iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
II тарау. Зең саңырауқұлақтары
Зең саңырауқұлақтарын да ашытқы саңырауқұлақтары сияқты микроскоппен көруге болады. Олар күнделікті тұрмысымызда көп кездеседі. Біз зең саңырауқұлақтарының ішінен ақ зең немесе мукор саңырауқұлағын қарастырайық. Олар табиғатта өсімдік қалдықтарының, шірінділерінің арасында, көңнің құрамында кездеседі. Үйде ұннан жасалған тағамдардың, нанның беті екі-үш тәулік жабық қалдырылса, үлпілдек мақта тәрізді мукор саңырауқұлағының жіпшумағы пайда болады. Бұл түссіз жіпшумақ – өсіп кеткен бір ғана жасуша. Сондықтан мукор төменгі сатыдағы саңырауқұлаққа жатады.
Хлорофилі болмағандықтан, ағзалық зат түзе алмайды. Олар дайын ағзалық заттарды өздері өсіп тұрған ортадан сіңіріп, қоректенеді. Біраз өскен соң жіпшелердің кейбіреулері жоғары қарай бағытталып, өсе бастайды. Ұштарында пердемен бөлінген спора жетілетін спорангий (қалта) түзіледі. Олар қара нүктелер тәрізді болып көрінеді. Сол кезде жіпшумақтың түсі бірте-бірте қарая бастайды. Әрбір қалтаның ішінде жүздеген спора жетіледі. Споралар біржасушалы және олардың сырты қалың қабықшамен қапталады, ішінде ядро мен цитоплазма болады. Споралар таралып, қолайлы жағдайға түсіп өнеді де, жіпшелер түзе бастайды. Қолайсыз жағдай туғанда екі жасуша түзіледі де, жынысты көбейеді.
1-сурет. Мукор саңырауқұлағы.
Пеницилл мен аспергилл де зең саңырауқұлақтарына жатады. Олар өлі ағзалық заттармен қоректенеді. Бұлар да өсімдіктердің жерге түсіп қалған жемістері мен тұқымдарын, түрлі тағамдарды бүлдіріп, көгертеді. Пеницилдің жіпшумақтарының шоғыры – көкшіл-жасыл түсті, ал аспергилдің жіпшумақтарының шоғыры сарғыш жасыл түсті болады. Бұларды микроскоппен қарасақ, жасушалары перделермен бөлінген түссіз жіпшелері анық көрінеді. Пеницилдің споралары майда, көп жасушалы, саусақ тәрізді тармақталған жіпшелердің ұшындағы жасушалардан бөлініп жетіледі. Аспергилдің споралары ұшы кеңейген біржасушалы жіпшенің төбесіндегі жасушалардан бөлініп дамиды.
1 2 3
2-сурет. Зең саңырауқұлақтары: 1 – пеницилл; 2 -аспергилл; 3 – спорангий.
Медицинада пеницилдің 2 түрінен пенициллин дәрісін алады. Оны өкпенің қабынуы, ревматизм (құздама), дифтерия (күл ауруы), скарлатина, басқа да ауруларды емдеуге пайдаланады. Пенициллин іріңдеген ауруларды тез жазады.
Аспергилдің бір түрінен дүкенде сатылатын лимон қышқылы алынады. Жоғарыда көрсетілген қасиеттері арқылы пеницилл мен аспергилл табиғатта болатын тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі. Сондай-ақ айрықша зиянды ағзалардың өсуін тежейді.
Зең саңырауқұлақтарының зияны да бар. Олар картоп, жеміс, дәнді дақылдарды шірітеді.
Зең саңырауқұлақтарынан сақтандыру үшін мынадай ережелерді ескеру қажет: а) түрлі жеміс-жидектерді, дәнді дақылдарды, картопты, сәбізді қоймаға сақтау алдында кептіріп алу және оларға химиялық препараттар шашу; ә) қоймада ауа мен жылу мөлшерін қалыпты жағдайда ұстау.
- Микроскоппен көруге болатын саңырауқұлақ:
-
Зең саңырауқұлақтары:
-
Пеницилдің жіпшумақтары:
- Пеницилдің споралары:
- Лимон қышқылы алынатын саңырауқұлақ:
-
Мукор қай пигменттің болмауынан ағзалық зат түзе алмайды?
-
Пеницилл мен аспергиллдің ерекшеліктері?
-
Өкпенің қабынуы, ревматизм, дифтерия, скарлатина ауруларды емдеуге пайдаланылатын саңырауқұлақ?
-
Өлі ағзалық заттармен қоректенетін зең саңырауқұлақ?
-
Табиғатта өсімдік қалдықтарының, шірінділерінің арасында, көңнің құрамында кездесетін саңырауқұлақ?