Толық ҰБТ тапсыру
Қазақша

iTest қолданбасын жүктеп алу

Мектеп емтихандарына ыңғайлырақ форматта дайындалыңыз

Қасым ханның ішкі және сыртқы саясаты

Конспект

Қазақ хандығының құрылуы мен нығаюы ішкі феодалдық қырқыстарға нүкте қойып, үнемі ер өліп, өріс бұзылып отыратын тайпалық талас-тартыстарға тыйым салды. Ел ішінде бейбіт заман орнады. Бұл жағдай көшпелі шаруалардың бұрыннан қалыптасқан мал жайылымдарын мерзім бойынша тиімді пайдалануға, дер кезінде өріс-қоныс, жайлау-қыстауларына көшіп-қонуға, бейбіт өмір өткізіп, өндіріспен шұғылдануға жағдай туғызды.

Бұрындық хан Самарқанға кетуге мәжбүр болып, жат елде қаза болған соң Қасым хан билікті өз қолына алды. 1511 жылы Қасым хан билікке қол жеткізгеннен кейін Қазақ хандығы Қасым хандығы деп атала бастады. Қасым хан тұсында Қазақ хандығы саяси ықпалын күшейтіп, ірі және қуатты хандыққа айналды. Қасым хандығының аумағы батыста Сырдарияның оңтүстік жағалауларына дейін, оңтүстік-батысында Түркістан қалаларына дейін, оңтүстік-шығысында Жетісудың солтүстік бөлігінің таулары мен таулы бөктерлеріне дейін созылып жатты. Кейбір мәліметтер бойынша Қасым хан тұсында Қазақ хандығының шегарасы солтүстік-шығыста Ұлытау қыраттары мен Балқаш көлінің жағалауын қамтып, ал солтүстік-батыста Жайық өзеніне дейін жеткен. Қасым хан тұсында Қазақ хандығы халқының саны бір миллионнан асқан.

Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси жағдайы Қасым ханның (1511-1523 жж.) тұсында нығайды. Оның сыртқы саясатындағы негізгі бағыт бұрынғыша Сырдария бойындағы қалаларды өзіне қаратып алу жолындағы күрес болды. Осы арқылы өзіне қарасты қазақ жерін кеңейте түсті. «Тарих-и-Рашиди», «Шайбани», т.б. деректемелердегі мәліметтерге қарағанда қазақтардың этникалық территориясының негізгі аудандары қазақ хандығына Қасым хан тұсында біріктірілген.

XVІ ғасырдың екінші он жылдығында Қасым хан ұлан-байтақ қазақ территориясын өз қол астына толық қаратты. Бұл кезде хандықтың шегарасы оңтүстікте Сырдария алабын қамтып, Түркістан аймағындағы қалаларды басып алды. Оңтүстік-шығыста оған Жетісу жерінің дені (Шу, Қаратал, Іле өзендерінің алабы) қарады. Солтүстік және солтүстік-шығыстағы территориясы Ұлытау өңірі мен Балқаш көлінен асып, Қарқаралы тау сілемдеріне дейін жетті, солтүстік-батысында Жайық өзенінің алабын қамтыды. Қасым ханның батыстағы иеліктері де ұлғая түсті.

Ноғай Ордасы бұл кезде ауыр дағдарысты басынан өткізіп жатқан еді. Ру басшылары, мырзалар, билер билік үшін өзара қырқысумен болды. Әбден қалжыраған Ноғай Ордасы рулары мен тайпаларының бір бөлігі қазақ хандары мен сұлтандарының билігіне бағынып, қазақ хандығына көшіп келді.

Қазақ хандығының нығаюы және оның күшеюі мемлекеттің беделін арттырды, хандық сыртқы саясат пен дипломатиялық қарым-қатынас саласында белгілі бір табыстарға қол жеткізді. Қасым ханның тұсында Орта Азия, Еділ бойы, Сібір хандығымен және Орыс мемлекетімен сауда-саттық және елшілік қарым-қатынас орнады.

Қазақ хандығымен дипломатиялық байланыс орнатқан алғашқы мемлекеттердің бірі князь III Василий (1505-1533 жж.) билік жүргізген кездегі Мәскеу мемлекеті болды. Қасым хан тұсында қазақтар өз алдына дербес халық ретінде Еуропаға мәлім болды.

Қасым ханның ішкі саясаты:

Қасым хан сыртқы саясатпен бірге ішкі саясатты да дұрыс жолға қоя білді. Ол феодал ақсүйектердің қарсылығын әлсіретіп, мемлекеттің саяси, экономикалық, әскери қуатын арттырды. Қасым хан мемлекеттің саяси құрылымын нығайту жолында біраз шара жүзеге асырды. Оның тұсында мемлекеттің ең жоғарғы заң шығарушы органы болған мәслихаттың – сұлтандар мен ру басшыларының съезі болды.

Мәслихат жылына бір рет шақырылып, мемлекеттің ең маңызды –  соғыс жариялау, бітім жасау, жайылым жерлерді бөлісу, көшіп-қону жолдарын айқындау сияқты мәселерін қарастырды. Мәслихаттың Шыңғыс хан әулетінен хан сайлау құқығы болды. Мәслихат жұмысына тек ерлер ғана қатыса алды.

Мемлекеттегі бүкіл билік хан қолында болды, сонымен бірге ханның заң қабылдау, жарлық беріп отыруға құқығы болды. Ханның жанында неғұрлым беделді билер мен қауым өкілдерінен тұратын кеңесші ұйым – Билер кеңесі болды. Ханның іс-қағаздарын жүргізіп отыратын хатшылары мен кеңсесі болды. Бірақ мемлекеттің орталық аппаратының тұрақты бір жерде жұмыс істейтін орны болған жоқ, сондықтан ханмен бірге көшіп-қонып жүрді.

Қасым хан өзі билік жүргізген жылдары қазақ қоғамындағы құқықтық нормаларды реттеу мақсатымен алғашқы қазақ заңы «Қасқа жолды» жарыққа шығарды. Бұл заң қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдеп-ғұрып ережелері негізінде жасалды. Бұл заң сол кезде мұсылман елдерінде жаппай қолданылып жүрген ислам діні (шариғат) заңынан өзгеше, көшпелі қазақ өмірімен үйлесімді заң болды. Қасым хан Билер кеңесінде көппен ақылдасып, Жарғы ережелеріне («ақсақалдар ережесі», «ата-баба жолы», «жөн-жосықтар») мәнді өзгерістер енгізеді. Халық Қасым ханның ежелден қалыптасқан билер заңы болған жарғыны қайтадан жаңғыртқанын ұнатып, оны «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кеткен. Қасым хан ел басқару ісін бір жүйеге келтірген алғашқы заң жинағын дүниеге әкелді.

 

Ханның бұрынғы заң-қағидаларға енгізген ережелері:

  1. Мүлік заңы (мал-мүлік, жер-су, қоныс дауларын шешу ережелері).

  2. Қылмыс заңы (кісі өлімі, ел шабу, мал ұрлау, ұрлық т.б. үшін қолданылатын жазалар).

  3. Әскери заң (қосын құру, аламан міндеті, қара қазан, тұлпар ат, ердің құны т.б.).

  4. Елшілік жоралары (шешендік, әдептілік, халықаралық қатынастардағы сыпайлық, сөйлеу мәнері).

  5. Жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас-той, мерекелер мен жиындардағы ережелер, жылу, асар т.б.).

Қасым ханның қазақ хандығын күшейту, қазақ тайпаларын және қазақтардың этникалық территориясын біріктіру жолындағы жеңістері елдің ішкі және сыртқы беделін арттырып, оның атақ-даңқын асыра түсті. Әйгілі тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарихи-Рашиди» атты еңбегінде: «Қазақ хандары мен сұлтандары арасында Қасым хандай құдіретті ешкім болған емес. Бұрындықты тіпті ешкім де елең қылған жоқ» дейді.

Сонымен Қасым хан тұсында қазақ хандығының саяси-экономикалық жағдайы нығайды. Оның тұсында қазақтар өз алдына дербес халық ретінде Батыс Еуропаға, Ресейге мәлім болды. Ресеймен дипломатиялық байланыс жасалды. Мұхаммед Хайдар Дулатидың жазбалары бойынша Қасым хан 1518 жылы қайтыс болған. Ал Тахир Мұхаммед өзінің «Раузат-ат Тарихирин» атты еңбегінде Қасым ханның қайтыс болған уақыты 1523-24 жылдар деп көрсетеді. Қадырғали Жалайыридың мәліметі бойынша Қасым хан Сарайшық қаласында дүние салған.

 

Тезистер

  • Қазақ хандығының құрылуы мен нығаюы ішкі феодалдық қырқыстарды аяқтап, тайпалық талас-тартыстарға тыйым салды. Ел ішінде бейбіт өмір орнады.
  • 1511 жылы Қасым хан билікке қол жеткізгеннен кейін Қазақ хандығы Қасым хандығы деп атала бастады.
  • Қасым хан тұсында Қазақ хандығы саяси ықпалын күшейтіп, ірі және қуатты хандыққа айналды. Қасым хандығының аумағы батыста Сырдарияның оңтүстік жағалауларына дейін, оңтүстік-батысында Түркістан қалаларына дейін, оңтүстік-шығысында Жетісудың солтүстік бөлігінің таулары мен таулы бөктерлеріне дейін созылып жатты.
  • Қасым ханның қол астына қараған халықтың саны 1 миллион адамға жеткен.
  • Қасым ханның тұсында Орта Азия, Еділ бойы, Сібір хандығымен және Орыс мемлекетімен сауда-саттық және елшілік қарым-қатынас орнатты.
  • Қазақ хандығымен дипломатиялық байланыс орнатқан алғашқы мемлекеттердің бірі князь III Василий (1505-1533 жж.) билік жүргізген кездегі Мәскеу мемлекеті болды.
  • Қасым хан тұсында қазақтар өз алдына дербес халық ретінде Еуропаға мәлім болды.
  • Ол феодал ақсүйектердің қарсылығын әлсіретіп, мемлекеттің саяси, экономикалық, әскери қуатын арттырды. Оның тұсында мемлекеттің ең жоғарғы заң шығарушы органы Мәслихат  – сұлтандар мен ру басшыларының съезі болды.
  • Мәслихат жылына бір рет шақырылып, мемлекеттің ең маңызды – соғыс жариялау, бітім жасау, жайылым жерлерді бөлісу, көшіп-қону жолдарын айқындау сияқты мәселелеін қарастырды.
  • Мәслихаттың Шыңғыс хан әулетінен хан сайлау құқығы болды. Мәслихат жұмысына тек ерлер ғана қатыса алды.
  • Мемлекеттегі бүкіл билік хан қолында болды, сонымен бірге оның заң қабылдау, жарлық беру құқығы болды.
  • Ханның жанына неғұрлым беделді билер мен қауым өкілдерінен тұратын кеңесші ұйым – Билер кеңесі болды.
  • Қасым хан өзі билік жүргізген жылдары қазақ қоғамындағы құқықтық нормаларды реттеу мақсатымен алғашқы қазақ заңы болған «Қасқа жолды» жарыққа шығарды.
  • Бұл заң қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдеп-ғұрып ережелері негізінде жасалды.
  • Халық Қасым ханның ежелден қалыптасқан билер заңы болған жарғыны қайтадан жаңғыртқанын ұнатып, оны «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кеткен.
  • Мұхаммед Хайдар Дулатидың жазбалары бойынша Қасым хан 1518 жылы қайтыс болған. Ал Тахир Мұхаммед өзінің «Раузат-ат Тарихирин» атты еңбегінде Қасым ханның қайтыс болған уақыты 1523-1524 жылдар деп көрсетеді.
  • Қадырғали Жалайыридың мәліметі бойынша Қасым хан Сарайшық қаласында дүние салған.


Қате туралы хабарландыру