Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

II тарау. Қалпақшалы саңырауқұлақтар

Конспект

Көпжасушалы саңырауқұлақтардың мысалы ретінде тек қалпақшалы саңырауқұлаққа тоқталамыз.

 

Саңырауқұлақтар қарағай, самырсын, көк терек, қайың, қарағаш сияқты орманда, ағаштардың түбінде кездеседі.Саңырауқұлақтар ауа райы ылғалды және жылы болса, жақсы өседі. Күннің жарығын керек етпейді. Өйткені оларда хлорофилл болмайды. Өсімдіктердің даяр ағзалық заттарымен қоректенеді.

 

Қалпақшалы саңырауқұлақтардың денесі қалпақтан және түбіртектен тұрады. Оны жемісті денесі дейді. Жемісті денесінің мөлшері әрқилы. Қалпақшасының диаметрі 0,2-0,5 сантиметрден 72 сантиметрге дейін жетеді. Ал ақ саңырауқұлақтың жемісті денесінің салмағы 2 кг 720 г, қалпақшасының диаметрі – 57 сантиметрге дейін болады. Жемісті денесі жіпшумақтан өсіп дамиды. Жіпшумағы топырақ арасында көрінбей жатады. Жіпшесін микроскоппен қарасақ, оның бір қатарға орналасқан ұзын жасушалардан тұратынын көреміз. Жіпшесінің жасушалары екі ядролы. Жіпше жақсы өсу үшін ауа, ылғал, жылу қажет. Сондықтан жіпшесі топыраққа терең енбей, 6-12 см тереңдікке ғана таралады. Саңырауқұлақтың жемісті денесі біріне-бірі тығыз ұйыса орналасқан жіпшумақтан тұрады. Түбіртегіндегі жіпшумағы біркелкі, ал қалпақшасындағы жіпшумағы екі қабат құрайды. Үстіңгі қабаты жылтыр, түрлі түсті реңді болса, астыңғы қабаты түтікшелі және қатпарлы болып келеді. Түтікшелі саңырауқұлақтардың қалпақшасының астында майда шұрықтар болады. Ол шұрықтар жіңішке түтікшелермен байланысты. Мұндай саңырауқұлақтар түтікшелі саңырауқұлақтар деп аталады.

 

 

Саңырауқұлақтар

 

Арышқұлақ, түлкіжем, қозықұйық саңырауқұлақтарының қалпақшасының астыңғы беттері түбіртектен шоқталып тараған қатпарларға толы екенін көреміз. Мұндай саңырауқұлақтарды қатпарлы саңырауқұлақтар деп атайды. Жемісті денесі жаңбырдан соң 10-12 күнде жетіледі. Қорек заттардың біразын жіпшелер арқылы ормандағы қарашірікке бай топырақтан сорады. Біразын өзі өсіп тұрған ағаштың тамырынан алады.

 

Саңырауқұлақтардың өсімдіктермен селбесуі. Сендер орманға барғанда қалпақшалы саңырауқұлақтардың белгілі бір ағаштардың түбінде өсіп тұрғанын байқаған боларсыңдар. Мысалы, ақ саңырауқұлақ тек қайың, қарағай, шырша маңында өссе, көктерек саңырауқұлағы көктеректің түбінде, арышқұлақтар қарағай мен шырша ормандарында өседі. Бұл жай кездейсоқтық емес, көптеген қалпақшалы саңырауқұлақтар ағаштардың тамырымен селбесіп, микориза (грекше: «микос» – саңырауқұлақ, «ризос» – тамыр) түзеді. Саңырауқұлақтың жіпшелері ағаштың тамырын айнала қоршап алады. Тіпті тамырдың ішіне енеді, топырақтан су мен минералды заттарды сорады. Ол ағаштың тамырына өтіп, ағаш арқылы фотосинтез процесіне қатысады. Ағаштан саңырауқұлақ өзінің тіршілік етуіне қажетті ағзалық заттар алады. Осындай екі ағзаның пайдалы селбесуін симбиоз (селбесу) дейді. Тамырында микоризасы жоқ ағаштар өте баяу дамып, түрлі аурулармен тез зақымданады.

 

 

Саңырауқұлақтар. Саңырауқұлақтың құрылысы:

1 -қалпақ; 2 – қалпақ асты; 3 – белдеуше сақина; 4 – түбіртек; 5 – түбіртек жіпшесі; 6 – жіпшумақ; 7 – жіпше

Микориза

Қалпақшалы саңырауқұлақтар спора арқылы көбейеді. Споралары өте майда және ол қалпақшасының астында пісіп жетіледі. Олар ауа толқыны, жел арқылы ұшып таралады. Саңырауқұлақтың споралары суыққа, құрғақшылыққа өте төзімді. Топырақта бірнеше ондаған жылдар бойы өнгіштігін жоғалтпай сақталады. Қолайлы жағдайда әрбір спорадан жіпшелер дамиды. Жіпшелері ұзарып, тарамдалып, жіпшумаққа айналады. Жіпшумақтардан жемісті дене жетіледі.

 

 

Қалпақшалы саңырауқұлақтың спора арқылы көбеюі



Сұрақтар
  1. Саңырауқұлақтар жақсы өседі:
  2. Қалпақшасының астында майда шұрықтары бар саңырауқұлақ:

  3. Қалпақшасының астыңғы беттері түбіртектен шоқталып тараған қатпарларға толы саңырауқұлақ:

  4. Саңырауқұлақтар өсімдіктермен селбесіп:

  5. Екі ағзаның пайдалы селбесуі:

  6. Қалпақшалы саңырауқұлақ көбейеді:

  7. Қатпарлы саңырауқұлақтар:

  8. Екі ағзаның пайдалы селбесуі:

  9. Саңырауқұлақтың жемісті денесі біріне - бірі   тығыз ұйыса орналасқан ....... тұрады.

  10. Қалпақшалы саңырауқұлақ денесі:

Қате туралы хабарландыру