Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Әлеуметтану ғылым ретінде

Конспект

Дәйектілікпен білім қалыптастыру мақсатында әр ғылымға кіріспе жасалынады. Социология ғылымын жете түсіну үшін ең алдымен оның қандай тарихи даму жолдарынан өткенін білуміз керек. Егер де тарихтың тағылымы ескерілмесе, қоғамның, жеке тұлғаның, оның әлеуметтік топтары мен ұйымдарының күш-қуаты үнемделмей, уақыт пен қорлар ысырапқа ұшырайды, әлеуметтік қатынастар шиеленісіп, жалпы даму тежеледі.

Әлеуметтану ғылымының шығуы мен қалыптасуы бүкіл қоғамдық ғылымдардың даму барысымен тығыз байланысты. Мыңдаған жыл бұрын адамзаттың дүние мен қоғам жөнінде жинақтаған тұжырымдар мен пікірлері ғылыми салаға бөлінбей біртұтас философиялық ілім ретінде қалыптаса бастады. Ол кезде арнаулы ғылыми орталыққа білікті мамандар жоқ еді. Өте дарынды жеке тұлғалар көбіне дін ошақтарында, философия, астрономия, математика ғылымдарының негіздерін тікелей тәжірибелік сұраныстарға лайықтап дамыта бастаған болатын. Бастапқы социологиялық түсініктердің сол кезде қалыптаса бастағанымен, қоғам туралы білім негіздері тек қана философия қойнауында дамуға мүмкіндік алды. Бірақ дүние, қоғам дамуы туралы білімдердің бірте-бірте әртүрлі қырынан қаралуы толығып, мазмұндалып, біртұтас философиялық ой-толғаулардан уақыт озған сайын дараланып, логика психология, педагогика т.б. шыға бастады. Соңғылары қатарында социология ғылымы да 20 ғасырдың бірінші жартысында жеке отау тікті. Бұл түсінікті де, себебі адамдар өздері өмір сүріп отырған қоғамдық қатынастардың, қоғамдық құбылыстар мен үдерістердің негізінде не жатқанын, әлеуметтік өмірдегі өздерінің орнын, нендей міндет атқаратынын түсініп, ұғынғысы келеді.

Сөйтіп, әр заманда адамның қоғамда пайда болған қатынастары, әлеуметтік үдерістер адамның ойын мазалап келген. Адам өз қоғамының әлеуметтік қатынастарының, әрекеттерінің, қоғамдық құбылыстардың негізінде жатқан тетіктерін, әлеуметтік өмірінде адамның атқаратын қызметі мен орнын анықтап, түсініп алғысы келді. Қоғам өмірін танудың терең тарихи тамырлары бар. Ал социологиялық білім қоғамдық құбылыстардың ғылыми ойда зерделенуі, ұғынылуы тарихында сапалы жаңа кезеңі болып табылады. Социология аясында пайда болған әлеуметтанулық көзқарас өзгеше бір түрде қазіргі адамзат өркениетінің маңызды өзгешіліктерін жан-жақты алып көрсетіп бере алады. Қазіргі жаһандану үдерістерінің тереңдеуі жағдайында бүкіл адамзаттың ортақ құндылықтарын кеңінен тарату және оны әр адамға дарыту мақсаты тұр. Бүгінгі күнде діни қарама-қарсылықтар негізінде лаңкестіктің барған сайын күшеюі дүниежүзілік қауымдастықтың алаңдаушылығын тудырды. Осы сияқты көптеген әлеуметтік мәселені дұрыс шешуде әлеуметтанудың ықпалы зор.

Социология қазіргі өркениеттің қалыптасуына тікелей ықпал жасады. Адамзаттың қолы жеткен бүгінгі өркениет социологиялық ой-толғаулар мен ізденістердің негізінде туындағаннан, оған тән нәрсе – ол социологиялық білімнің әр саласынан хабардар ете алады, оның талаптары мен қабілеттерінің әралуандығына, білімнің дәлелділігіне, рационализм қағидатына, ойлаудың дербестігіне және сыншылдығына аса мән беріледі. Социологиялық білімнің қазіргі жетістіктерін меңгеріп, оны тәжірибеде қолдана білу Қазақстан азаматтарына, әсіресе, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа, еліміздің бүгіні мен болашағына, оның дүниежүзілік осы заманғы шынайы демократиялық өркениетті қауымдастыққа енуін қамтамасыз ете алады, азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекетті қалыптастыруға қызмет етеді. Дегенмен, социология – «Қоғам туралы ілім» ретінде танылғанымен, сауатты адамдардың өзі оны үстірт ұғынады, түпкі мәніне үңіле бермейді. философич мен саясаттанудың көп айырмашылығы барын ұғына алмайды. Түсініктердің көпшілігі әлеуметтанулық білімді нақты социологиялық зерттеулер аясымен шектейді, ал бұл сала – әлеуметтанудың бір ғана бөлшегі, қоғамды танып, түсінудің дерек жинайтын алғашқы баспалдағы іспеттес нәрсе. Жалпылама айтқанда, социология ғылымы қоғам дамуын және құрылымын тәжірибе жүзінде жетілдіруді және жақсартуды көздейді.

Әлеуметтану ғылымы, оның өзгешелігі туралы әңгіме ету оңай шаруа емес. Социологиялық амалдардың қыр-сырын, қасиеттерін ұғыну үшін ең алдымен оның басқа әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардан өзіндік айырмашылықтарын анықтап алу керек. Сонда ғана әлеуметтану пәні айқын көрінеді. Жалпы бір жарым ғасырлық дербес тарихы бар әлеуметтану ғылымы білімдердің арасында көш бастаушы ретінде мойындалған. Әлеуметтану әлеуметтік-гуманитарлық білімдердің қиылысу нүктесінде өзіндік пәнін қалыптастырған, қоғамдық және әлеуметтік ғылымдар үшін фәлсафа қызметін атқарушыға айналды. Осындай қысқа мерзімде социология кең тармақталып, көп деңгейлі, біздің замандастарымыз және қоршаған әлеуметтік шындық пен әлеуметтік орта туралы ақиқатты анықтаушы ғылым, адамдардың социологиялық тұрғыдан ойлау мәдениетін қалыптастыра алатын, әлеуметтің идеялар мен теориялардың дәлелдігіне, нақтылығына ынталарын айқындайтын білімге айналған. Адамдар өздерінің әлеуметтік мәдениетінің, қоғам дамуы туралы білімдерінің қалай қалыптасатынын ойлай ала ма, оны жете түсіне біле ме?

Демек, социологиялық ілім адам қоғамын жүйелі оқытуға бағытталған десек те болады. Оның өзегінде арнайы амал – социологиялық ыңғай жатады. Бергер социологиялық ыңғай – ол жекеден жалпыны көру әдісін қолдану екенін түсіндірген. Яғни, жеке адамның мінез-құлқы арқылы жалпы үлгілері анықталады. Қоғам жеке адамды жалпы үлгілерді ұстануға мәжбүрлейді. Ал әртүрлі қоғамның адамдарын салыстырса, осы қоғамдардың өзгешіліктерін көрсету мүмкін болады.



Сұрақтар
  1. Әлеуметтану дербес ғылым ретінде қалыптасқан ғасыр

  2. Әлеуметтанудың ғылым ретінде негізін салушы

  3. Бихевиоризмнің негізін салушы

  4. Адам мен жануардың мінез-құлқын сыртқы ортаның әсеріне жауап беретін қозғалыстық реакциялардың және содан туындайтын вербальды реакциялардың жиынтығы ретінде түсіндіретін ғылым

  5. Неміс әлеуметтанушысы, түсінуші әлеуметтану және әлеуметтік әрекет теориясының негізін салған

  6. Эмиль Дюркгейм деген кім?

  7. Әлеуметтік бақылау функциясы әлеуметтанудың қандай функциясы?

  8. Әлеуметтану құрылымының деңгейлері

  9. О. Конт негізін салған ғылым

  10. «Позитивті философия» еңбегінің авторы

  11. «Діни өмірдің элементар формалары» еңбегінің авторы

  12. Формалды әлеуметтанудың негізін салушы философ және социолог

  13. Макс Вебер

  14. Георг Зиммель

  15. Әлеуметтанушы және философ, әлеуметтанудың француз ұлттық мектебін жасаушы

Қате туралы хабарландыру