкин, т.б. зерттеді. К. И. Скрябин Оңтүстік Қазақстанда кейбір үй хайуанаттары мен жабайы жануарлардың ішек-құрттарын зерттеп, маңызды деректер жариялады.

 

Қазақстанда 1924 жылға дейін зоологиялық мекемелер болмады. Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін Ресей ғылым академиясы мен Мәскеу мемлекеттік университетінің, т.б. жоғары оқу орындарының ғалымдары: Н. О. Оленов, Б. С. Виноградов, Б. А. Кузнецов, Б. А. Хохлов, Б. А. Селевин, т.б. зерттеді. Жабайы жануарларды зерттеу үшін республикамыз да зоологиялық сектор ашылды (1932). Зерттеу жұмыстары ғылым академиясының институты құрылғаннан (1944) кейін ғана нақтылы жолға қойылды. Омыртқасыз және омыртқалы жануарларды зерттеуде және оларды жүйеге келтіруде көптеген ғалымдар атсалысты. И. А. Долгушин, А. А. Слудский, А. В. Афанасьев, М. И. Исмагилов, К. Ы. Ысқақова, С. И. Ибрашева, П. И. Мариковский, С. К. Сыбанбаев, Е. В. Гвоздев, И. Г. Галузо, С. Н. Боев, Б. А. Домбровский, К. Б. Бердіоңғаров, А. Ф. Ковшарь, Т. Н. Досжанов, А. Бекенов, т.б. ғалымдар зоология ғылымының дамуына ерекше үлес қосты және одан әрі дамытуда.



Сұрақтар
  1. Ғаламшарда жойылып біткен және қазіргі кезде кездесетін барлық жануарды белгілі тәртіпке сәйкестендіріп, ретке келтіру:
  2. Жануарлар ортақ белгісі бойынша:

  3. Жануарларды тіршілік ететін ортасына байланысты жіктеген Грецияның ұлы ойшылы:
  4. Жануарларды аңдар, құстар, балықтар, киттер және бунақденелілер деп, негізгі топтарға жүйелеген:
  5. Ағзаларға қосарлы атаутізім беруді ұсынған ғалым:

  6. Жозеф Питон де Турнефор?

  7. Өтеубойдақ Тілеуқабылұлы тұңғыш рет қандай екпе тапқан?

  8. Ғаламшардағы жануарлар саны:

  9. Жүйелеудегі негізгі өлшем бірлік:

  10. Төменгі сатыдағы жануарларда өмір бойы сақталып қалатын мүше:

Қате туралы хабарландыру