iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
III тарау. Балдырлар
Балдырлар (водоросли) теңіз, көл, өзендерде және тоқтау суларда, топырақта тіршілік етеді. Олардың біржасушалы, шоғырлы, көпжасушалы түрлері болады. Көпжасушалы өкілдерінің денесін таллом (қатпаршақ) деп атайды. Денесінде ұлпалары болмайтын және мүшелерге бөлінбейтін өсімді бөлігін таллом дейді. Таллом грекше «таллос» – өркен, жас бұтақ, қатпаршақ. Балдырдың жасуша қабықшасы жақсы жетілген. Жасушасы көбіне бір ядролы. Цитоплазмасында органоидтары және вакуолі болады. Жасушасында балдырға түс беріп тұратын хроматофорлары біреу, екеу, кейде одан да көп болады. Балдыр жасушасындағы хлоропластарды – хроматофор дейді. Хроматофордың түстері әр түрлі. Соған байланысты жасыл, қызыл, қоңыр, сары балдырлар деп бөлінеді.
Балдырлар талшықты немесе талшықсыз жеке жасушалар және шоғырлар күйінде де кездеседі.
Біржасушалы Хламидомонда
Көпжасушалы Спирогира
Улотрикс
Балдырлар
Балдыр жасушасы қабықшасының сыртын сілемейлі қабық қаптайды. Ол суда жеңіл қозғалуына, төсемікке жеңіл бекінуіне көмектеседі. Балдырлар өсімді, жыныссыз, жынысты жолмен көбейеді.
Өсімді көбею кезінде біржасушалы балдырлардың жасушалары екіге бөлінеді. Шоғырлы балдырлар жеке шоғырлар түзеді (домаланғылар). Жіп тәрізді балдырлардың талломы бірнеше бөлшекке бөлініп кетеді.
Балдырлар жыныссыз көбейгенде талломындағы арнайы қалтадан біржасушалы талшығы бар зооспоралар түзіледі. Кейде талшығы болмайды. Зооспоралар төсемікке бекініп өніп, балдырға айналады.
Балдырлар жынысты көбейгенде аталық жыныстық жасушасы мен аналық жыныстық жасушасы өзара қосылады. Жыныс жасушаларын гаметалар деп атайды. Бір талломда түзілген гаметалар немесе әр түрлі талломның бойында пайда болған гаметаларға қосылады. Жыныс жасушаларының қосылуының нәтижесінде зигота пайда болады. Кейбіреулерінде жыныссыз көбейетін спорофит ұрпағы мен жынысты көбейетін гаметофит ұрпағы ауысып отырады.
Балдырлар – теңіз, мұхиттар жағалауындағы тіршіліктің көзі, жан-жануарлардың мекені. Теңіздің, мұхиттың түбінде тіршілік ететіндеріне қарағанда суда қалқып тіршілік ететіндер саны жүздеген есе артық. Сондықтан олар судағы тіршіліктің маңызды бір бөлігі болып саналады.
Жасыл балдырдың жасушасы – бір ядролы, кейде көп ядролы болады. Хроматофорында фотосинтездің нәтижесінде түзілген крахмал жиналады. Хроматофорларының пішіні тақта, білезік, жұлдыз, астауша, дән, таспа тәрізді болып келеді. Жасыл балдырларды жіктеу кезінде хроматофорларының пішіні ескеріледі. Жасыл балдырлар біржасушалы және көп жасушалы болады.
Біржасушалы жасыл балдырлар бұдан шамамен 1,5 млрд жыл бұрын пайда болған.
Жасыл балдырлардың бір өкілі – хламидомонада. Ол тоқтау суларда тіршілік етеді. Хламидомонаданың жасуша қабықшасы жасунықтан (целлюлозадан) тұрады. Жасушасында цитоплазмасы, ядросы, терең астау тәрізді жасыл түс беріп тұратын хроматофоры бар. Жақсы жетілген екі талшығы, алдыңғы жағында жиырылғыш вакуолі және қызыл көзшесі болады.
Хламидомонада
Балдырлар судағы минералды тұздар мен көмірқышқыл газын бүкіл денесімен сіңіреді. Ол күн сәулесі арқылы ағзалық зат түзіп, қоректенеді. Сонымен бірге оттегі газын бөліп шығарады. Оттегімен тыныс алады.
Жыныссыз және жынысты жолдармен көбейеді. Жыныссыз көбейгенде хламидомонаданың жасушасы 2-ге, 4-ке, 16-ға, 32-ге бөлініп, әрқайсысы сонша есе кішірейген хламидомонадаға айналады. Оларды зооспоралар деп атайды. Зооспоралары аналық жасушадан бөлініп, әрқайсысы кәдімгі балдырға айналады.
Хламидомонаданың тіршілік айналымы: 1 – біржасуша; 2, 3 – жасушаның бөлініп, гамета түзуі; 4 – аталық және аналық гаметалар бірігіп, зигота түзуі; 5 – зигоспора; 6 – зигоспораның төрт бөлікке бөлінуі; 7 – жаңа жасушалар.
Жынысты көбейгенде де жасушадағы цитоплазма бірнешеге бөлінеді. Әрқайсысынан зооспоралардан кішірек жыныс жасушалары – гаметалар пайда болады. Олар талшықтарының көмегімен қозғалып жүріп, екеу-екеуден қосылып зигота түзеді. Зиготаның сырты қалың қабықпен қапталып, бұйығу кезеңінен өтіп барып, қайтадан зооспоралар түзіп көбейеді.
Хлорелла да біржасушалы жасыл балдырларға жатады. Хламидомонаданың құрылысынан айырмашылығы – оның тез қозғалатын екі талшығы әрі қызыл көзшесі болмайды. Жасыл түс беріп тұратын хроматофоры жазық астау тәрізді (4-сурет).
Хлорелла және оның құрылысы: 1 – вакуоль; 2 – хлоропласт; 3 – қабықша; 4 – цитоплазма; 5 – ядро.
Хлорелланың тағы бір айырмашылығы ол тек жыныссыз – жасушасындағы цитоплазма бірнешеге бөлініп, әрқайсысынан талшықсыз споралар түзіп көбейеді. Әр спора ұлғайып өсе келе, ересек хлореллаға айналады. Пайда болған хлорелла бір тәулік өткен соң көбейе алады.
Хламидомонада мен хлорелла балдырларымен суда тіршілік ететін жәндіктер және балықтар қоректенеді. «Балдырлы көлде балық көп» деген мәтел соны аңғартады. Басқа жасыл балдырлар мен қосылып, суға жасыл түс береді.
Тез көбейетін болғандықтан, хлорелланы соңғы кезде ірі қара мен құстың жеміне қосып береді. Хлорелланы өсіру өндірістік жолға қойылған.
Біржасушалы жасыл балдырларға – хлорококк та жатады. Ол топырақта, ағаштың діңдерінде өседі. Бөлмедегі гүл құмырасы сыртының, топырақ бетінің жасыл болып тұруы осы хлорококк балдырларына байланысты. Оның жасуша құрылысы хламидомонаданың жасуша құрылысына ұқсас. Тек талшығы мен қызыл көзшесі болмайды. Жыныссыз зооспоралар түзеді және жынысты жолмен көбейеді.
Судағы біржасушалы жасыл балдырлар – су жәндіктерінің қорегі. Фотосинтез кезінде бөлінген оттегімен су өсімдіктері мен жәндіктері тыныс алады. Хлорококк балдырларының қалдықтары шіріп, топырақ түзуге қатысады.
- Балдырдың денесіндегі ұлпалары болмайтын және мүшелерге бөлінбейтін өсімді бөлігін:
-
Балдыр жасушасындағы хлоропластар:
-
Жыныс жасушалары:
-
Жасыл балдырлардың өкілі:
- Біржасушалы жасыл балдыр:
-
Балдырлар жыныссыз көбейгенде:
-
Біржасушалы балдырлар қашан пайда болды?
-
Балдырлар судағы минералды тұздарды қалай қабылдайды?
-
Жапонияда витамин алатын балдыр?
-
Хламидомонаданы басқа балдырлардан ерекшелейтін?
-
Қоңыр балдыр
-
Домаланғы (вольвокс)
-
Жапонияда хлорелладан алынады
-
Қара теңізде, Ақ теңізде және Қиыр Шығыс теңіздерінде өсетін қызыл балдыр