Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Адам және дүниетаным

Конспект

     Адамның дүниеге келу мәселесі – ғылымдағы ең терең құпиялардың бірі. Біз оны дүние, болмыстың пайда болу мәселесі, жалпы тіршіліктің жер бетіне келуімен парапар келетін мәселе дер едік. «Дүние» ұғымының  ауқымы кең. «Әлем» ұғымы оның ғылыми бір кескінін ғана көрсетеді және логикалық жағынан оған бағынышты. Табиғат та, қоғам да, адам да осы «дүние» ұғымына кіреді. «Әлем» ұғымы – дүниенің ғылыми-космологиялық суреттемесін беретін ұғым. «Дүние» мен «адам» ұғымдары белгілі бір мағынада бір-біріне қарсы қойылатын ең шеткі ұғымдар болып саналады. Дүние шексіз, біртұтас, ал адам оның бір кішкене ғана бөлігі десек те, адам дүниенің айрықша бір бөлігі болып саналады. Адам дүниені сезінеді, танып-білуге ұмтылады, практикалық қызметінде оны өзгерте алады, өзі де өзгереді. Адамның дүниетанудағы негізгі мақсаты – зерттеліп жатқан заттар мен құбылыстардың ішкі сырын ашу, яғни оларды тану. Ол дүниені түгел қамтуға ұмтылады, өзінің дүниеге, дүниенің өзіне қатынасы туралы өмірлік маңызы бар мәселелерді қозғайды, соларға ұдайы жауап іздейді. Бұл мәселелер дүниетаным мәселелері деп аталады. Философия пайда болғанға дейін бұлар мифология мен дін тұрғысынан шешіліп келген. Философия адам мен қоғам дамуының белгілі бір сатысында, нақтырақ айтқанда, қоғамның таптарға бөлініп, алғаш мемлекет пайда болып, дене еңбегі мен ой еңбегінің арасындағы қайшылықтардың өрістеуіне орай бір мезгілде дерлік (VI-V ғғ.) қатарынан үш елде: Ежелгі Қытай, Ежелгі Үндістанда және Ежелгі Грекияда пайда болды. Философияның миф пен дінге қарағанда өзгешелігі оның теориялық мәнінде болды, миф аңыз-ертегілерге, дін тікелей сенімге негізделген болса, философия білімді негіз тұтып, әр нәрсенің себебіне үңіліп, тұтас дүниенің жалпы түсінігін беруге ұмтылады. Сондықтан философиялық танымға жалпылық пен жан-жақтылық, әмбебаптық тән. Философия дүниенің түп-тамыры, адамның дүниедегі орны, өмірдің мәні, ақыл-ойдың, танымның табиғаты сияқты мәңгілік мәселелерді қарастырады. Дүниетанымның тарихи типтерi: мифология, дiн және философия.

     Мифология – адамзаттың рухани мәдениетiнiң ең көне формасы. Мифтiң негiзгi қызметi – дүниенің қалай пайда болғанын түсiндiру, этикалық және эстетикалық түсiнiктер арқылы белгiлi бiр мораль нормалары мен құндылықтар жүйесiн орнықтыру (мысалы, Сфинкс туралы миф табиғат құпиясын, Кентаврлар туралы миф адамның хайуаннан жаралғанын бiлдiредi, Прометей оттың пайда болуын, ал Икар аспанға ұшу ұмтылысын бiлдiредi, Сизиф болса, өмiрдiн мәнiн түсiну әрекетi болып саналады). Мифтердi тек ертегi, аңыз деп түсiнген дұрыс емес, себебі миф индивидтiң қоршаған әлемдi тануға деген ұмтылысынан пайда болады. Миф – дiннiң, философияның, ғылымның бастамасы. Мифтің дiннен басты айырмашылығы сенiмге ғана емес, ақыл-ойға, парасатқа сүйенуінде болып есептеледі.

     Дiн – рухани мәдениеттiң бөлiгi немесе оны ең тұжырымды түрде құдай мен адамның арақатынасы, адамның танымынан тыс күштердi мойындау және соған илану деп анықтауға болады (дiн алғашқы қауымда пайда болды: тотемизм, фетишизм, анимизм; ұлттық, мемлекеттiк дiндер: индуизм, иудаизм; әлемдiк дiндер: буддизм, христиан, ислам).

       Дiн құлшылық жолындағылар мен құдiрет арасындағы бiр байланыстың барына деген сенiмге негiзделедi және ол сенiм белгiлi бiр дiни iлiм түрiнде тұжырымдалып, тұрмыста дiни салттар мен ғұрыптар түрiнде көрiнiс тауып, арнайы дiни институттарда атқарылады (шiркеу, мешiт, т.б.).

    Алғашқы дiни жүйе политеистiк болды, яғни пантеон құдайларының болуы, кейiн мемлекеттiк билiктiң бiр ортаға жиналуына байланысты монотеизм, яғни бiр құдайға табыну келедi.

    Философия (б.д.д. VІ-V ғғ.) Үндiстанда, Қытайда, Мысырда, Грек елiнде пайда болды. Бұл терминді алғаш қолданған антик философы, математик Пифагор болды, ол оны «даналыққа құштарлық» деп түсiндiрді, яғни философия адамға өзiнiң ой шеңберiнен шығуға мүмкiндiк беретiн рухани форма болды. Қорыта айтатын болсақ, дүниеге философиялық көзқарастың мәнін ашу жолында біз оның көпқырын байқадық. Философия бір жағынан ғылыммен ұштасып жатса, екінші жағынан оның көркем өнермен, идеологиямен, гуманитарлық біліммен, сана мен моральдық рухани құндықтармен, тіпті мистикалық діни сезімдермен байланысты екенін байқадық. Философияның әртүрлі жақтарын бір-бірінен ажыратып бөлек алуға болмайды. Философия – біртұтас, ерекше, дүниеге деген көзқарастық білім. Философия – адамзат мәдениетінің өзегі.



Сұрақтар
  1. Адамның дүниеге қатынасын айқындайтын және оның мінез-құлқын, жүріс-тұрысын реттейтін көзқарастар мен наным-сенімдер жиынтығы

  2. Логика дегеніміз

  3. Моральдық-адамгершілік ережелер туралы ғылым

  4. Әлемнің әсемдігі пен үйлесімділігі туралы ілім

  5. «Миф» сөзі грек тілінен аударғанда

  6. 1869 жылы ағылышын ғалымы Томас Гексли қандай термин енгізді?

Қате туралы хабарландыру