Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

III тарау. Өсімдіктер тіршілігімен танысу және оларды жіктеу

Конспект

Өсімдіктерге тән ортақ белгілер. Барлық тірі ағзалар сияқты өсімдіктер зат алмасу, қоректену, тынысалу, көбею, тітіркену үрдістеріне қатынасады.

 

Өсімдіктердің көбеюі дегеніміз – жеке санының артуы, өзінен кейін ұрпақ қалдырып, түрдің сақталуын әрі табиғатта таралуын қамтамасыз ету қасиеті.

 

Өсімді көбею дегеніміз – денеден тіршілік ете алатын бөліктердің бөлінуі арқылы түрдің жеке санының артуы.

 

Жыныссыз көбею споралар немесе зооспоралар арқылы жүзеге асады. Споралардың талшығы болмайды. Спора түзілетін қалта төменгі сатыда дамыған өсімдіктерде – балдырларда бір жасушадан пайда болады. Спора пайда болатын қалта жоғары сатыдағы сабақты-жапырақты өсімдіктерде көп жасушадан түзіледі.

 

Зооспора қозғалғыш споралар деген мағынаны білдіреді. Олардың ерекше қозғалысқа келтіретін талшықтары болады. Зооспоралар арқылы көбею – суда, ылғалы мол топырақта өсетін балдырларға тән қасиет.

 

Споралар мен зооспоралар аналық өсімдіктен бөлінген соң қолайлы ортаға түссе, олардан жас өсімдік пайда болады. Мұны жыныссыз көбею деп атайды. Жыныссыз көбею кезінде ағзаның қалыптасқан белгілі пішіні бар бөлігінен аналық өсімдік пайда болады.

 

Жынысты көбею кезінде қасиеттері жағынан айырмасы бар гаметалар (жыныстық жасушалар) қосылып зигота пайда болады. Гаметалардың қосылуынан ұрықтану процесі жүріп, гаметалардың цитоплазмасы мен ядросы қосылады. Пайда болған жас ұрпақтың тіршілікке бейімділігі, ортаның қолайсыз әсерлеріне төзімділігі арта түседі. Осы арқылы жыныстық көбею басқа көбею түрлерінен ерекшеленеді.

 

Өсімдіктерді жіктеу. Адам ерте кезден-ақ кейбір өсімдіктердің жемістерін, тамырларын күнделікті тұрмысында пайдаланды. Сондықтан өсімдіктер түрлерін ажырату үшін оларға ат қою қажеттігі туды.

 

Қазір жер бетінде 500 мыңдай өсімдіктің түрі бар. Олар туыстық белгілеріне сәйкес топтастырылып, жүйеленген.

 

Жер бетіндегі өсімдіктер алуан түрлі. Оларды нақты білу үшін, біріне-бірі ұқсас өсімдіктерді топтарға бөліп қарастырады. Өсімдіктердің ұқсас түрлерін – туысқа, ұқсас туыстарды – тұқымдасқа, ұқсас тұқымдастарды – қатарға, ұқсас қатарларды – класқа, кластарды бөлімге біріктіреді.

 

Жүйелеу бойынша әрбір топқа жататын өсімдіктердің арғы тегі бір. Мысалы, бір бөлімге, бір класқа жататын өсімдіктер бір тектен дамыған. Түрлер, туыстар және басқа да топтар ұзақ жылдар бойы әр түрлі сыртқы ортаға бейімделудің, басқа өсімдіктермен сыртқы ортада бірігіп өсудің нәтижесінде бірте-бірте пайда болған.

 

Жүйенің ең кіші бірлігі – түр. Түр туралы ұғым олардың біріне-бірінің ұқсас болуына және өзара будандасып, өздеріне ұқсас ұрпақ бере алатындығына байланысты қалыптасқан.

 

Түрді анықтау кезінде көптеген жағдайлар ескеріледі. Олар: 1. Барлық белгілерінің ұқсас болуы; 2. Экологиялық жағдайының ұқсас болуы; 3. Таралу аймағының ортақ болуы.

 

Жалпы өсімдіктер төменгі сатыдағы және жоғары сатыдағы өсімдіктер болып үлкен екі топқа бөлінеді. Төменгі сатыдағы өсімдіктерге балдырлар, қыналар жатады. Олардың біреулерінің құрылысы қарапайым әрі бір жасушадан тұрады. Басқа біреулері көпжасушалы болғанымен, олардың сабағы мен жапырағы болмайды. Бұлардың спора түзетін спорангий (қалтасы) және жыныс мүшелері бір жасушадан пайда болған.

 

Жоғары сатыдағы өсімдіктердің тамыры, сабағы, жапырағы болады. Жыныстық мүшелері көпжасушалы. Оларға мүктер, плаундар, қырықбуындар, қырықжапырақтектестер, ашық және жабық тұқымды өсімдіктер жатады. Жоғары сатыдағы өсімдіктердің кейбір топтары, мысалы, мүк, қырықбуын, плаун, қырықжапырақтектестер споралар арқылы көбейеді. Ашық және жабық тұқымды өсімдіктер тұқымдары арқылы көбейеді. Тұқымды өсімдіктерде тұқымның қалың қабығы, ұрығы және қоректік заттардың қоры болады. Сондықтан сыртқы ортаның қолайсыз жағдайына төзімді. Тұқым қолайлы жағдай туғанша, топырақта өнбей жата береді.

 

Жер бетінде өте кең тараған өсімдіктер тобына жабық тұқымды өсімдіктер жатады. Тұқымының, сабағының, жапырағының және тамырының құрылысына қарай жабық тұқымды өсімдіктер (немесе гүлді өсімдіктер) бөлімі қосжарнақтылар және даражарнақтылар болып екі класқа бөлінеді. Қосжарнақтылар класына жататын өсімдіктердің тұқымында тұқым жарнағы екеу, ал даражарнақтылар класына жататын өсімдіктердің тұқымында тұқым жарнағы біреу болады. Әрбір класс бірнеше қатарды біріктіреді. Әр қатарға бірнеше тұқымдастар жатады. Тұқымдастар туыстар мен түрлерді біріктіреді. Мысалы, кәдімгі картоп – түйнекті алқа түріне, алқа туысына, алқагүлділер тұқымдасына, түтікгүлділер қатарына, қосжарнақтылар класына, жабық тұқымды өсімдіктер бөліміне жататын өкіл.

 

Пияз – екпе жуа түріне, жуа туысына, жуалар тұқымдасына, лалагүлділер қатарына, даражарнақтылар класына, жабық тұқымды өсімдіктер бөлімінің өкілі.

 

Қазақстанда 5 600-дей өсімдік түрі бар. Олардың бәрінің де өсімдіктер жүйесіндегі өз орны анықталған.



Сұрақтар
  1. Өзінен кейін ұрпақ қалдырып, түрдің сақталуын әрі табиғатта таралуын қамтамасыз ету қасиеті:
  2. Денеден тіршілік ете алатын бөліктердің бөлінуі арқылы түрдің жеке санының артуы:

  3. Споралар немесе зооспоралар арқылы көбею:
  4. Қасиеттері жағынан айырмасы бар гаметалардың (жыныстық жасушалар) қосылып зиготаның пайда болуы:
  5. Жүйенің ең кіші бірлігі:
  6. Ұқсас тұқымдастар қандай жүйелік топқа біріктіріледі?

  7. Ашық және жабық тұқымды өсімдіктер?

  8. Қосжарнақтылар және даражарнақтылар болып бөлінеді:

  9. Зооспоралары арқылы көбею?

  10. Жоғары сатыдағы өсімдіктерге жатпайды:

  11. Атмосферадағы көмірқышқыл газы

Қате туралы хабарландыру