iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
III тарау. Көпжасушалы жасыл балдырлар
Бөгеттерде, көлдерде біржасушалы жасыл балдырлармен бірге көпжасушалы жасыл балдырлар да өседі. Солардың бірі спирогира деп аталады.
Жіп тәрізді көпжасушалы жасыл балдырлар жібі бірқатар болып орналасқан ұзынша жасушалардан тұрады. Басқа балдырлармен бірге жиналып, суға жасыл түс береді. Оны қолға ұстағанда, жібек сияқты жұмсақ болады.
Спирогира және оның құрылысы: 1 – вакуоль; 2 – цитоплазмалық жіпше; 3 – хроматофоралар; 4 – ядро
Спирогираның құрылысын микроскоппен көруге болады. Оның жасушалары ірі. Жасуша қабықшасы астындағы цитоплазма ядроны қоршаған цитоплазмамен цитоплазмалық жіпшелер арқылы байланысады. Жіпшелердің арасын вакуоль шырыны толтырып тұрады. Жасыл түс беріп тұратын хроматофоры бір, екі немесе одан көп болады. Таспалы әрбір хроматофоры жасушада оралма тәрізді орналасқан. Атауы осы қасиетіне негізделген. Ол өсімді және жынысты жолмен көбейеді. Өсімді көбею спирогира жіпшесі бірнеше бөлшекке немесе жеке жасушаларының бөлінуі арқылы жүреді. Әр бөлшегінің жасушасынан қайтадан спирогира жіпшесі пайда болады. Жыныссыз жолмен көбеюі болмайды. Жынысты көбею жіптеріндегі екі жасушаның цитоплазмасының қосылуы арқылы жүреді.
Улотрикстің жыныссыз жолмен көбеюі: 1 – улотрикс; 2 – төрт зооспора шығып бара жатқан улотрикстің жасушасы; 3 – төрт талшықты зооспора; 4– талшықсыз зооспора; 5 – улотрикс жіпшесінің өсуі
Көпжасушалы жіп тәрізді жасыл балдырдың екінші түрі – улотрикс. Улотрикс ағын су түбіндегі заттарға бекінеді. Су түбіндегі қайыр – балшықтың бетін жауып жатады. Ол бірқатар қысқа жасушалардан түзілген жіп тәрізді болады, төсемікке бекініп өседі. Спирогирадан айырмашылығы әрбір жасушасындағы жасыл түсті хроматофоры жалпақ білезік тәрізді болып келеді.
Жыныссыз көбейгенде кез келген жасыл жасушаларында екі, төрт талшықты зооспоралар түзіледі. Олар қозғалып, төсемікке бекінеді. Талшығын жойып, жаңа жасушалар түзе бастайды. Біртіндеп улотрикс жіпшесі пайда болады.
Жынысты көбейгенде кез келген жасушасы бөлшектерге бөлінеді. Зооспоралардан кіші екі талшықты гаметалар түзеді. Олар екеу-екеуден қосылып, зигота пайда болады. Оның сырты қалың қабықпен қапталып, бұйыққан спораға айналады. Ол бірнеше бөлшекке бөлініп, әрқайсысы зооспора түзеді. Олардан жаңа улотрикстер өсіп жетіледі Спирогира мен улотрикс басқа жасыл балдырлар сияқты күн сәулесінің қатысуымен хроматофорларына судағы еріген көмірқышқыл газын сіңіріп, ағзалық зат түзіп, қоректенеді. Сонымен бірге суға оттек бөліп шығарады. Оттек газымен судағы тірі ағзалар тыныс алады.
Балдырлардың және басқа да суда тіршілік ететін ағзалардың қалдықтары шіриді. Құнарлы заты тыңайтқыш есебінде егістікке пайдаланылады. Балдырлар су жәндіктерінің тіршілік ортасы және қорегі болып саналады.
Қоңыр балдырлар. Теңіздің тұзды суында өсетін балдырлар жасыл балдырлардан өзгеше келеді. Олар теңіздер мен мұхиттардың түбінде жүздеген шақырым жерді қамтып өседі. Оған – қоңыр және қызыл балдырлар жатады. Бұл балдырлардың кейбір түрлері Қазақстанда Каспий теңізінде де бар.
Ламинария Саргассум
Қоңыр балдырлар
Қоңыр балдырлардың барлығы да көпжасушалы, 1 500-дей түрі бар. Биіктігі бір миллиметрден бірнеше ондаған метрге дейін жетеді. Ең ірілерінің талломы (денесі) тарамдалып тұрады.
Қоңыр балдырдың жасуша қабықшасының сырты созылыңқы сілемейлі қабықшамен қапталған. Жасушасы – бір ядролы, вакуольдері біреу немесе көп болады. Сілемейлі қабықша теңіз толқынының күшіне төтеп беріп, су қайтқанда балдырларды құрғап кетуден сақтайды. Майда вакуольдердің құрамында илік заттары бар. Олардың дән тәрізді хроматофорлары жасуша қабықшасына жақын орналасады. Хроматофорларында хлорофилл және қоңыр бояулары (пигменттері) болады. Бұл бояу қоңыр балдырларда жүретін фотосинтезге күннің ультракүлгін сәулесін тиімді пайдалануға көмектеседі. Жасушаның қор заты – полисахаридтер, ерітінді күйіндегі көмірсулар.
Қоңыр балдырға ламинария жатады. Ламинария теңіз жағалауындағы 5–10 шақырым аймақты қамтып, 20–30 метр тереңдікте өседі. Оның сыртқы құрылысы гүлді өсімдіктерге ұқсас. Ламинария су түбіндегі төсемікке тамырға ұқсас өсінділерімен (ризоидтарымен) бекініп өседі. Олардан жоғары қарай ұзындығы 50 сантиметрге дейін созылған діңге ұқсас бөлімі бар. Одан ұзындығы 3–4 метрдей жалпақ таспа тәрізді өсінділері жетіледі (33-сурет). Солтүстік ендіктердегі түрлерінің жалпақ таспа тәрізді өсінділері қаңтар, ақпан айларында түсіп қалады.
Жаздың соңы, күздің басында жалпақ өсінділерінің бетінде дақтар пайда болады. Сол жерде тізіліп эллипс, цилиндр тәрізді біржасушалы зооспорангийлер (зооспора түзілетін қалта) түзіледі. Зооспорангийдің әрқайсысынан екі талшықты зооспоралар дамиды. Қозғалып жүріп төсемікке бекінеді де талшығын жойып, бірнеше жасушаға бөлінеді. Жынысты ұрпағы өскіншеге айналады. Олардағы жыныстық мүшелерінде түзілген жыныстық жасушалары (гаметалар) қосылып, зигота түзеді. Ол бөліне бастайды да қайтадан ірі ламинарияға айналады.
Қоңыр балдырлардың кейбір түрлерінің таспа тәрізді өсінділерінің ұзындығы 60 метрдей болып, биіктігі құрлықтағы кейбір ағашты өсімдіктердің биіктігінен асып түседі.
Қызыл балдырлар. Теңіздің терең түбінде (270 м) көпжасушалы қызыл балдырлар өседі.
Хондрус Коралина Порфира
Қызыл балдырлар
Пішіндері – таспа, тақташа, жіп тәрізді, кейде жіптері тарамдалған. Қоңыр балдырлар сияқты аса ірі болмайды. Олардың жасушаларындағы дән тәрізді хроматофорларында хлорофиллден басқа қызыл-көк пигменттері болады. Сондықтан бұл балдырлардың түсі қызыл, қызғылт, сары, көк-жасыл болады. Теңіздің түбінде бұл балдырлар айрықша әдемі, көз тартады.
Жасушасының қор заты – май және қантты заттар.
Өсімді, жыныссыз, жынысты жолдармен көбейеді. Өсімді көбейгенде бөлініп қалған бөлшектерінен жаңа дара пайда болмайды. Кейбір өркендерінде бүршіктер жетіліп, бөлініп, өседі. Жыныссыз көбейгенде түзілетін спораларының талшығы болмайды. Судың ағынымен қозғалады. Спора түзетін қалта – бір жасушадан түзілген спорангийдің ішінде бір немесе төрт спора жетіледі. Кейде олар тарамдалған тармақтарының ұштарында пайда болады. Споралардан төсемікте жыныстық жасушалар түзілетін жынысты ұрпағы жетіледі.
Біржасушалы аталық жыныстық мүшесі тармақтарының ұшында немесе денесінің үстінде жетіледі. Онда көп аталық жыныс жасушалары – спермациялар түзіледі. Аналық жыныс мүшесі – тармақ ұшындағы жасушадан пайда болады. Жұмыртқажасушасы ұрықтанғаннан соң күрделі өзгерістерге ұшырап, жыныссыз ұрпағына айналады.
Балдырлардың табиғаттағы, шаруашылықтағы маңызы. Балдырларды қорғау. Балдырлардың табиғатта маңызы зор. Топырақта өсетіндері оттек бөлумен қатар өздері шіріп, топырақты құнарландырады. Бір грамм қара топырақта 50 000 балдыр болады. Суда өсетін жасыл балдырлар көмірқышқыл газын сіңіріп, оттек бөліп шығарады. Суда мекендейтін көптеген жәндіктер мен балықтардың тыныс алуы үшін қолайлы жағдай туғызады. Судағы ағзалық заттарды денесіне сіңіре отырып, суды тазартады. Балықтарға азық болатын ұсақ жәндіктер балдырларды қорек етеді. Балдырлармен балықтар, теңіз жәндіктері қоректенеді.
Балдырлар тау жыныстарын ыдыратып, топырақ түзуге қатысады. Ерте заманда (шамамен 1,5 млрд жыл бұрын) фотосинтездеуші балдырлар ауаны оттекпен байытып, өздері құрғаққа шыққан өсімдіктердің бастамасы болды. Содан кейін біртіндеп жер бетінде өсімдіктермен қоректенетін, оттекпен тыныс алатын жан-жануарлар пайда болды.
Балдырларды шаруашылыққа кеңінен пайдаланады. Қоңыр балдырлар мен қызыл балдырларды ертеден-ақ тамаққа, мал азығына пайдаланып келеді. Себебі бұлардың құрамында йод, фосфор, мыс болады. Қытай мен Жапонияда порфира балдырын арнайы табиғи жағдайға жақын ортада өсіріп, көкөніс есебінде тамаққа пайдаланады. Ламинария балдырын теңіз орамжапырағы деген атпен адамның қалқанша безінің жұмысын жақсарту, жемсау ауруынан сақтандыру үшін тамаққа қосады .
Теңіз балдырларын өнеркәсіптің көптеген салаларына шикізат есебінде қолданады. Олардан йод, спирт, сірке қышқылы, жасунық, агар-агар (ғылыми зертханаларда бактериялар мен саңырауқұлақтарды, балдырларды өсіретін қоректік орта) алынады. Агар-агарды тамақ өнеркәсібінде де пайдаланады.
Теңізде толқынның әсерінен жағаға шығып қалған балдырлар тыңайтқыш есебінде қолданылады. Оларды кептіреді де, топыраққа араластырады. Әсіресе бау-бақша өсімдіктері мен жүзімнің түсімі артады. Кладофора жасыл балдырларын қағаз өндірісінде пайдаланады.
Егістіктен шыққан, құрамында ерітінді күйінде тыңайтқыштары бар сулар және қаладан, елді мекендерден шыққан сулар өзен, көлдерді ластайды. Лас көлдердегі жасыл балдырлар біртіндеп түгел жойылып кетеді де, тек бактериялар, цианобактериялар және диатом балдырлары ғана қалады. Олар су жәндіктері мен балықтардың қорегіне жарамайды. Алматы қаласынан шыққан лас сулар жеті тазартқыштан өтіп, Сорбұлақ көліне құяды. Содан соң үш тазартқыштан өтіп, Іле өзеніне қосылады. Мұндай тазартқыштар орнату өте қымбатқа түседі. Адам баласының алдында тұрған міндет – өндіріс орындарынан шыққан лас сулар мен ауыл шаруашылық егістіктеріне шашылған химиялық қосылыстардан суды тазарту. Балдырларды қорғаудың бірден-бір жолы – ластанған көлдердің түбіндегі батпағын жағаға шығарып, қалпына келтіру.
- Жіп тәрізді көпжасушалы жасыл балдыр:
-
Көпжасушалы жіп тәрізді жасыл балдыр:
-
Қоңыр балдыр:
-
Қызыл балдыр:
- Теңіздің терең түбінде (270 м) өсетін балдыр:
- Қытай мен Жапонияда арнайы табиғи жағдайға жақын ортада өсіріп, көкөніс есебінде тамаққа пайдаланады:
- Теңіз орамжапырағы деген атпен адамның қалқанша безінің жұмысын жақсарту үшін тамаққа пайдаланады:
- Қағаз өндірісінде пайдаланатын балдыр:
-
Лас көлдердегі балдыр:
-
Өзен көлдердің ластануынан сақтайтын маңызды балдырлар:
-
Саргассум
-
Ламинария