iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
II тарау. Саңырауқұлақтар
Саңырауқұлақтар ағзасының ерекшеліктері, жасуша құрылысы, тіршілігі, көбеюі. Саңырауқұлақтар – тірі табиғаттың ерекше бір тобы, ядролы ағзалар (1-сурет).
Біздің ғаламшарда өте ертеде пайда болған. Олардың қалдықтары жердің ертедегі геологиялық қабаттарынан да табылып отыр. Оның 100 мыңнан астам түрі белгілі. Жер жүзінің барлық аймақтарында кеңінен таралған: топырақта, суда, ағаш діңдерінде, тірі және өлі ағзалардың денесінде және басқа да жерлерде тіршілік етеді. Сонымен қатар металдардың, резеңке заттардың, тағамдардың бетінде, үйдің ішінде жиі кездеседі.
Саңырауқұлақтардың мөлшері жағынан өте кішкене, тек микроскоппен ғана көрінетіндері және салмағы бірнеше килограмға жететіндері де болады. Олардың өсімдікке де, жануарға да тән белгілері бар.
Өсімдіктерге тән белгілері: өсімдік сияқты бір орыннан қозғалмайды; қанша тіршілік етсе, сонша өсе береді; тарамдалады; жасушасында қалың қабықшасы болады; қоректік заттарды жануарлар сияқты жұтпай, өсімдіктер сияқты бүкіл денесімен сорады.
Жануарларға тән белгілері: хлоропластары болмайды, сондықтан фотосинтез процесі жүрмейді. Ағзалық затты (қоректік заттар) өз жасушасында түзе алмайтындықтан, жануарлар сияқты дайын ағзалық заттармен қоректенеді; жасуша қабықшасы бунақденелерге ұқсас нәруызды-хитинді; жасушадағы қоректік қор заты өсімдіктерден ерекше: өсімдіктерде – крахмал, ал саңырауқұлақтарда жануарлардікі сияқты – гликоген (грекше «гликис – тәтті + генос – шығу тегі», «тәтті зат»).
Осындай ерекше белгілеріне қарап, саңырауқұлақтарды тірі табиғаттың ерекше тобы етіп бөледі. Саңырауқұлақтарды зерттейтін ғылымды микология (грекше «микос» – саңырауқұлақ) дейді.
Саңырауқұлақ жасушасының құрылысы. Саңырауқұлақтардың өсімді денесі түссіз әрі тарамдалған жіңішке жіпшелерден түзілген жіпшумақтан тұрады. Жіпшелері ұшынан өседі және жан-жағына жайылып тарамдала береді. Құрылысы қарапайым саңырауқұлақтардың (мукор) жіпшелері перделермен бөлінбей, тарамдалып өседі. Саңырауқұлақтардың басым көпшілігінің жіпшелері перделермен бөлінген көпжасушалы болып келеді. Олар жіпшелері арқылы ағзалық және бейағзалық заттарды сіңіріп, қоректенеді. Қалпақшалы саңырауқұлақтардың жіпшелері топырақ астында 10–12 см тереңдікте болады. Сондықтан көзге көрінбейді. Ағаштарға жабыса бекініп өсетін саңырауқұлақтар да бар. Олардың жіпшелері ағаш сүрегіне енеді де, көзге байқалмайды.
Жасушасының сыртында қатты қабығы, ішінде цитоплазма, ядро, митохондрия, лизосома, рибосома, вакуоль бар. Вакуольде гликоген, май, май қышқылдары көп болып қорға жиналады. Жасушаның қатты қабығы сыртқы ортаның қолайсыз жағдайына төзімді болуын қамтамасыз етеді. Ядросы өте ұсақ, бір және бірнеше ядролары болады.
Саңырауқұлақтар өсімді, жыныссыз және жынысты жолмен көбейеді.
Өсімді көбейгенде жіпшелері үзіліп, әрқайсысынан жіпшумақта бүртіктер пайда болады, яғни бүршіктенеді (ашытқы саңырауқұлағы). Қолайсыз жағдайға төзе алатын қабығы өте қалың жасушалары түзілген жіпшелеріндегі төмпешіктері біртіндеп үлкейеді. Кейін бөлініп, өз алдына тіршілік етеді.
Жыныссыз көбею кезінде зооспора, спора, конидий арқылы өтеді (2-сурет).
Конидий – грекше «кония – шаң + ейдос – түрінде», яғни шаң түріндегі спора. Зооспорада (қозғалғыш споралар) талшықтар болады. Ол спора сияқты арнайы орында дамиды. Әсіресе саңырауқұлақтардың суда тіршілік ететін түрлері қозғалғыш споралар арқылы көбейеді.
Спора – саңырауқұлақтардың таралуын қамтамасыз ететін арнайы құрылымды жасуша. Споралар түзілетін орын спорангий деп аталады (3-сурет).
Қолайлы жағдайда споралардан жіпшелер шығады. Конидий де спораның бір түрі. Конидийлер арнайы жіпшелерінің бөлінуінен пайда болады. Бұл жіпшелерден түзілетін болғандықтан, сыртта дамитын споралар болып есептеледі.
Жынысты көбею кезінде екі жыныс жасушаларының (гамета) қосылуынан ерекше жасуша – зигота түзілу арқылы жүреді.
Біржасушалы саңырауқұлақтар. Біржасушалы саңырауқұлақтың мысалы ретінде ашытқы саңырауқұлағын қарастырамыз (4-сурет).
Ашытқы саңырауқұлағының құрылысы өте қарапайым: бір жасушадан тұрады, жіпшелері болмайды. Жасушасының пішіні дөңгелек немесе сәл сопақша. Сыртында қабықша, ішінде цитоплазма, бір ядро және вакуолі бар. Бір жасушадан тұрса да, көпжасушалылар сияқты тыныс алады, қоректенеді, өседі, көбейеді, зат алмасады. Басқа саңырауқұлақтардан айырмашылығы – ұзақ уақыт оттексіз тіршілік ете алады. Ашыт-қы саңырауқұлағы бүршіктену арқылы өте тез көбейеді. Бүршіктеніп көбею кезінде аналық жасушаның бір бүйірінен бұлтиып өсінді пайда болып, біртіндеп көлемі ұлғаяды. Ол өсінді аналық жасушаның мөлшерімен теңескенде одан әрі тағы да өсінді шығады. Осылайша моншақ тәрізді тізіліп, бір-бірінен ажырамай, көбейе береді. Кейде жасушасы бөліну арқылы көбейеді.
Жынысты көбею кезінде екі өсімді жасушалары қосылады. Егер ашытқы саңырауқұлағы өсіп тұрған ортада қоректік зат жетіспей қалса, лезде споралары бар қалта түзеді. Сөйтіп ашытқы саңырауқұлағының зиготасы ішінде споралары бар қалтаға айналады. Қоректік ортада қант көп болса, қантты спирт пен көмірқышқыл газына айналдырып, дереу ашыту әрекетін тудырады. Сондықтан оны сыра, қымыз, сүт, шарап ашыту, нан пісіру өнеркәсібіне кеңінен пайдаланады. Сыра ашыту үшін арпаға құлмақтың гүлшоғырларын араластырып, ашытқы саңырауқұлағымен қосып ашытады. Сондықтан сыраның құрамында 6% спирт, қант, нәруыз, ағзалық қышқылдар, құлмақтың ащы заттары, илік заттар және көмірқышқыл газы бар.
Мал азығына қосатын ашытқыда нәруыздар, көмірсулар, майлар және минералды тұздар болады. Ашытқы адамға да өте сіңімді, сондықтан сұйық және түймеше (таблетка) күйінде пайдалану алдында су қосады. Әбден үгітіп, үстіне қайнаған ыстық су құйып, тағамға қосады. Нан пісіруге, тәтті тағамдар өнеркәсібіне пайдаланғанда ашытқы саңырауқұлағы қамырдағы қантты ыдыратады. Сөйтіп спирт пен көмірқышқыл газын түзеді. Көмірқыш-қыл газы ашыған қамырдағы көпіршіктерді толтырады. Соның нәтижесінде қамыр ашып, көтеріледі. Табиғатта ашытқы саңырауқұлағы қанты көп жемістерде, жидектерде, гүл шірнесінде, ағаш шырынында, балара балында кездеседі.
Ашытқы саңырауқұлағының жасушасында нәруыз, май, дәрумендер жеткілікті. Сондықтан шиқан, теріскен, безеу, бөрткен секілді тері ауруларын емдеу үшін одан дәрі жасайды. «Ашытқы» деген ат тез ашытатын қасиетіне қарай қойылған. Ғылыми аты «қант саңырауқұлағы» (сахарный гриб) деп аталады.
13-сурет. Ашытқы саңырауқұлағының өсімді және жынысты жолмен көбеюі: 1 – ашытқы саңырауқұлағы; 2 – бүршіктеніп, өсімді жолмен көбеюі; 3 – бүршіктену кезінде ажырап үлгірмеген жасушалар; 4 – екі жасушаның қосылып, жынысты жолмен көбеюі.
-
Саңырауқұлақтарды зерттейтін ғылым:
- Шаң түріндегі спора:
-
Спора түзілетін орын:
- «Ашытқы» саңырауқұлағының ғылыми аты:
-
Саңырауқұлақтардың жануарларға тән белгісі?
-
Жіпшелері үзіліп, әрқайсысынан жіпшумақта бүршіктер пайда болуы саңырауқұлақ көбеюінің қай түрі?
-
Шиқан, теріскен, безеу, бөрткен секілді тері ауруларын емдеу үшін дәрі жасауға қолданылатын саңырауқұлақ:
-
Ашытқы саңырауқұлақтың құрылысы:
-
Ашытқы саңырауқұлағын қолданбайтын өнеркәсіпті анықтаңыз:
-
Саңырауқұлақтардың таралуын қамтамасыз ететін арнайы құрылымды жасуша:
-
Жеуге жарамды саңырауқұлақ
-
Халқымыз өсімдік еті деп атайды