Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Қоғамның экономикалық өмірі

Конспект

Бүгінгі қоғам өмірінің негізгі салалары ретінде экономикалық, әлеуметтік, саяси-құқықтық және рухани өмір көрсетіледі. Әрине, қоғам өмірі – өте күрделі жүйе, сондықтан осы көрсетілген салалар бір-бірімен шым-шытырық байланысып жатады. Мысалы, экономика мен әлеуметтік сала арасындағы байланыстар өте тығыз. Экономика дамымай, бірде-бір әлеуметтік мәселелерді толыққанды шешу мүмкін емес. Сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау т.с.с. әлеуметтік мәселелер биік деңгейде шешілмесе, өндірісті дамыту, жаңа технологияларды өмірге енгізу де қиынға соғады. Ал оларды бір-бірімен байланыстыру саясатпен тығыз байланысты.

Қоғамның өмір сүруі әр кезеңде өзінше ерекшеленеді, өзінің атауына қарай олар: дәстүрлі, орталықтандырылған, нарықтық, аралас болып бөлінеді. Өзінің атауынан көрініп тұрғандай, дәстүрлі экономика ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын дәстүрге негізделген. Ондай қоғамның даму қарқыны төмен. Бұл ондағы қажеттіліктер өсуінің өте төмен болуымен байланысты. Дәстүрлі қоғам шамалы ғана өзгерістерімен қайталанып отырады. Үлгісі бойынша дәстүрлі қоғамдардың негізгі міндеті біріншілік қажеттіліктерді қанағаттандыру болып саналады, сондықтан да оларда азық-түлік өндірісі басымдыққа ие болады. Бұл сипаттамалардың бәрі индустриялық революцияға дейін өмір сүрген ежелгі аграрлық қоғамға тән. Қазіргі кезде бұндай қоғам түрлері нашар дамыған елдерде кездеседі.

Өндіріс құралдарының дамуымен бұл міндет біртіндеп екінші қатарға шегінді. Өйткені бүгінгі күні халықтың ауылшаруашылығымен айналысатын 7 пайызында тиісті техника, тыңайтқыштар, өнімді сақтау мен қайта өңдеу технологиясы болғанда жердегі барлық халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мүмкін болып есептеледі. Қазіргі заманда бірінші қатарға өнеркәсіп шығарылды. Еңбектің дамыған және үдемелі ұйымы, автоматтандыру мен тауарлардың жаппай өндірісі тән индустриялық қоғамға өткеннен кейін экономикалық жүйенің үш: орталықтандырылған, нарықтық немесе аралас түрлері өмір сүреді. Осылайша, экономиканың бұл түрлері дамыған өнеркәсіпке негізделген индустриялық қоғамды сипаттайды.

Нарықтық экономика – нені, қалай және кімдер үшін өндіру туралы мәселелер бәсекеге негізделген, нарық арқылы шешілетін, экономикалық жүйе. Нарық қандай да бір тауарға деген сұраныс пен ұсыныстың өзара әрекеттістігі нәтижесінде қалыптасқан бағалармен реттеледі. Нақ осы бағалар нені өндіру, қандай ресурстарды пайдалану, қандайларынан бас тарту керек екенін көрсетеді. Нарықтық экономиканың қалыпты жұмыс істеуі үшін өндіріс құралдарына деген жекеменшіктің болуы қажет.

Жекеменшік еңбек өнімділігін арттырып, өндірісті жетілдіруде жаңа уәждемелер қалыптастырады. Өндірушілер мен меншік иелерінде өздеріне тиісті неғұрлым тиімді орналастыру мен пайдалануға деген жеке мүдделік пайда болады. Ол әртүрлі тәсілдермен орындалады. Атап айтқанда, жұмысшылар – көп айлық табуға, ақша капиталының иелері – көп пайыз алуға, кәсіпкерлер – көп табыс алуға, тұтынушылар – төменгі бағаға көбірек тауар сатып алуға ұмтылады. XX ғасырда нақ осы нарықтық экономика неғұрлым кең таралды. Өзінің тиімділігіне қарамастан, нарықтық экономикаға бірқатар жағымсыз сипаттама да тән.

Нарықтық экономикада ресурстарды ұтымсыз пайдалану кезінде әлеуметтік теңсіздік пен тұрақсыздық, жұмыссыздық т.б. көрініс береді. Осыған байланысты кейбір елдерде экономиканы реттеу үшін орталықтандырылған экономикалық жүйеге өтуге әрекеттер жасалды. Жоспарлы экономикалық жүйеде өндіріс құрал-жабдықтарына қоғамдық меншік үстемдік етеді, өндірісті жоспарлау бүкіл қоғам мүдделерін есепке алу негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Заманауи жағдайларда мемлекеттік басқару басқа мақсаттар: денсаулық сақтаудағы, білім берудегі, табысы аздарды қолдаудағы және т.б. қоғамдық қажеттіліктерді қамтамасыз етеді.

Сондықтан да заманауи, дамыған қоғамдардың көпшілігінде нарық пен орталықтандырылған басқарудың артықшылықтары әртүрлі дәрежеде үйлесетін аралас экономика өмір сүреді. Осының арқасында жоспарлы саясат қоршаған ортаны қорғауды ұйымдастырады, дамыған елдердің көпшілігінде мемлекеттік қолдаудың арқасында ғана іргелі ғылыми зерттеулер өткізіледі.

ХХ ғасырдың екінші жартысында бірқатар жетекші зерттеушілердің еңбектерінде постиндустриялы қоғам («пост» сөзі кейінгі деген мағынаны білдіреді) тұғырнамасы қалыптасты.

Индустриялық қоғамнан кейінгі қоғамдық дамудың жаңа сатысы осылай атала бастады, мұнда қызмет көрсету, жаппай коммуникация, ақпарат салалары жетекші рөлге ие болады. Дамудың бұл кезеңінде бірінші қатарға ауылшаруашылығы да, өнеркәсіп те емес, білім мен ғылым шығарылады.

Қазіргі кезде еңбектің сипаты өзгеріп жатыр. Өндіріс «адамсыз» өндіріске айналып, онда автоматтар, компьютерлер, роботтар пайдаланылады.

Постиндустриялық қоғам қоғамның елеулі бөлігі үшін еңбек үдерісінің шығармашылық қызметке, адамның жеке тұлғасының даму құралына айналуына байланысты құрылады. Мұндай қоғамның негізгі міндеті адам қабілеттерін дамыту.

Сонымен экономика саласы адамның күнделікті өмірдегі қажеттіліктерін қамтамасыз етеді. Бұл қоғамның өмір сүруінің негізгі факторы болса да, оның тек бір жағы ғана. Екінші жағы – сол адамның өзін нақтылы тарихи қалыптасқан өмірге сай етіп өсіру, ұрпақ өмірін жалғастыру, оны әрі қарай дамыту.



Сұрақтар
  1. Грек тілінен аударғанда “Экономика” сөзінің мағынасы

  2. Нарықтық экономика

  3. Ұсыныс пен сұраныс экономиканың қай элементіне жататынын көрсетіңіз.

  4. Серіктестік қатысушылары оның міндеттері бойынша жауап бермейді. Олар қосқан үлестерінің құны шегінде серіктестік қызметімен байланысты шығындарды көтереді. Бұл серіктестіктің қай түрі?

  5. Тауарларды өндіруге және айналымға байланысты қаржының жұмсалуы

  6. Ұқсас алмастырушысы жоқ тауарды нарыққа жалғыз жеткізуші болатын және өз тауарының бағасына әсер ете алатын нарықтың құрылымы

  7. Жетілген бәсеке нарығының негізгі белгілері

  8. Экономикалық өсудің интенсивті үлгісіне жататын белгілер

  9. Экономикалық өсудің экстенсивті үлгісіне жататын белгілер

  10. Азаматтық қоғамның экономикалық саласына жататындар

  11. Коммерциялық заңды тұлғаларға

  12. Бағаның өсуі мен ұлттық валютаның құнсыздануы

  13. Бір жылдың ішіндегі экономикалық белсенділік деңгейіндегі өзгерістерге байланысты жұмыссыздық

  14. Елдегі өндірісте қайталанатын құлдыраудан туындайтын жұмыссыздық

  15. Жаңа жұмыс орнын іздеуге байланысты жұмыссыздық түрі

  16. Жұмыссыздардың біліктілігі мен бос орындар талабының арасында сәйкессіздік пайда болуына жағдай жасайтын жұмыссыздық

Қате туралы хабарландыру