Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

IV тарау. Асқабақ тұқымдастар – бақша өсімдіктері. Орамжапырақ тұқымдастар

Конспект

Асқабақ тұқымдастар сипаттамасы, сан алуандығы. «Бақша» парсының «шағын бақ» деген сөзінен негіз алады. Онда өсірілетін өсімдіктерді бақшада өсетін дақылдар деп есептейді. Бақшада негізінен асқабақ тұқымдас өсімдіктер өсіріледі. Асқабақ, қарбыз, қауын, қияр – бақшада өсірілетін қосжарнақты өсімдіктер. Қазір бақша өсімдіктерінің 900 түрі белгілі. Қазақстанда 9 түрі бар. Бұл өсімдіктердің көпшілігі бізге бұрыннан таныс.

 

Бақша өсімдіктерінің негізгі ерекшеліктері бар. Бұлар – шөптекті біржылдық өсімдіктер. Қазақстанда асқабақ тұқымдастарға жататын көпжылдық өсімдіктің бір түрі Қаратау маңында кездеседі. Ол құтырған қияр деп аталады. Өркендері шырмалып немесе төселіп өседі, яғни олар – жатаған сабақты өсімдіктер. Бұлардың сабағында мұртшалары бар. Мұртша – өзгерген өркен. Асқабақ тұқымдастар тропиктік, субтропиктік елдерде таралған. Олар – негізінен алғанда мәдени өсімдіктер.

 

Асқабақ тұқымдастардың ұзын сағақты, жай жапырақтары болады. Гүлдері жапырақ қолтығында, шашақты гүлшоғыр түрінде немесе жеке өседі. Көпшілігі даражынысты. Кейде қосжыныстылары да кездеседі. Мысалы, жабайы өсетін итжүзім (переступень) – екіүйлі көпжылдық өсімдік. Оның тамыры өте жуан. Сабақтары жіңішке болады. Ал жемісі – нағыз жидек. Халықтық медицинада тамырын іш босатуға пайдаланады.

 

Асқабақ тұқымдастардың гүлінде жіңішке 5 тостағанша жапырақшалары, 5 тұтасқан күлтесі бар. Аталығы 5-еу, оның 4-еуі тұтасып, екі-екіден біріккен. Бір аталығы бос тұрады. Кейде 5 аталық тұтасып, гүл ортасында бағана түзеді. Аталық тозаңдығы – имек. Аналық жатыны үш ұялы. Жемісі – қабақ (тыквина). «Қабақ» деген – өсімдіктердің сырты қатты, шырынды жеміссерігі болатын жидектектес жемісі. (Нағыз жидек жемісті өсімдіктер – қарақат, жүзім, тұшала екенін есте ұстаңдар.) Асқабақ тұқымдастардың тұқымы өте көп болады. Бір тұқымды түрлері де бар (мысалы, мексикалық қияр – чайот.

 

Қарбыз           Қауын

Асқабақ тұқымдастар: 1 – сәнқауақтар; 2 – нас қабақ; 3 – қиярлар; 4 – мексикалық қияр (чайот)

 

Асқабақ тұқымдастар бақшада өсірілетін мәдени өсімдіктер болып саналады. Бұлар – жемісі ең ірі өсімдіктер. Жемісінің салмағы 100 килограмға жететін түрлері де бар. Қияр – асқабақ тұқымдастардың көкөністік түрі. Гүлі қосжынысты түрі сирек кездеседі, көпшілігі дара жынысты. 30-ға жуық түрлері бар. Бұлар – қауын туыстас өсімдіктер. Жемісі – қабақ, тағамға пайдаланылады.

 

Қауын – біржылдық шөптекті өсімдік. Гүлі дара жынысты, кейде қосжынысты да болады. Бунақденелілер арқылы тозаңданады. Жемісі – қабақ (тыквина), оның салмағы 20 килограмға дейін жетеді. Жабайы түрі кездеспейді. Қауын – жылу мен жарықты сүйетін өсімдік. Сондықтан сазды-құмдауыт, құмды жерлерде жақсы өседі. Қауынның әр түрлі іріктемелері (әңгелек, қара күләбі, дәмбілше, торлама) бар. Қауыннан әр түрлі тағамдық өнімдер даярланады. Жемісін тіліп, кептіріп қақ жасайды, қауынқұрт қайнатады. Шырынын булап, «бал» дайындайды, ол бал «бекмес» деп те аталады. Бекместің құрамында 60% қант болады. Қауын тұқымынан 25–30% тағамдық май алынады.

 

Асқабақ – ірі жемісті тағамдық, дәрілік, малазықтық және сәндік, біржылдық шөптекті өсімдік. Оның ұзындығы 5 метрге дейін жететін жатаған сабағы болады. Бес қырлы сабағына тікенектер өскен. Жай жапырақтарына қарама-қарсы орналасқан мұртшасы бар. Мұртша – түрін өзгерткен өркен, жатаған сабағы нәзік болғандықтан, жан-жағындағы басқа өсімдікке оралуға тірек үшін қажет. Жапырағы – ірі, тақтасының жиегі 5 салалы тілімделген жай жапырақ. Гүлі дара жынысты, бірүйлі, жапырақ қолтығында жеке-жеке өседі. Аталық гүлдер ұзын – гүлсағақтарда, аналық гүл қысқа гүлсағақтарда болады. Жатыны ұзарып, төмен орналасқан. Сонда аталық гүлінің формуласы: Т(5)К(5)А (2)+(2)+1Ж0, ал аналық гүлдің формуласы: Т(5)К(5)А 0Ж(3). Жемісі – қабақ. Асқабақтың жабайы түрі табиғатта кездеспейді. Ол біздің заманымыздан 3 000 жыл бұрын Мексикада мәдени дақыл ретінде өсіріле бастаған. Қазір кәдімгі асқабақ еліміздің барлық аумағында өсіріледі. Кәдімгі асқабақтың сан алуан іріктемелері (қауақ, бәліш-қауақ) бар. Асқабақ тұқымдастар азықтық, дәрілік және техникалық мақсатта өсіріледі.

 

Орамжапырақ түрлері: 1 – ақ қауданды; 2 – қызыл қауданды; 3 –савойлық орамжапырақ

 

Орамжапырақгүлділер (шаршыгүлділер) тұқымдасы. Бұлар – шөптекті, кейде шала бұталы, қосжарнақты өсімдіктер. Ғаламшарымызда орамжапырақгүлділер тұқымдасына жататын 3 000-ға жуық түрлер бар.

 

Жапырақтары кезектесіп орналасады, бөбешік жапырақтары болмайды. Қосжынысты гүлі шаршы (крест) болып орналасатындықтан, орамжапырақгүлді өсімдіктер шаршыгүлділер тұқымдастары деп те аталады. Гүлі шашақ гүлшоғырына жиналған. Тостағанша жапырақшасы 4, күлтесі 4-еу, аталығы 6-ау, оның 4-еуі ұзын, 2-еуі қысқа, аналығы 2 жеміс жапырақшасынан тұрады. Шірненің жиналуына бейімделіп, тостағанша жапырақшалардың түп жағы кейде қапшық тәрізді болады. Гүлдерінің түсі ақ, сары, қызғылт, ақшыл көк түсті болып келеді. Жемісі – бұршаққын немесе бұршаққынша.

 

Орамжапырақгүлділер тұқымдасының көпшілігі халық шаруашылығында маңызды рөл атқарады. Орамжапырақ, шомыр, шалғам, тарна – көкөніс өсімдіктері.

 

Қыша, ақжелкек – татымды; рапс, арыш – майлы; ақбасқурай – дәрілік өсімдіктер. Қышабас, жұмыршақ тәрізді арамшөптер де бар.

Орамжапырақгүлділер (шаршыгүлділер) тұқымдасы гүлінің формуласы: жабайы шомырдікі – Т2+2К4А2+4 Ж(2).

Орамжапырақгүлділер: 1 – орамжапырақ гүлі; 2 – гүлді орамжапырақ; 3 – брюссельдік орамжапырақ



Сұрақтар
  1. «Бақша» парсының ... деген сөзінен негіз алады:
  2. Жатаған сабақты өсімдік:

  3. Өсімдіктердің сырты қатты, шырынды жеміссерігі болатын жидектектес жемісі:
  4. Асқабақ тұқымдастар:

  5. Ірі жемісті тағамдық, дәрілік, ұзындығы 5 метрге дейін жететін жатаған сабағы біржылдық шөптекті өсімдік:
  6. Асқабақ жемісі:

  7. Шаршыгүлділер тұқымдасына жатады:

  8. Шаршыгүлділер тұқымдастарына жататын орамжапырақтың жемісі:
  9. Асқабақ тұқымдасына жататын қауынның жемісін атаңыз?

  10. Қаратау маңында кездесетін асқабақ тұқымдасының көпжылдық өсімдігі?

  11. Қауынға тән белгі

Қате туралы хабарландыру