Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Қазақ жүздерінің шығуы

Конспект

«Жүз» ұғымының мәні толық ашылған жоқ. Біраз зерттеуші қазақтың «жүз» деген сөзін арабтың «джуз», яғни «бір нәрсенің басты бөлігі», «тармақ» деген сөзімен сәйкестендіреді.

XVIII ғ. дейін жүздердің қалыптасуы аяқталды. Жүздерде адамдарды ру-тайпалық қауымдастыққа бөлу сақталды: тайпалар мен рулардың (жүздерді құраған) өз басқарушылары болды (билер, батырлар), яғни билеушілер сол рудан болуы керек еді. Тайпалар мен рулар тек этникалық форма болып қана қойған жоқ, сонымен қоса оның мүшелерінің шаруашылық-саяси қауымдастығы да болып саналды.

Ұлы жүз Қазақстанның қазіргі үш облысының – Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының жерін қамтыды. Негізін қалаған рулар: үйсін, қаңлы, дулат, жалайыр, албан, суан, шапырашты т.б. Осы тайпалардың көпшілігі моңғолдарға дейінгі кезеңде белгілі болған, олардың өздерінің әскери-саяси одағы және хандығы болды немесе олар басқа тайпалармен бірігіп одақ құрып отырды. Ұлы жүзді жинақтап айтқанда үйсіндер деп атайды.

Орта жүз Орталық және Солтүстік-шығыс Қазақстан жерін мекендеген. Орта жүздің шегарасы Арал теңізі мен Торғай өзенінен бастап, шығыста Ертіске, Алтай, Тарбағатай тауларына дейін, оңтүстік шегарасы Сырдария, Шу өзендері, Балқаш көліне дейін, солтүстік шегарасы осы күнгі Омбы, Түмен облыстарына дейін барады. Осы кең далада Орта жүздің негізгі тайпалары – қыпшақтар, арғындар, наймандар, керейлер, қоңыраттар өмір сүрді. Керей, найман, қоңырат тайпаларының моңғол шапқыншылығына дейін де автономиялы саяси одақтары болған.

Қазақ халқының пайда болуында басты рөлдің бірін қыпшақтар атқарды. Бұл атпен көптеген ғасырлар бойында Ертіс пен Дон (Дешті Қыпшақ) аралығында көшіп-қонып жүрген тайпалар аталған. Арғындар басқа тайпаларға қарағанда кеш пайда болған, бірақ олардың аты Орта жүздің синонимына айналды. Қоңырат тайпасы ХІХ ғ. басында Орта жүзден бөлініп Бұқара, Қоқан хандықтарының ықпалына түсіп, сөйтіп өзбек руларымен көршілес өмір сүреді. 

Жүздерге бөлу тегі тайпалар арасындағы қатынастарды реттеу үшін ағалық (үлкендік) және кішілік сыйластық, құрмет тұтуға байланысты пайда болуы тиіс. Тұрмыстық және қоғамдық өзара қатынастарда да қазақ рулары осы тәртіп бойынша бөлінген.

XVI ғ. қазақ қоғамының феодализмге қарай дамуы бай және беделді ру аристократтарын (билер, батырлар) өмірге әкелді, олар өздерінің үстемдігін салт-дәстүр арқылы, ал артықшылықтарын әдеттегі құқық нормаларымен көрсетіп отырды. Осы үстемдік етуші топ аға хан мен сұлтандардың күшеюіне жол бермеуге тырысты, сөйтіп саяси бытыраңқылық, ұсақтық саясатын жүргізді. Жүздердің құрылуы осы рулық аристократияның саяси және экономикалық мақсаттарына сай келді. 

Хандықтың әскери қуатының әлсіреуі, әскери-саяси одақтың (тайпалар тарапынан) о бастан-ақ нашар болуы қазақ хандығының бірнеше бөлікке бөлінуіне, яғни жүздердің құрылуына (пайда болуына), кейіннен олардың автономиялы аудандарға айналуына жағдай туғызды. Жер көлемі кең, бір орталықтан басқару мүмкін емес болатын Қазақ хандығында бірнеше ханның болуын, аға ханның институты болуын, ру басшылары съезінің болуын осымен ғана түсіндіруге болады.

Бұл туралы елбасымыз: «Қазақ ұлысының құрылу үрдісі этникалық аумақтың қалыптасуымен және этносаяси, шаруашылық, табиғи, табиғи-географиялық жағдайларға орай үш этноаумақтық бірлестік – Ұлы, Орта, Кіші жүздердің құрылуымен қатар жүзеге асты» деп атап кеткен болатын.  

Жүздердің шығуы туралы ғалымдардың пікірлері:

Ш.Ш. Уәлиханов: «Алтын Орда мемлекетінің ыдырауы кезінде қазақтар өздері көшіп жүретін жерлердегі өз құқықтарын қамтамасыз ету үшін үлкен одақтар құрған».

Н.А. Аристов: «Жүздердің бірігуі жоңғар шапқыншылығы кезінде жүзеге асқан».

В.В. Бартольд: «Қазақ жүздерінің пайда болуына географиялық факторлар әсер етті, табиғи-географиялық жағдайға икемделу және аумақтық оқшаулану жүздердің мәдени-шаруашылық ерекшеліктерін қалыптастырады».

М.П. Вяткин В.В. Бартольдпен келісе отырып «жекелеген ордалар ерекше саяси одақтар ретінде XVI ғасырдың соңынды қалыптасты» дейді.

С. Аманжолов: «Қазақ елі, жері үш жүзге моңғолдарға дейінгі кезеңде – X-XII ғасырларда бөлінді» деп есептейді.

 

Тезистер

  • «Жүз» ұғымының мәні толық ашылған жоқ. Біраз зерттеуші қазақтың «жүз» деген сөзін арабтың «джуз», яғни «бір нәрсенің басты бөлігі», «тармақ» деген сөзімен сәйкестендіреді.
  • XVIII ғ. дейін жүздердің қалыптасуы аяқталды. 
  • Жүздерде адамдарды ру-тайпалық қауымдастыққа бөлу сақталды.
  • Ұлы жүз Қазақстанның қазіргі үш облысының – Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарын мекендеді.
  • Негізін қалаған рулар: үйсін, қаңғлы, дулат, жалайыр, албан, суан, шапырашты т.б.
  • Ұлы жүз Орталық және Солтүстік-шығыс Қазақстан жерін мекендеген.
  • Орта жүз – негізінен Орталық және Солтүстік-шығыс Қазақстан жерін қамтыған. Орта жүздің шегарасы Арал теңізі мен Торғай өзенінен бастап, шығыста Ертіске, Алтай, Тарбағатай тауларына дейін, оңтүстік шегарасы Сырдария, Шу өзендері, Балқаш көліне дейін, солтүстігі осы күнгі Омбы, Түмен облыстарына дейін барады. 
  • Осы кең далада Орта жүздің негізгі тайпалары – қыпшақтар, арғындар, наймандар, керейлер, қоныраттар өмір сүрді.
  • Қазақ халқының пайда болуында басты рөлдің бірін қыпшақтар атқарды.
  • XVI ғ. қазақ қоғамының феодализмге қарай дамуы бай және беделді ру аристократтарын (билер, батырлар) өмірге әкелді, олар аға хан мен сұлтандардың күшеюіне жол бермеуге тырысты, саяси бытыраңқылық, ұсақтық саясатын жүргізді.
  • Жүздердің құрылуы осы рулық аристократияның саяси және экономикалық мақсаттарына сай келді. 
  • Хандықтың әскери қуатының әлсіреуі, әскери-саяси одақтың (тайпалар тарапынан) о баста-ақ нашар болуы, қазақ хандығының бірнеше бөлікке бөлінуіне, яғни жүздердің құрылуына жағдай туғызды.
  • Бұл туралы елбасымыз: «Қазақ ұлысының құрылу үрдісі этникалық аумақтың қалыптасуымен және этносаяси, шаруашылық, табиғи, табиғи-географиялық жағдайларға орай үш этноаумақтық бірлестік – Ұлы, Орта, Кіші жүздердің құрылуымен қатар жүзеге асты» деп атап кеткен болатын.  
  • Ш.Ш. Уәлиханов: «Алтын Орда мемлекетінің ыдырауы кезінде қазақтар өздері көшіп жүретін жерлердегі өз құқықтарын қамтамасыз ету үшін үлкен одақтар құрған».
  • Н.А. Аристов: «Жүздердің бірігуі жоңғар шапқыншылығы кезінде шыққан».
  • В.В. Бартольд: «Қазақ жүздерінің пайда болуына географиялық факторлар әсер етті, табиғи-географиялық жағдайға икемделу және аумақтық оқшаулану жүздердің мәдени-шаруашылық ерекшеліктерін қалыптастырды».
  • М.П. Вяткин В.В. Бартольдпен келісе отырып «жекелеген ордалар ерекше саяси одақтар ретінде XVI ғасырдың соңынды қалыптасты» дейді.
  • С. Аманжолов: «Қазақ елі, жері үш жүзге моңғолдарға дейінгі кезеңде – X-XII ғасырларда бөлінді» деп есептейді.


Қате туралы хабарландыру