iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
IV тарау. Құлқайыргүлділер тұқымдасы. Шаршыгүлділер тұқымдасы
Құлқайыргүлділер тұқымдасы өсімдіктерінің сан алуандығы. Құлқайыр тұқымдастарға жататын өсімдіктер табиғатта ағаш, бұта, шөптекті болып келеді. Ағаш тектілері жапырағының жай және саусақсалалы болуы да мүмкін. Бұлардың 1 000-ға жуық түрлері бар. Қазақстанда 18 түрден құралған 7 туысы өседі. Олар әсіресе Алтай, Күнгей, Теріскей, Іле Алатауында, Мойынқұмда таралған.
Құлқайыргүлділер қатарының құлқайыргүлділер тұқымдасынан өзге 9 тұқымдасы бар. Солардың бірі – баобаб тұқымдастар. Мұны кейде латынша атауы негізінде бомбакс тұқымдастар деп те атайды. Бұлар – гүлі құлқайыргүлділерге өте ұқсас ағаш текті өсімдіктер.
Баобаб
Баобаб Африка саваннасында өседі. Оның биіктігі 18–25 метрге, діңінің орамы 4–10 метрге дейін жетеді. Баобабтардың кейбіреуінің 5000 жылға дейін тіршілік ететіні белгілі. Саваннаның құрғақ, ылғалды маусымдары мезгіл-мезгіл ауысуы кезінде баобаб жапырақтарын түсіреді. Сөйтіп бұтақтары сидиып қалады. Осы кезде асқабаққа ұқсас ұзын жемісі де пісіп үлгіреді. Сидиған бұтақтарда ірі жемістің ілініп тұруы ерекше көрініс. Баобабтың қышқылтым, шырынды, жұмсақ жемісі мен тұқымдары жеуге жарамды. Баобабтың қалың қабығы қағаз жасауға қолданылады.
Құлқайыргүлділер тұқымдасының сипаттамасы және құрылысы. Құлқайыргүлділер тұқымдасының гүлдері – қосжынысты, қосарланған гүлсерігі болады. Аталықтары өте көп, олар көбінесе түтікшеге айналып, аналықты қоршайды. Бір немесе бірнеше тұтасқан аналықтары бар. Жемісі құрғақ – қауашақ немесе бір тұқымды жаңғақшалар.
Құлқайыргүлділер тұқымдасының ең маңыздысы – мақта.
Мақта – биіктігі 1,5–2 метрге дейін жететін кіндік тамырлы, шөптекті өсімдік немесе шала бұта. Біздегі өсірілетін мақта – біржылдық өсімдік. Көпжылдық бұталы түрлері тропиктік елдерде кездеседі. Елімізде Оңтүстік Қазақстанның көптеген аудандарында (Бөген, Келес, т.б.) шитті мақта өсіріледі. «Шит» деген мақтаның ұрық шашатын тұқымы. Мақтаның екі түрлі: өсетін және жеміс беретін бұтағы болады. Жеміс беретін бұтағы – қысқарған өркен. Жеміс беретін бұтақтың ұшында гүл өседі. Бірінші гүлден төменірек орналасқан жанама бүршіктен екінші гүл дамиды. Мақтаның гүлі ақсары немесе сары түсті. Маусым айында мақта бұтақтарында жеке-жеке ірі гүлдер пайда болады, яғни гүлдейді. Мақта гүлінің біріккен 5 тостағанша және тостағаншаның сыртын қаптайтын бірікпеген 3 жапырақшасы бар. Күлтесі бірікпеген 5, біріккен көп аталықтары, көп аналықтары болады. Сондықтан оның гүл формуласы: Т3+(5)К5А (∞)Ж(∞).
Мақтаның жемісі – қауашақ. Мақтаның ашылмай қалған немесе шала ашылған қауашағын көсек дейді. Қауашақ 3–5 жақтауға ашылады. Қауашақ ішіндегі ұзын талшықтары (түктері) бар өте көп тұқымдар шашылады.
Талшықтардың ұзындығы кейбір мақта іріктемелерінде 50–60 миллиметрге дейін жетеді. Шит талшықтары таза жасунықтан (клетчатка) тұрады. Олар өте ширатылғыш, сондықтан тоқыма материалы (хлопок) ретінде пайдаланылады. Шитті мақтадан таза мақта өндіріледі. Мақта тұқымынан мақта майы, күнжара, мақта мамығы, басқа да құнды өнімдер алынады. Мақта тұқымының 24–26%-ы майдан тұрады. Мақта майы тағамға, сондай-ақ техникалық мақсатта қолданылады. Мақта шаруашылығы өте ертеден дамып келеді. Біздің заманымыздан бұрын 3 000 жылдан бері мақта шаруашылығымен Үндістан шұғылданып келеді. Шитті мақта біздің республикадан басқа Өзбекстанда, Түркменстанда өсірілуде. Өйткені мақта – жылу, жарық сүйетін өсімдік. Мақтадан мол түсім алу үшін 15–17°С температура қажет. Көлеңке түспейтін, топырағы тыңайтылған жерде өскен қоза қауашақтарының әрқайсысынан 7 грамға дейін таза мақта алуға болады. Мақтаны бір үлескіде жылма-жыл екпей, жоңышқа егістігімен алмастырудың маңызы зор.
Құлқайыр тұқымдас өсімдіктер құрамында нәруыз мол. Сондықтан мал азығына пайдаланылады. Медицинада дәрі ретінде де қолданыла тын түрлері (жалбызтікен) бар. Айдарша (штокроза) және құлқайырдың басқа түрлері (бөлмедегі қытай раушаны) сәндік үшін өсіріледі. Құлқайыр тұқымдастардың талшықтары арқан есіп, мата, қап тоқуға (бұйдакендір, кенеп, мақта) қолданылады.
- Құлқайыр тұқымдастарға жататын өсімдіктер:
- Африка саваннасында өсетін өсімдік:
- Құлқайыргүлділер тұқымдасының жемісі:
- Құлқайыргүлділер тұқымдасының ең маңыздысы:
-
Қазақстанның аудандарында (Бөген, Келес, т.б.) өсіріледі:
- Мақтаның жемісі:
- Кейбір мақта іріктемелерінің талшықтарының ұзындығы:
-
Құлқайыр тұқымдасының дәрілік қолданысқа ие өсімдігі?
-
Мақтаның қандай мүшесі «шит» деп аталады?
-
Жылу, жарық сүйгіш, 15-17°С температурада мол түсім беретін өсімдік?
-
Баобаб ағашы
-
Қазақстанда шитті мақта өсірілетін аудан
-
Шалқан тамыржемісінің құрамы