Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

II тарау. Жеуге жарамды және улы саңырауқұлақтар

Конспект

Жеуге жарайтын саңырауқұлақтарды «өсімдік еті» деген атпен бағалы тағамдардың қатарына қосады. Оның құрамындағы 10–20% құрғақ затының 2–4%-ы нәруыз, 1%-ы май болады. Құрамында қантты заттары да кездеседі. Бұл заттар саңырауқұлақтың дәмін жақсарта түседі. Жеуге жарайтын саңырауқұлақтарды улы саңырауқұлақтардан ажырата білу керек. Жауынды жыл мезгілдерінде саңырауқұлақтардың қандай түрін болса да кездестіруге болады. Солардың ішінде жеуге жарайтын саңырауқұлақтың 40-қа жуық түрі бар.

 

Ерте көктемде (наурыз, сәуір айларында) Қазақстанда ақ саңырауқұлақтар топталып өседі. Бұл саңырауқұлақ тіпті шөл және шөлейтті жерлерде де кездеседі. Оның дөңес қалпақшасы, мықты түбіртегі болады және қалпақшасының астында түтікшелері бар. Бұл саңырауқұлақты ормандағы қайыңның, шыршаның, еменнің түбінде өсетін ақ саңырауқұлақтар мен шатастыруға болмайды. Арышқұлақтар – қарағайлы, шыршалы орманда, көктерек саңырауқұлағы көктерек түбінде өседі. Майқұлақ, ойысқұлақ, түлкіжем, қозықұйрық саңырауқұлақтары да жеуге жарайды.

 

Жеуге жарамайтын жалған түлкіжем кәдімгі түлкіжемге өте ұқсас. Жалған түлкіжемнің қалпағының үстіңгі беті тегіс, қызғылт сары түсті. Кәдімгі түлкіжем қалпағының шеті желбіреген, үстіңгі беті ақшыл сарғылт түсті. Қалпақшасын бөліп қарағанда, ақ шырын бөлінеді. Улы саңырауқұлақтар – боз арамқұлақ, сырттай қарағанда, қозықұйрыққа ұқсас. Бірақ оның қозықұйрықтан айырмашылығы – боз арамқұлақ қалпақшасының астыңғы жағы ақшыл жасыл түсті. Қозықұйрықтың қалпақшасының астыңғы жағы алқызыл түсті болады. Қозықұйрықтың Қазақстанның сазды, тақыр жерлерінде өсетін де түрі бар.

 

Сұр және қызыл шыбынжұты, көңілкеш (веселка) саңырауқұлақтары – өте улы. Сұр шыбынжұты саңырауқұлағының қалпақшасының үсті сұр түсті және ақ дақты. Қызыл шыбынжұтының қалпақшасының үсті қызыл түсті және ақ дақты болып келеді. Жалған түбіртек улы саңырауқұлағының қалпағының астыңғы жағы қою сарғылт жасыл. Қалпағының үсті мен түбіртегі ашық сарғылт жасыл түсті болады. Түбіртегінде белдеуше сақинасы жоқ.

 

Арықтардың шірігі мол жағасында көң саңырауқұлағы өседі. Түбіртегі – жіңішке, ұзын. Қалпақшасы – жұқа, төбесі үшкірленіп келеді. Бұл саңырауқұлақтың қалпақшасының астында жетілген споралары қара түсті сұйық затпен бірге шашылады. Спорасын сол сұйық затпен қоректенген бунақденелілер таратады.

 

Саңырауқұлақтан уланып қалмау үшін әбден қарап, тексеріп алу қажет. Егер кездескен саңырауқұлақтар улы саңырауқұлаққа ұқсас болса, оны алмаған жөн. Әбден пісіп, жетілген әрі кеуіп кеткен саңырауқұлақтар да улы болуы мүмкін. Ақ саңырауқұлақ және басқаларын асқа пайдаланудың алдында екі рет суға қайнатып, қайнатқан суды төгіп тастау қажет. Төккен сумен бірге саңырауқұлақтардағы улы заттар кетеді. Жаңадан теріп әкелген жас саңырауқұлақтарды бір тәуліктен артық сақтамайды. Одан жасалған тағамдарды екінші тәулікке қалдыруға болмайды.

 

Саңырауқұлақтарды кептірсе де, сүрлемелесе де, маринадтаса да олардың құрамындағы улы заты жойылмайды. Сондықтан саңырауқұлақтан қыста да уланып қалуға болады. Уланудың белгілері саңырауқұлақты жегеннен кейін, бірнеше сағаттан соң білінеді. Уланған адамның іші ауырады, жүрегі айниды, құсады, әлсізденіп, басы айналады, кейде сіңірі тартылады. Мұндай жағдайда тез арада дәрігерге қаралу керек.

 

Саңырауқұлақты теру жолдарын да білу қажет. Саңырауқұлақты таңертеңгі салқында жіпшумақтарын зақымдамай, түбіртегінің төменгі жағынан ептеп пышақпен кесіп алады. Өте майдаларын алмау керек. Сонда ол жердегі саңырауқұлақтарды жыл сайын, ұдайы жинап тұруға болады.



Сұрақтар
  1. Жеуге жарайтын саңырауқұлақ:

  2. «Өсімдік еті» деген атпен бағалы тағамдардың қатарына қосады:
  3. Ерте көктемде (наурыз, сәуір айларында) Қазақстанда топталып өсетін саңырауқұлақ:

  4. Улы саңырауқұлақ:

  5. Арықтардың шірігі мол жағасында өсетін саңырауқұлақ:

  6. Улы боз арамқұлақ саңырауқұлағы сырттай қарағанда ұқсас:

  7. Жеуге жарамайтын түлкіжеммен жалған түлкіжемді қалай ажыратамыз:

  8. Қазақстанда сазды тақыр жерінде өсетін саңырауқұлақ:

  9. Қарағайлы, шыршалы орманда кездеседі:

  10. Улы саңырауқұлаққа жатады:

Қате туралы хабарландыру