iTest қолданбасын жүктеп алу
Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз
Адам мәселесі
Адам ғарыштың ғажап жаратылысы. Ол ең алдымен – рух. Осы тұрғыдан алғанда адамның өзге тіршілік иелерінен айырмашылығы бар. Ғасырлар бойы әлемдік діндер «адамды құдай жаратты» деген қағиданы ұстанып келеді. Философия мәселелері ішіндегі ең өзектісінің бірі – адам мәселесі. Бүгінгі таңда тек гуманитар ғалымдар ғана емес, жаратылыстанушылар да «антроптық принципті» қолдап отыр. Осыдан 13 млрд. жыл бұрын «Ұлы жарылыстың» негізінде пайда болған дүние – ғарыш әлемі қажетті түрде сан алуан кездейсоқтықтар тоғысының барысында тіршілікті, одан кейін саналы жаратылысты, адамды тудырады екен. Кез келген саналы адам өзі өмір сүріп отырған қоғамды, дәуірдің мәнін, тарихтың даму бағытын танып-білгісі келеді. Қоршаған ортада болып жатқан құбылыстар мен үдерістердің сырын білу үшін дүниеге философиялық көзқараспен қараудың маңызы зор. Философия – адам танымының ғылымнан өзгеше, ерекше бір саласы. Философия ғылыммен қарым-қатынасында бір жағынан, оның жетістіктерінен сусындап, өзінің қағидаларын нақтыландырып қана қоймай, олардан жаңа серпін алып, жаңа идеялар тудыратын болса, екінші жағынан, ғылыми танымға әдіснамалық бағыт-бағдар беріп, оның әрі қарай дамуына өзінің игі әсерін тигізіп отырады.
Философиялық көзқарастардың негізгілерінің бірі – адам мәселесі. Ежелгі грек философы Сократ (б.д.д. 469-399 жылдар) «Ей, адам баласы, өзіңді-өзің тани біл!» дегеннен бері адам мәселесі төңірегінде философия тарихында әртүрлі, тіпті кереғар көзқарастар да орын алды. Мысалы, ежелгі грек философиясында табиғат, қоғам, адам біртұтас ғарыш аясында қарастырылып, адам оның өзіндік бір бөлшегі деп есептелінген. Космоцентризм деп аталатын ілім тұрғысынан қарағанда, адам ғарыштың туындысы, ғарыштағы тірі жан, яғни «микрокосмос» болып саналады. Орта ғасырларда (V-XV ғғ.) Шығыста да, Батыста да діни көзқарастар үстемдік алып, философия да, саясат та, ғылым-білім де қоғамдық өмірдің барлық саласы секілді дінге бағынышты жағдайда болды.
«Теоцентризм» (грек. theos – құдай) деп аталатын бұл көзқарас бойынша бүкіл дүниені, соның ішінде адамды да құдай жаратқан. Ал құдайдың құдіретіне шек жоқ, олай болса, адамның жаратылыс сыры тылсым, құпия, оны рационалды жолмен танып-білу мүмкін емес, тек жүрекпен түйсіну керек делінді.
Қайта өрлеу дәуірінде (XV-XVI ғғ.) адам еркіндігі, оның белсенділігі, танымдық қабілеті туралы баса айтылады. Құдай идеясы мүлдем жоққа шығарылмағанымен, адамның дүниеде өз орны бар екені, оның табиғатпен қарым-қатынасының жан-жақтылығы көрсетіле басталды. Бұл кезде адам антропоцентризм (грек. anthroрos – адам) мен гуманизм (лат. humanus – адами, ізгі) тұрғысынан сипатталып, оның өнер-білімге құштарлығы, бас бостандығына деген ұмтылысы дәріптелді.
Еуропада Жаңа дәуірде (XVIІ ғ. бастап) адам дараланып, оның дүниені тануға және өзгертуге деген мүмкіндіктері асыра дәріптелінді. Адамның белсенділігіне ешқандай шек қойылмай, енді оның өзін құдай дәрежесіне көтеріп, іскерлігі, жасампаздығы, шығармашылық қабілеті тым жоғары бағаланды. Осы кездері адам табиғатқа қарсы қойылып, табиғатты бағындыру, оған үстемдік жүргізу идеясы кеңінен таралды.
«Табиғаттан мейірім күтпейміз, бірақ одан қажетімізді алу – біздің міндетіміз!» дейтін пікір осы кезде қалыптасты.
Ағылшын философы Ф. Бэкон (1561-1626 жж.) «Білім – күш!» деген ұран тастап, ғылыми білімді адамның өз пайдасы үшін табиғатқа қарсы қоятын, оны түрлендіріп, өз ырқына бағындыратын күш деп көрсетті.
XVІІІ-XIX ғасырларда адам өзі өмір сүріп отырған әлеуметтік ортамен тығыз бірлікте қарастырылды. Мұндай көзқарастардың ұшқыны бұрындары да кездесіп отырған. Мысалы, ежелгі грек данышаны Аристотель (б.з.б. 384-322 жж.) адамға «саяси жануар» деген анықтама берген. XVІІІ ғасырда француз философтары қоршаған әлеуметтік орта қандай болса, адам да сондай болады деген ойды уағыздаған. Мұндай көзқарасты социоцентризм (лат. socialis – қоғамдық) дейді. Белгілі бір дәрежеде К. Маркстің (1818-1883 жж.) көзқарасын да осыған жатқызуға болады. Оның анықтауынша, «адам – барлық қоғамдық қатынастардың жиынтығы», яғни адамның қандай болмағы қоғамға, қоғамдық қатынастарға тікелей тәуелді.
Адам – жер бетіндегі материалдық және рухани мәдениетті жасаушы, тарихи процестің субъектісі, тілі мен ойы дамыған, саналы әрекет ете алатын қабілеті бар биопсихоәлеуметтік тіршілік иесі.
Адамды философия, саясаттану, мәдениеттану, құқықтану, әлеуметтану, медицина, физиология, анатомия, генетика, психология және т.б ғылымдар түрлі қырынан зерттейді. Жалпы тіршіліктің өзі қайталанбас ғажап құбылыс деп саналады, ал тіршілік дамуының, ең жоғарғы сатысына жататын адамның өмірінің мәні одан да қызық және мәңгілік зерттеу тақырыбы болып қала береді.
Адам жаратылысының мәнін ашу үшін оның шығу тегін, ал шығу тегін білу үшін оның мәнді қасиеттерін білу қажет. Расында, әлденені адам деп тану үшін тек адамға ғана тән мәнді белгілерді дөп басу керек. Адамның мәндік қасиеттерін ажырату дегеніміз – адамның қалай пайда болғанын, оның мәнді белгілері қалай қалыптасып дамығанын, бір сөзбен айтқанда, оның шығу тегін білу деген сөз. Адам – жануарлар тәрізді ет пен сүйектен жаратылған жан иесі. Ол да тамақтанады, қимыл-әрекет жасайды, өсіп-өнеді, қартаяды, өледі. Сонымен бірге адамға жануарлардан мүлде бөлек ерекше қасиеттер тән. Оны бөлектеп, жануарлардан ерекшелеп тұратын айырықша бір қыры – оның қоғамда өмір сүруі, яғни адам белгілі бір мағынада қоғамдық жан иесі. Оның тамақтануы, өсіп-өнуі, өмірі мен өлімі биологиялық түйсіктермен шектелген. Оның өмір сүру тәсілі туа біткен генетикалық бағдарламадан ауытқи алмайды.
Адам – әмбебап тіршілік иесі, ол кез келген табиғи ортада өмір сүре алады, өзінің белсенді еңбегі, іс-әрекеті арқасында табиғатты өзгертеді, өз қажеттіліктеріне бейімдейді, соның негізінде өзі де өзгеріп отырады.
Адам сондай күрделі жаратылыс болғаннан кейін оған беруге болатын анықтамаларды жалғастыруға болады. Мысалы, адам «күле алатын», «жылай алатын», «өлетінін білетін» т.с.с тіршілік иесі. Бірақ У. Оккамның ұстанымы бойынша «мән-мағынаны қажеттіліктен тыс көбейту керек емес». Олай болса, адамның жоғарыда келтірілген қасиеттеріне негіздей отырып, оған біраз анықтама беруге мүмкіндік келген сияқты.
Адам – сана арқылы дүниені танып-білетін, соның нәтижесінде еңбек құралдарын жасап, өзара бірігіп, айнала қоршаған ортаны өзгертіп, сан алуан қажеттіліктерін өтей алатын тіршілік иесі. Жануарлар мақсат қоймайды, олардың қимыл-әрекеті түйсікке негізделген, ал адам саналы түрде мақсат қояды, сол мақсатқа барлық іс-әрекетін бағыттай алады.
-
Тұлғаның қызмет түрлерін атқару тәсілдерін жетік меңгеруінен көрініс табатын дара-психологиялық ерекшелігі:
-
Зият –
-
«Атаңның баласы болма, адамның баласы», – деп айтып кеткен
-
Қызметтің көздеген нәтижесін алдын ала барлау және оған жету жолдары сипатталатын адамның тәртібі мен саналы қызметінің бір элементі
-
Адамды қызметтің белгілі бір түріне итермелейтін қозғаушы күш
-
Шығармашылықты «түйсіктің (инстинкт) көрінісі» ретінде бағалаған
-
Адам жануарлардан несімен ерекшеленеді?
-
Адам мәселесімен айналысатын ғылым(-дар)