Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

IV тарау. Қосжарнақтылар класы. Көкнәр, алабота тұқымдастары

Конспект

Жабық тұқымды өсімдіктер бөлімі. Сипаттамасы, құрылыс ерекшеліктері, тіршілік жағдайы, көбеюі. Жабық тұқымдылардың сан алуандығы. Жабық тұқымды өсімдіктер ағаш, бұта, шөптекті болып келеді. Бұларда шөптекті өсімдіктер түрі басымырақ. Ең негізгі ерекшелігі – олардың тұқымбүршігі аналық жатынының ішінде жабық түзіледі. Демек тұқым әрқашан жеміс ішінде өседі. Сондықтан бұларды жабық тұқымды өсімдіктер деп атайды. Бұл топтағы өсімдіктердің басқаларынан айырмашылығы гүлі мен жемісінің болуы. Гүл – тұқыммен көбею мүшесі. Жеміс пен тұқым гүлдеу нәтижесінде ғана түзіледі. Сондықтан өсімдіктердің бұл тобы гүлді өсімдіктер бөлімі деп те аталады.

 

Гүлді өсімдіктердің маңызды ерекшелігі – қосарлы ұрықтану. Мұндайда аналық аузында тозаңдар өнген кезде екі аталық жасуша (спермий) түзіледі. Аталық жасушаның біреуі жұмыртқажасушамен қосылып, ұрық түзіледі. Ал екіншісі ұрық қапшығының орталық жасушасына қосылады. Сөйтіп эндосперм түзеді. Әрине, гүлді өсімдіктердің өзіне тән анатомиялық белгілері де бар.

 

Гүлді өсімдіктер Арктикадан Антарктикаға дейінгі құрлықта кең таралған. Таулы жерлерде де, суда да гүлді өсімдіктер кездеседі. Күнделікті өзіміз көретін мығым емен де гүлді өсімдік.

 

Діңінің жуандығы 10 метр шамасындағы баобаб, нәзік сабақты шөптер де гүлді өсімдіктер. Биіктігі 30 қабат үйге тең алып эвкалипт те, су бетінде қалқып жүретін кіп-кішкене балықот та гүлді өсімдіктерге жататынын білетін боларсыңдар.

 

Гүлді өсімдіктер екі класқа жіктеледі. Олар: қосжарнақтылар және даражарнақтылар класы.

 

Қосжарнақтылар класы. Тұқымында екі тұқым жарнағы болатын гүлді өсімдіктер қосжарнақтылар класына жатады. Гүлді өсімдік түрінің 75%-ы қосжарнақтылар болып есептеледі. Бұлар шөп, бұта, ағаш түрінде барлық жерлерде кездеседі. Қосжарнақтыларды ажыратуға болатын негізгі белгілер мыналар: олардың ұрығында 2 жарнақ болады. Тамыр жүйесі кіндік тамырлы болып келеді. Жапырақ тақтасының пішіндері әр түрлі болуы мүмкін. Жапырақ жүйкелері қауырсынды немесе саусақ салалы болады. Күлтесі және тостағанша жапырақшасының саны – 5 немесе 4-тен. Көпшілігінде түзуші ұлпа – қамбий болады.

 

Даражарнақтылар дегеніміз – шашақ тамырлы, жапырақтары қатар (параллель) және доғалы жүйкелі өсімдіктер. Жапырақ тақтасы көбінесе таспа тәрізді. Тұқымы бір ғана жарнақтан тұратын гүлді өсімдіктер класы. Мысалы,пияз, бидай, құртқашаш, пальма және басқа өсімдіктер – даражарнақты өсімдіктер.

 

Көкнәр тұқымдастар. Шөптекті, бұта немесе кішкене ағаш түрінде өсетін қосжарнақты өсімдіктер тобы. Бұлар – біржылдық немесе көпжылдық өсімдіктер. Ғаламшарда 700-ге жуық түрлері бар. Қазақстанда көкнәр тұқымдастардың 44 түрі өседі. Жапырағы кезектесіп орналасады. Бөбешік жапырақшалары болмайды. Сүтті шырын бөліп шығаратын өзекті жүйелері жақсы дамыған. Көкнәрлардың гүлі қосжынысты. Тостағанша жапырақшасы – 2, гүлі ашылғанда дереу түсіп қалады, күлтесі – 4. Ол екі шеңбер бойына орналасқан. Аталығы көп; аналығы да көп жеміс жапырақшасынан құралған. Жемісі – қауашақ, тұқымдары – ұсақ, түсі қара болып келеді. Сирек кездесетіндіктен, жіңішке көкнәр (мак тоненький) Қазақстан Қызыл кітабына тіркелген. Ол – шөптекті көпжылдық өсімдік. Биіктігі 30 сантиметрден аспайды. Гүлсидамы жіңішке және тік өседі. Жапырақтары сағақты, гүлсидамынан 2–3 есе қысқа. Қазақстанда Қарқаралы тауларында, әсіресе Кент және Қызылрайда бірлі-жарымнан кездеседі. Қорғауды қажет етеді.

 

Көкнәр ауланы сәндеу үшін үлескілерде әдейі өсіріледі. Жалаңсабақ айдаршөп, жіңішке айдаршөп – бұлар да көкнәр тұқымдас өсімдіктер. Көкнәр тұқымдас үлкен сүйелшөп – улы өсімдік. Ол халықтық медицинада сүйелді кетіруге пайдаланылған. Сондықтан «сүйелшөп» аталған. Көкнәрлар тұқымдасының формуласы: жабайы көкнәр Т2К2+2А Ж.

 

Алабота тұқымдастар. Басым көпшілігі арамшөп түрінде белгілі біржылдық және көпжылдық шөптекті өсімдіктер. Шала бұталы, кейде бұта және кішкене ағаш түрінде кездеседі. 1 500-ге жуық түрлері бар.

 

Алабота тұқымдастар – кіндік тамырлы, көпшілігі көріксіз, өте кең таралған өсімдіктер. Көпшілігінде сабағы мен бұтағы бунақты (сексеуіл) болып келеді. Бөбешіксіз жапырағы кезектесіп орналасады. Жапырақтары қарама-қарсы орналасатын да түрлері бар. Кейбіреулерінің жапырақтары жойылып, қабыршаққа немесе тікенекке айналған. Гүлдері ұсақ, көзге бірден байқалмайды. Олардың түсі жасыл немесе сары болып келеді. Гүлдердің жеке-жеке де, масақ тәрізді, шашақтанып, сыпыртқыгүл тәрізді шоғырланып өсуі мүмкін. Қосжынысты, көпжатынды немесе дара жынысты, күлтесіз болып келеді. Тостаған жапырақшасы – 5, кейде – 3, кейде 4-еу болады. Тостаған жапырақшасы нешеу болса, аталығы да сонша, тіпті жалғыз (ебелек) да болуы мүмкін. 2, кейде 3–4 немесе 5 жеміс жапырақшалардан түзілген жатыны бар. Аналық мойындарының аздап немесе мүлде тұтасуы да мүмкін. Жемісі қақырамайды. Желмен, бунақденелілермен айқас тозаңданады. Тұқымын жел немесе жануарлар таратады. Алабота тұқымдастарға қызылша, шпинат, көкпек, сораң, алабота, теріскен, сексеуіл, бұйырғындар жатады.

 

Сексеуіл – бұта немесе кішкене ағаш түріндегі алабота тұқымдас өсімдіктердің бір туысы. Биіктігі 12 метрге дейін жетеді.

 

Қазақстандағы орман қорының жартысына жуығын сексеуілді тоғай алып жатыр. Оның көлемі 5 млн шаршы метр деп есептеледі. Өткен ғасырдың 40–50-жылдары сексеуілді отын қоры ретінде пайдаланған. Бақанас, Сары-Үйшік-Отырар, Мойынқұм және Қызылқұмда сексеуілден отын дайындалған. Сексеуіл қорын сақтап қалу үшін бір жылдары көшеттер отырғызылыпты. Алайда жылма-жыл сексеуіл отынға көп дайындалғандықтан, сексеуіл орманы сиреп кетті. Енді мүлде жойылып кету қаупі сексеуілге төніп тұр. Сондықтан сексеуілді қорғау шараларын күшейту қажет.

 

Қазақстанда 3 түрі өседі. Олар қара сексеуіл, ақ сексеуіл және бұта сексеуіл деп аталады. Тамыр жүйесі өте күшті дамыған. Жанама тамырлары топыраққа 10–11 метрге дейін таралып кетеді. Бұлардың діңі қисық, мықты, морт болып келеді. Бұжыр-бұжыр діңінің сүрегі ауыр, суға батып кетеді. Өте қатты болғандықтан, өңдеуге көнбейді. Сексеуілдің жас бұтақтары мүлде жапырақсыз болады. Өйткені жапырақтары өзгеріп кеткен, жапырақ қызметін жас өркендері атқарады. Сексеуілдің гүлі ұсақ, қосжынысты – бірүйлі, қабыршақ тәрізді гүл жапырақтың қолтығында 4-тен орналасады. Гүлсерігі қабыршақтанған 5 жапырақшалардан құралып, жемісіне қанатша түзеді. Көктемде гүлдейді. Жемісі – қанатты жаңғақша, қыркүйек – қазан айларында пісіп жетіліп, қараша – желтоқсан айларында жерге төгіледі. Сексеуіл тұқымынан көбейеді, өркендерінен де өсіп жетіледі. Ол 30–60 жыл тіршілік етеді. Сексеуіл діңі жаққанда жылуды көп бөледі. Сондықтан отынға пайдаланылады. Сүрегін жаққанда түскен күлден сақар (тыңайтқыш) өндіріп алады. Сексеуілдің жас өркендерін қыста қой, түйе жейді. Ақ сексеуіл құм бекітуге пайдаланылады.

 

Қызылша – алабота тұқымдастарға жататын бір, екі, көпжылдық шөптекті өсімдіктер туысы. Қызылша туыстастың 6 түрі бар. Екіжылдық қызылшалар бірінші жылы жемтамырына өсімді бөлігінде қоректік зат жинайды. Ал екінші жылы оны гүлдері мен тұқымдарына жұмсайды. Бұл – екіжылдық қызылшалар түрі. Кәдімгі қызылша – қызылшаның мәдени түрі.

 

 

Оған асқаналық қызылша, малазықтық қызылша, қант қызылшасы қамтылады. Қант қызылшасында 23%-ға дейін қант болады. Жапырақты қызылша (мангольд) – қант қызылшасының түршесі.

 

Қант қызылшасы республикамызда Талдықорған, Жамбыл облыстарында өсіріледі. Етті, жуан тамыры жемтамыр деп аталады. Тамырдан сағақты, топтасқан жапырақтар өсіп шығады. Гүлсидамдық қуатты сабағы екінші жылы пайда болады. Жасыл немесе ақшыл 5 бунақты гүлдері жеке-жеке немесе 2–5-тен топтасып өседі. Пісіп жетілген кезде 2–6-дан бірігіп жеміс шоғырын түзеді. Бірінші жылғы өсім мерзімі 160–170 күн, екінші жылы 100–130 күнге созылады. Жылу сүйеді.



Сұрақтар
  1. Шашақ тамырлы, жапырақтары қатар (параллель) және доғалы жүйкелі өсімдік:

  2. Даражарнақты өсімдік:

  3. Көкнәр тұқымдас улы өсімдік:
  4. Алабота тұқымдас өсімдік:
  5. Өте кең таралған алабота тұқымдас біржылдық арамшөп:
  6. Қазақтар күлінен сақар алған және сабын жасауға пайдалана білген арамшөп:
  7. Бұта немесе кішкене ағаш түріндегі алабота тұқымдас өсімдіктердің бір туысы:
  8. Алабота тұқымдастарға жататын бір, екі, көпжылдық шөптекті өсімдіктер туысы:
  9. Көкнәр тұқымдастардың жемісі:

  10. Ауыл шаруашылығы зиянкестеріне қарсы қолданылатын дәрі қай өсімдіктен алынады?

  11. Қосжарнақты өсімдік

  12. Құрамындағы нәруыз мөлшері етке барабар алабота тұқымдасы

  13. Қазіргі кезде апиын алуға болатын көкнәрді өсіретін ел

  14. Шпинатқа тән белгі

  15. Алабота тұқымдасына тән белгі

  16. Жалаң сабақ айдаршөп пен жіңішке айдаршөп өсімдіктер тұқымдасы

  17. Бақша саумалдығына тән  

  18. Қосжарнақтылар

Қате туралы хабарландыру