Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Саясаттану ғылым ретінде

Конспект

Саясат философиясы ұтымды әрекет ету механизмдерінің құрылымын зерттеп немесе саяси идеялардың, тәртіптер мен жүйелердің тарихи контексі мен саяси қызмет етуінің механизмдерін сипаттап қана қоймайды, сонымен қатар ол саясаттың ең терең тұстарына өтіп, түр ретінде қарастырылатын адаммен соншалықты тығыз байланысты дәл сол құбылыстың болмыстық тамырлары жасырынған ішкі өлшеулеріне дейін барады. Басқа қоғамдық ғылымдардың ішінде саясаттанудың орны ерекше. Себебі, адамзат тарихында саясат негізгі рөл аткарды. Оның дұрыс-бұрыстығы, сайып келгенде, адамдардың, халықтардың тағдырымен тығыз байланысты. Мысалы, мемлекет агрессиялық, яғни басқыншылық соғыс саясатын жүргізсе, оның салдары бірнеше жылға созылатын қайғы-қасіретке соқтыратыны даусыз. Керісінше мемлекет тиімді бейбіт саясат жүргізсе, еліне қолайлы, халқына жайлы болары да белгілі. Саясат – адам баласының ең жоғары қабілеттерін нақты болмысқа қатысты қолдану аясы.

Саясатты ой елегінен терең өткізген алғашқы ойшылдардың бірі Аристотель болған. Ол мұны «ең жоғары өнер» деп атаған. Аристотель саясатта «адамдардың ұжымдық болмысының ең жоғарғы нышанын» көре білген. Ойшыл адамды «саяси жануар» деп санаған (грек тілінде «zoon politikon»): адам бойындағы саяси еместің бәрі жануарларда да бар, ал саясат өзінің аяқталған түрінде жануарларда болмайды.

Саясат философиясы немесе саяси философия саяси әлемді тану теориясы ретінде де, саяси болмыс туралы ілім ретінде де қатар жүре береді. Философия мен саяси әлем аясын қатар қарастыра келе, ол философия мен саяси ғылымның тоғысқан тұсында орын табады. Бір жағынан, саяси философия жалпы философияның бір бөлігі болады. Сонымен қатар, тарихи дамудың белгілі бір кезеңінде дербес феномен ретінде ол жалпы философия аясынан бөлініп шығады. Екінші жағынан, ол саяси ғылыммен өте тығыз байланыста болады және өзінің жеке тұстарында соңғы аталғанның құрамына жеке тармақ ретінде кіреді. Сондықтан оның тағдыры философияның да, саяси ғылымның да тағдырларымен тығыз байланысты болатыны анық. Бұған қоса, оның социологиямен (әсіресе, саяси социологиямен) қандай да бір жанасу нүктелерінің болмауы мүмкін емес. Саяси әлем адамзат қауымдастығының негізін қалаушы жүйлеренің бірі бола тұра, аса күрделі әрі көпқабатты құбылыстар, қарым-қатынастар мен процестердің және т.б. кешені болып саналады.

Саясилық әлемінің маңызды құраушысы – бұл саяси қарым-қатынастар. Мұндай қарым-қатынастардың түрлі саяси институттар арасында да, түрлі әлеуметтік-саяси күштердің арасында да жүзеге асырылатыны анық. Яғни біріншілері де, екіншілері де саяси қарым-қатынастардың субъектілері бола алады.

Сонымен, саясат әлеуметтануының пәні әртүрлі әлеуметтік қауымдасулардың әлеуметтік-саяси жағдайларымен, мүдделерімен анықталатын қоғамдық іс-әрекеттерінің заңды тұстарын талдау болады. Яғни, саяси әлеуметтану биліктің мәнін, саяси құқық пен бостандық мәселесін нақты адам мен таптардың, жіктер мен топтардың, олардың қоғамдық бірлестіктерінің, саяси партияларының тұрғысынан алып қарастырады. Сондай-ақ әртүрлі қауымдастықтардың мүддесіне қызмет ететін әлеуметтік институттардың мазмұнын талдау да маңызды.

Саясат арқылы түрлі қоғамдық таптар мен әлеуметтік топтардың мүдделері көрініс табады, ал олардың мүдделерін әлеуметтік құрылымда алатын объективті жағдайлары мен орны анықтайды. Егер оның шешімі әлеуметтік мүдделермен байланысты болса, кез келген әлеуметтік мәселе саяси сипатқа ие болады, сондықтан оның жүзеге асырылуы билік қатынастары арқылы орындалады.

Саясат ұғымы саяси құбылыстар мен процестерді толық көрсетеді. Оған ең алдымен мемлекетке және оның барлық деңгейіндегі жалпы саяси билігіне қатысты таптар мен басқа да әлеуметтік топтар арасындағы қатынастар жатады. Саясаттың маңызды саласына ұлттық қатынастарды мемлекеттік реттеу жатады.

Саясат әлеуметтануы шындық қоғамының ерекше саласымен шұғылданады. Қоғамдық жүйенің тиімді қызмет атқаруы үшін әлеуметтік-саяси үдерістің заңдылықтарын мемлекеттің басшылары ғана емес, сол қоғамның мүшелері де білуі тиіс.

Саясат қоғамдық топтардың, саяси партиялардың мүдделері және мұраттарымен анықталады, мемлекеттік билік пен мемлекеттік басқару органдарының қызметі болып саналады. Саясат осы қоғамның әлеуметтік-экономикалық табиғатын бейнелейді. Саясаттың өзектілігі оның атқаратын басты қызметімен түсіндіріледі: бірінші, қоғамды жалпы ұйымдастырушы ретінде және екінші, қоғамды реттеуші-бақылаушы құрал немесе адамдардың, қоғамдық топтардың, ұлттардың, халықтар мен елдердің, өмірін, қызметін, қатынастарын бағыттаушы жүйе, сала ретіндегі басты қызметімен байланысты.

Саясаттану XIX ғасырдың екінші жартысында өз алдына жеке пән ретінде калыптасты. Оған бұл кезде бихевиористік, тәжірибелік (эмпирикалық) әдістердің кеңінен пайдаланыла бастауы зор ықпалын тигізді. 1857 жылы АҚШ-тың Колумбия колледжінде (кейін Колумбия университетіне айналды) профессор Фрэнсис Либер «Тарих және саяси ғылым» деген кафедра ашты. Соның негізінде онда 1880 жылы саяси ғылымның жоғары мектебі құрылды. АҚШ-тағы сияқты 1872 жылы Францияда мемлекеттік аппаратқа арнайы қызметкерлер дайындайтын саяси ғылымдар мектебі жұмыс істей бастады.

Саяси социология саясатты әлеуметтік институт, әлеуметтік қатынастар түрі ретінде қарастырады. Әлеуметтік институттардың түрлі салада адам өмірін реттейтін тұрақты қалыптары, ережелері, рәміздер кешені бар. Ол тіршілікті әлеуметтік тәрбие және рөлдер арқылы реттейді. Бұл тұрғыдан алғанда адамға азаматтық қоғамның өкілі ретінде қарайды. Ал әр адамның белгілі саяси міндеттері, саяси санасы мен саяси мәдениетінің дәрежесі болады.

Саясаттануға жақын ғылымдардың бірі – әлеуметтану (социология). Саясаттану саясатты белгілі бір заңдылықтарға бағынып, іс жүзінде белгілі бір принциптерді жүзеге асыратын, дамып, өзгеріп отыратын процесс ретінде қарайды, әлеуметтану оған процесс ретінде емес, адамдық өлшем ретінде қарап, әлеуметтік ортаның саяси салаға етер әсерін зерттейді. Оның айналысатын мәселелері «адамды және қауымдастықты дамыту үшін саясат не бере алады және саясатты жетілдіру үшін адамдар не істей алады?» деген сұрақтар төңірегінде болады.

Қорыта келгенде, саясаттанудың негізгі назары саясатта болса, әлеуметтанудың назары саясатты жасаушы адамда болады. Олардың арасындағы байланыс, әсіресе, саясаттануда цифрлық әдіс-тәсілдерді пайдалануға байланысты күшейе түседі.

Саясилықтың көптеген өлшеуі болады: экономикалық, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-психологиялық, құрылымдық, функционалдық, дүниетанымдық және т.б. Сондықтан ол әлеуметтану, мемлекеттік-құқықтық ғылым, геосаясат, саяси ғылым және т.б. сияқты көптеген пәнді зерттеудің нысаны болады. Осы тұрғыдан саяси ғылым мен саяси философияны зерттеу тақырыптарын зерттеу аса өзекті. Біріншісі тарихи даму мен шынайы әлеуметтік болмыс, сондай-ақ түрлі әлеуметтік күштердің, әлеуметтік-мәдени және саяси-мәдени тәжірибенің өзара әрекеттесуі мен тоғысуы контексіндегі саясилыққа назар аудартады. Назарда – саяси жүйе, мемлекеттік құрылым, билік пен билік қатынастары, саяси мінез-құлық, саяси мәдениет, саяси оқулардың тарихы, саяси процестің субъектілері, партиялар мен сайлау жүйелері және т.б. сияқты өз сипатына қарай алуан түрлі институттар, феномендер мен процестер.

Саяси болмыс пен феномендерді қарым-қатынас жүйесін, қоғамдық сана, әлеуметтік, мәдени және саяси-мәдени салалармен де, нақты саяси әлемнің өзімен де бірдей байланыста болатын саяси коммуникацияның құралдары мен механизмдерін ескеремей тұрып, ұғынуға болмайды. Саясилық субъективті инфрақұрылымды қамтамасыз ететін түрлі идеялық-саяси ағымдар мен идеология маңызды орында тұратын дүниетанымдық жүйе арқылы өтеді. Саясаттану мен саяси философия пәндерін ажырату барысында саясилық әлемінің орталық субъектісі ретінде әлеуметтік, саяси және экономикалық қана емес, сондай-ақ рухани, әлеуметтік-мәдени, саяси-мәдени, моральды-этикалық және т.б. жаратылыс болып саналатын адам тұратынын негізге алу керек. Басқаша сөзбен айтқанда, адам – саясаттың орталық субъекті, саясат – өзара әрекеттесетін адамдардың қарым-қатынасы. Осы салалардың тоғысқан тұсында ғана саясаттану туралы философия мен оған байланысты пәндер және рухани өмір салалары: саяси антропология, саяси психология, саяси этика және т.б. туралы сөз қозғауға құқылымыз.



Сұрақтар
  1. Никколо Макиавеллидің еңбектері

  2. Саяси қарым-қатынастардың барлық жиынтығы қай ғылым саласының зерттеу шеңберіне жатады

  3. «Мемлекет туралы», «Заң туралы» тарктаттарының авторы

  4. «Саясат» сөзі грек тілінен аударғанда қандай мағына білдіреді?

  5. Ағылшын ойшылы Т. Гоббс зиянды жақтарын баса көрсетіп, жан-жағын жалмайтын құбыжық іспеттес деп нені сипаттады?

Қате туралы хабарландыру