iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
III тарау. Қына
Қыналар табиғатта басқа өсімдіктерге қолайсыз, құнарсыз жерлерде өседі. Тастың үстінде, шөлді-шөлейтті жерлерде, тундрада және ормандарда тіршілік етеді. Антарктидадан 350 түрі, Оңтүстік полюске жақын жерден 7 түрі табылған. Бұлай таралу себебі, өте ыстық ортада өсетіндері жоғары температурада тез кеуіп кетеді де тіршілігі уақытша тоқталады. Қайтадан қолайлы жағдай туса, кеуіп қалған қыналар қалпына келіп, тіршілігін жалғастырады. Өте салқын жерлерде өсетін қыналарды айрықша тығыз қалың қабықша қорғап тұрады.
Қыналар пішіндеріне қарай үш топқа бөлінеді.
1. Ағаштың діңіне, тасқа жабысып өсетін қабыршақты (қаспақты) қына. Бұлар сары-қызыл, сары, сұр, көгілдір, қоңыр түсті, жұқа қабыршақ тәрізді болады.
2. Орманда ағаш діңіне, түбіріне жабысып өсетін жапырақтың пішініне ұқсайтындары – жапырақ тәрізді қыналар.
3. Қарағайлы орманда төсемікте өсетін бұтақталған ақшыл жасыл, ақшыл түстілері – бұта тәрізді қыналар.
Қыналар 1-бұта тәрізді қына. 2-пельтигера 3-.бұғықына жапырақ тәрізді қына.4- құрттәрізді қына. 5-кладония.цетрария.
Қыналар саңырауқұлақтар мен балдырлардың бірігіп, селбесіп тіршілік етуінен пайда болады. Саңырауқұлақ жіпшелері балдырларға құрамындағы су және минералды заттарын береді. Өздері балдырлардың фотосинтездің нәтижесінде түзілген ағзалық заттарымен қоректенеді.
Қыналар бір топ саңырауқұлақ жіпшелері арқылы төсемікпен байланысады. Оның құрамындағы саңырауқұлақтар тек қынадан ғана табылған. Ал қына құрамындағы балдыр түрлерінің табиғатта өз бетінше тіршілік ететіндері де бар.
Қынаның құрамында біржасушалы жасыл балдырлар кездеседі. Балдырлардың жасушаларындағы хроматофорларында көмірқышқыл газын, суды сіңіріп, фотосинтездің нәтижесінде ағзалық заттар түзіледі.
Ғалымдар қыналардың құрамындағы саңырауқұлақтар мен балдырларды қоректік ортада жеке-жеке өсірген. Сонда саңырауқұлақтардың жіпшелері ғана пайда болып, спора түзілмеген. Балдырларда көбеюдің барлық түрлері жүрген. Сондықтан қыналардың құрамындағы саңырауқұлақтар паразитті қоректенуге бейімделе бастайды деген қорытындыға келген.
Қыналар өсімді жолмен көбейеді. Оның денесінде көптеген балдырлар мен саңырауқұлақ жіпшелерінің бөліктері қынаның қабықшасын жарып сыртқа шашылады. Әрбір бөліктен және денелерінен бөлініп түскен бөлшектерінен де қына өсіп жетіледі. Қыналар жынысты көбейгенде саңырауқұлақтардағы сияқты жемісті дене пайда болады. Оның ішінде жыныс жасушаларының қосылуы нәтижесінде зигота түзіледі. Зиготаның ядросы үш рет бөлініп, сегіз спора, ал зиготаның қабығынан қалта пайда болады. Споралар шашылып, қолайлы жағдайда өнеді де, балдырмен кездескенде ғана қына жетіледі. Қыналар өте баяу өседі. Қабыршақты қыналар жылына 1–8 мм, ал бұта тәрізді қыналар 1-35 мм өседі.
Қына құрамындағы жасушаларда жарықта фотосинтез жүреді. Сондықтан қыналар тек жарық жерде өседі, қараңғыда денесі ыдырап кетеді. Қыналарға ең қажетті жағдай – оттекке бай таза ауа. Қалалардың лас ауасында өсе алмайды. Сол себепті қыналарды сыртқы орта тазалығының көрсеткіші есебінде пайдалануға болады.
Қыналардың 20 000-дай түрі бар. Қыналарды жіктегенде құрамындағы саңырауқұлақтар мен балдырлардың жіктелуі ескеріледі.
Бұғы қынасы (кладония) солтүстік өңірде, қарағайлы орманда өседі. Оның денесі (таллом) – тақта, біз, бокал тәрізді, тік өседі. Кейде бұта тәрізді түрі де кездеседі.
Қыналардың табиғаттағы, шаруашылықтағы маңызы. Қыналардың топырақта қоректенуі нашар жүреді. Тастардың бетіне, суыған лавалардың бетіне алғаш «қоныстанатын» да осы қыналар.
Олар өсіп тұрған жеріне қына қышқылын бөліп, тасты үгіте бастайды. Біртіндеп сол жерде топырақ пайда болады. Оған басқа өсімдіктер орнығады да, жануарлардың мекеніне айналады.
Қыналардың шаруашылықтағы маңызы өте зор. Бұғы қынасы деп аталатын қынаның бірнеше түрі тундра, тайгада қыс кезінде бұғылардың негізгі азығы болып табылады.
Қыналардың емдік қасиеті де бар. Ағаштың діңдерінде өсетін жерқынаны қайнатып, дизентерия ауруын емдеуге пайдаланады. Сонымен бірге асқазан, тыныс жолдары ауруларына дәрілер жасалынады. Қынадан қант, спирт, бояу, лакмус алынады. Қынаның кейбір түрлерін тәтті тағамдар өнеркәсібінде қолданады.
- Табиғатта басқа өсімдіктерге қолайсыз, құнарсыз жерлерде өседі:
- Ағаштың діңіне, тасқа жабысып өсетін қына:
-
Орманда ағаш діңіне, түбіріне жабысып өсетін жапырақтың пішініне ұқсайтын қына:
- Қарағайлы орманда төсемікте өсетін бұтақталған ақшыл түсті қына:
- Қыналар көбейеді:
- Солтүстік өңірде, қарағайлы орманда өсетін қына:
- Қынадан алынады:
-
Дизентерия ауруын емдеуге пайдаланылатын қына түрін:
-
Қыналарға ең қажетті жағдай:
-
Қыналар қандай ағзалардың селбесіп тіршілік етуінен пайда болады?
-
Қынадан өндіріледі